Суға батқан қызды құтқарып қалған Рақымжан
Суға батқан қызды құтқарып қалған Рақымжан
152
оқылды
Киелі өңір Түркістан облысында ерлік, батырлық ісімен халықтың алғысына бөленіп жүрген тәртіп сақшылары аз емес. Солардың бірі Отырар аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді.  Ол Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Ақорданың төрінде марапатталған, нағыз ерлік көрсеткендерге ғана берілетін мемлекеттік марапат “Ерлігі үшін” төсбелгісін алған, – деп жазады Polisia.kz. 2019 жылдың сәуір айында Отырар ауданын кесіп өтетін Арыс өзенінен суға батып бара жатқан қыз туралы шұғыл хабарлама Отырар аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне таңғы сағат 6.00 шамасында түсті. Хабарлама түскен сәтте полицейлер жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабар берді. Хабарды алғашқы болып қабылдаған Рақымжан Ниязбекұлы оқиға орнына небәрі бірнеше минутта бірінші болып жетті. Өзен бойына келген бетте суға ағып бара жатқан шарасыз бойжеткенді көріп, үстіндегі киімімен суға түсіп кетті. Күн суық, қардың ызғары әлі де басыла қоймаған кез. Арнасы суға толған өзен  суының қатты ағысына берілмей полицей бойжеткенге судан аман-есен алып шықты. Жағада күтіп тұрған жедел жәрдем бригадасы бірден қызды орталық емханаға жеткізіп, жан сақтау бөліміне жатқызды. Дәрігерлердің шұғыл көмегінің арқасында, бірнеше күннен соң қыз палатаға ауысты.
– Мен бұл ісімді ерлік деп есептемеймін. Шұғыл хабарламаны естіген бойда тездетіп суға жетіп, адамды аман алып қалуды ойладым. Себебі адам өмірі біз үшін ең құнды. Өз өмірімізді тәуекелге тіксек те бізден көмек сұраған адамға көмектесуіміз керек. Бойжеткенді құтқара алмай қаламын ба деген оймен, секунд болса да жоғалтпайын деп, киіміммен суға түсіп кеткенім рас. Бірақ ол маған кедергі келтірмеді. Оны мүлде ойламадым да. Себебі бастысы бойжеткен тездетіп жетіп, оны жағаға шығаруды ойладым.
- Су арнасынан асып тұрған соң жағада тұрған басқа да адамдар оған түсуге үрейленді. Ал кейіннен мен жағаға шыққан соң, олар мен үшін қуанып рақметтерін айтып, менің қолымды қысты… Кейіннен қыз палатаға ауыстырылған соң онымен тілдестім. Өз-өзіне қол жұмсамақшы болған екен. Барынша ақылымды айтып, оның бұл іс-әрекетінің қауіпті екенін түсіндірдім. Ол қыз да енді қайталамайтынын айтып, істеген ісіне өкінді, – дейді Рақымжан өз сөзінде.