3 жастағы баланың салмағы 52 келіге жетті
3 жастағы баланың салмағы 52 келіге жетті
180
оқылды

“Астарлы ақиқат” бағдарламасына Алматы облысының тұрғыны Ерлік Нышанмолдаев “Баламды аман алып қалыңдаршы” деп көмек сұрап барыпты.

Оның айтуынша, кенже ұлы семіздік дертіне шалдыққан. Туғанда үш жарым келі болған сәби бір жасында – 20, екі жаста – 30, үшке келгенде 52 келіге толысқан.

Нұрәли – 3 жаста, салмағы –  52 келі. Бойы – 100 см.  Ата-анасының айтуынша, баланың асқа деген тәбеті зор. Егер тамақты аз берсе, көгеріп жылап, тыныс ала алмай қалады.

“Оған үлкендердің киімін аламыз. Маған шақ киімдерді киеді.  Диета сақтап көрдік. Оған шыдамайды. Сұраған нәрсесін бермесем, жылайды. Көгеріп жылағанда талып қала ма деп қорқамыз. Тойғанын білмейді. 5 минут сайын қарны ашып тұрады. Диеталық тағамдарды жемеймін деп жылайды. Тәттіні көп жейді”, – деді анасы Нағима. Тіпті, қазір бала анасына бағынбайды, әкесіне аздап көнеді екен. Алайда оның бір жерден бір жерге баруы қиын. Сондықтан әкесі өзі көтеріп апарады екен.

“Менің өз салмағым – 58 келі. Баламдікі – 52 келі. Оны көтеріп жүру қиын. Бірақ, амал жоқ, балам болған соң көнемін. Өзі көп жүрмейді. Шаршап қалады. Дем жетпей қалады. Жүрегін май баса бастаған. Басқа балаларға ілесе алмайды. Оның денсаулығына уайымдаймын. Емделіп кетсе екен деймін”, – деді әкесі.  

Дәрігерлер балаға нақты диагноз қоя алмапты. Олардың сөзінше, кішкентай Нұрәлидің жүрегін май басқан. Өкпесінде демікпе бар екен. Ал эндокринолог маман Нұрәлидің семіздіктің үшінші, соңғы дәрежесіне жеткенін айтты. Ендігі уақытта Нұрәли Алматы теміржол ауруханасы мамандардың бақылауында болмақ.