Блинкен АҚШ Украинаға "қосымша" әскери көмек беруі мүмкін екенін айтты
Блинкен АҚШ Украинаға "қосымша" әскери көмек беруі мүмкін екенін айтты
105
оқылды

Киевке бір күндік сапармен барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресейді Украинаға қарсы "көзсіз агрессияшыл әрекетін" тоқтатуға шақырды. "Біз сіздерді қолдаймыз... әрі Ресей көзсіз агрессияшыл әрекетін тоқтатады деп үміттенеміз" - деді Блинкин 6 мамырда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу кезінде.

Блинкеннің Киевке қысқа сапары Ресеймен арасы қайта ушыққан Украинаны Ақ үйдің қолдауының белгісі ретінде бағаланды. Зеленскиймен кездесер алдында Блинкен Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаға Вашингтонның екі ел арасындағы әріптестікті "сенімді түрде қуаттайтынын" және Украинаның егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін құрметтейтінін айтты. Өткен айда Ресей Украинамен шекара маңына ондаған мың әскер апарған. Ресей Украинаның Қырым түбегін өзіне қаратып, Донбастағы сепаратистік күштерге қолдау көрсете бастаған 2014 жылдан бері алғаш рет шекараға осынша көп әскер шоғырландырды.
"Ресей Украина шекарасынан біраз әскерін кері әкеткенін білеміз, бірақ онда әлі де біршама күш бар екенін де көріп отырмыз", — деді Блинкен.
Блинкен Украина басылымына берген сұхбатында АҚШ "бұған дейін көрсетілген ауқымды көмектен бөлек, Украинаға қосымша қандай жәрдем керектігін қарастырып жатқанын" мәлімдеді. Киев Вашингтоннан әуе қорғаныс жүйелерін және снайперге қарсы технологияны сұратқан. Оның үстіне Украинада Patriot зымырандарын орналастыру мүмкіндігі туралы да айтылған.