Көкшетауда саяжай маңын тазартпақ болғандардың үйлері өртке оранды. Құрғақ шөптен тұтанған өрт «Целинник» және «Авиатор» саяжай кооперативтеріндегі саяжай учаскелерін өртке ораған.
Алапат өрттен жалпы аумағы 5 гектардан астам саяжай учаскелерін өрт шарпыған.
«Саяжай учаскелеріндегі ірі өртті сөндіруге 8 техника бірлігі, 73 жеке құрам сарбаздары, сонымен қатар Көкшетау техникалық институтының 25 курсанты мен 2 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 4 қызметкері мен 4 техника бірлігі жұмылдырылды. Өкінішке орай өрттен «Авиатор» саяжайының 10 және «Целинник» саяжайларының алтауы жалпы 16 саяжай үйі күлге айналды. Зардап шеккендер болған жоқ», – дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.Өрттің шығу себептері бірқатар сараптама өткізу барысында анықталмақ. Алдын ала болжам бойынша өрт қоқыс пен құрғақ шөпті жағу кезінде шыққан.
«Көкшетау қаласының тұрғындарына әсіресе саяжай иелеріне құрғақ шөптер мен қоқысты жақпауға шақырамын. Салдарынан өрт шығуы әбден мүмкін. Өрттің шығу себептерін анықтау үшін өрт сөндіру-техникалық зерттеу жұмыстары тағайындалды», – дейді Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Әсет Жақсылықов.Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігі туралы ескертеді. Өрт шыққан жағдайда дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне телефон шалу қажет.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы