Қадір түнінде арнайы бағдарлама көрсетіледі
Қадір түнінде арнайы бағдарлама көрсетіледі
Қадір түнінде отандық телеарналар мен "Халық арна", "Хикмет ТВ" және muftyat.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшаларында арнайы бағдарлама көрсетіледі.
Карантинге байланысты Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режимде өтеді. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеді.
"Еліміздегі және әлемдегі көптеген қоғамдық іс-шара мен жиындар онлайн режимде өтіп жатыр. Оның басты себебі пандемиялық жағдайды одан сайын күрделендірмеу екені белгілі. Өйткені жұқпалы дертпен оқшаулану арқылы ғана күресудің маңызы күн сайын артуда. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, қауіпті дерттің таралуын алдын алу үшін қасиетті Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режімде өтетінін хабарлайды", - делінген діни басқарма таратқан ақпаратта.
Дін саласы мамандары Қадір түнін үйде өткізуге шақырды.
"Халықтың денсаулығы мен өмірі бәрінен қымбат құндылық болғандықтан, осындай уақытша шешімді дұрыс қабылдауларыңызды және тәртіпке бағынуларыңызды сұраймыз", – деді басқарма өкілдері.
"Қасиеті мол қадір түні" онлайн бағдарламасында белгілі ғалымдар уағыз-насихат айтады. Сонымен қатар қазақстандықтар діни басқарма жанындағы ақпарат беру орталығынан 8 7172 33 30 30 нөміріне хабарласып, тәулік бойы қызықтырған сауалын қоюына болады. Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталды. Қасиетті ай 12 мамырға дейін жалғасады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.