Су жаңа «Восточка» кешеніндегі жертөле суға толған — Алматы
Су жаңа «Восточка» кешеніндегі жертөле суға толған — Алматы
125
оқылды
Алматыда «7-20-25» бағдарламасымен су жаңа пәтерге қоныстанған жұрт баспананың адам тұрғысыз екенін айтады. «Восточка» тұрғын үй кешеніндегі ғимараттардың жертөлесі суға толған. Тұрғындар үйдің іргетасы сөгіліп, қиранды астында қаламыз ба деп қауіптенеді, - деп хабарлайды КТК арнасы. Бұл аздай, жауын жауса шатырдан су сорғалап, жоғарғы қабаттағы пәтерлерді көл қылады екен. Ауласы астаң-кестең, аяқ алып жүру мүмкін емес. Тұрғындар мұнда қоныс тойын тойлаймыз деп келіп, бармақ тістеп қалған. Пәтерге «7-20-25» бағдарламасымен әрең дегенде қол жеткізіпті. Алайда үйлері сапасыз салынған болып шықты. Әсіресе тұрғындарды жертөледегі жағдай қатты алаңдатады. Онда тобықтан келер су жиналған.
"Осы жердің жерасты суы жақын орналасқан болуы керек. Егер ол су көтерілетін болса, онда үйдің бәріне зақым келеді, іргетасы шіріп кетуі де мүмкін. Көп нәрсе ойластырылмаған. Баланың, қарт кісілердің жағдайы", — дейді Алматы қаласының тұрғыны Бибігүл Атабекова.
Аулада жаңа төселген асфальт опырылып, шұңқырлар пайда болыпты. Ал балалар ойнауы тиіс алаңның түрі адам шошырлық. «Восточкадағы» түйткілді мәселе мұнымен бітпейді.
"Әжетханадан өзінен-өзі нәжістің иісі шығады. Қанша жерден жуып тазаласаң да, нәжістің иісі шығып тұрады. Жасап жатқан құрылғылардың бәрі дұрыс емес сияқты. Шақырсаң, келмейді", — деді Алматы қаласының тұрғыны Самал Жексенова.
Құрылыстың инвесторы аты дардай Samruk-Kazyna Construction компаниясы екен. Олардың бұл үйлерді қалай қабылдап алғаны түсініксіз. Ең қызығы, «бүгін тілшілер келеді» дегенді естіп, коммуналшылар тұрғын үй кешенін дереу жөндеуге кірісіпті. Сөзіне сенсек, құрылыс компаниясы олқылықтарды жақын арада жояды-мыс.
"Құрылыс компаниясы 15 мамырға дейін бәрін қалыпқа келтіруді мойнына алды. Қазір жөндеу жүріп жатыр. Шатырды бітеп, жертөлені ретке келтірудеміз. Жағдай бақылауда", — деді «Восточка» тұрғын-үй кешенін басқарушы компанияның директоры Арыстан Ырысаев.
Тұрғындар құрылыстағы кемшіліктер тез арада жойылса дейді. Ал жағдай осылай жалғаса берсе, пәтерлерінің несиесін төлеп бітпей жатып, үйдің үйіндісі ғана қалуы мүмкін.