Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн түрде өтеді
Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн түрде өтеді
111
оқылды
Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режимде өтеді. Бұл жайында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Қадір түніне қатысты мәлімдемесінде.
«Өздеріңізге белгілі, еліміздегі және әлемдегі көптеген қоғамдық іс-шаралар мен жиындар онлайн режимде өтуде. Оның басты себебі, пандемиялық жағдайды одан сайын күрделендірмеу екені белгілі. Өйткені, жұқпалы дертпен оқшаулану арқылы ғана күресудің маңызы күн сайын артуда. Әлемдік тәжірибеде коронавируспен күресудің оқшаулану тәсілі оң нәтижесін беріп жатқанын жақсы білеміз», – делінген мәлімдемеде.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, қауіпті дерттің таралуының алдын алу үшін қасиетті Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режимде өтетінін хабарлады.
«Осы ретте Қадір кешін үйде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Халықтың денсаулығы мен өмірі бәрінен қымбат құндылық болғандықтан, осындай уақытша шешімді дұрыс қабылдауларыңызды және тәртіпке бағынуларыңызды сұраймыз. Әр адам өзінің отбасы мен қоғам алдындағы азаматтық әрі адамгершілік жауапкершілігін терең сезініп, жұқпалы дерттің таралмауына үлес қосса, Алланың жәрдемімен бұл сынақты да еңсереміз. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған. Бұл аят баршамызға өмірлік ғибрат болуы тиіс», – деді басқармадан.