Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр. Ресей Президенті Владимир Путин өзінің құттықтау хатында әкелеріміз бен аталарымыздың, сансыз құрбандардың ерлігін есімізде сақтау, ардагерлерімізге қамқорлық көрсетіп, оларға әрдайым көңіл бөлу біздің ортақ парызымыз деп жазған. Владимир Путин қатал соғыс жылдарында шыңдалған бауырлас достық пен өзара қолдау дәстүрлері Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың сенімді негізі болып табылатынын айтқан. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің жеделхатында 9 мамыр біздің халықтарымыздың жеңімпаз батырлығы мен ерлігін, олардың бейбітшілік, бостандық және өзара ынтымақтастық үшін қаһармандық күресін білдіретін айтулы күн делінген. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров біздің халықтарымыздың өмірінде ерекше орын алатын Жеңіс күні мәңгі ерлік пен бірліктің символы болып қала беретінін атап өткен. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өзінің құттықтауында 9 мамыр мемлекеттеріміздің қазіргі тарихындағы айтулы дата екеніне тоқталып, бұл күні жауға қарсы жанқиярлықпен соғысқан бабаларымыздың көзсіз ерліктерін, батылдығы мен отансүйгіштігін және қайсарлығын еске аламыз деп атап өткен. Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жеделхатында бабаларымыздың ұлы ерлігі мәңгі ұмытылмайтынына және оның екі ел арасындағы достық қатынастар мен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың берік негізі болатынына сенім білдірген. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр сынаққа абыроймен төтеп берген халықтарымыздың достық дәстүрі мен көрсеткен өзара қолдауы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі дамып, нығаюының мықты іргетасы болатынын жеткізген. Беларусь Президенті Александр Лукашенко өз жеделхатында батыр бабалардың рухына тағзым ету олардың ерліктеріне көрсеткен құрметіміз екенін атап өтіп, мұның өзара ынтымақтастықты арттырудың берік негізі болатынын және қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне тиімді төтеп беруге мүмкіндік беретінін айтқан. Армения Президенті Армен Саркисян екі ел халықтарының соғыс кезінде шыңдалған достығы Армения мен Қазақстан арасындағы байланыстарды әрі қарай дамытуға қызмет ете беретініне сенім білдірген. Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян өз құттықтауында ортақ қаһармандарымыздың есімдерін ұлықтау Армения мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты екі халықтың игілігі үшін дамытудың басты бағдары болады деп сенетінін айтқан. Жеңіс күні мерекесіне орай Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев, ТМД Атқару комитетінің төрағасы - Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов және Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин құттықтау жеделхаттарын жолдады. Жеделхаттар әлі де толассыз келіп түсуде.