Ауғаныстан астанасы Кабул қаласындағы қыздарға арналған мектеп жанында жойқын жарылыс болды. Лаңкестік әрекет салдарынан 55 адам көз жұмып, тағы 150-ден астамы зиян шекті. Жарылыс кезінде жарақат алғандардың көбі — оқушы қыздар. Содырлар жарылғыш зат қойылған көлікті қашықтан басқару құралы арқылы жарған. Сондай-ақ, екі зымыранға оқ атылды. Қайғылы оқиға сабақтардың аяқталып, оқушылардың үйге қайтып бара жатқан уақытымен тұспа-тұс келген. Мемлекет басшысы Ашраф Ғани жарылысқа «Талибан» қозғалысын айыптап отыр. Еске салсақ, Ақтөбе облысында тұрғын үйде жарылыс болғаны туралы хабарлаған едік. Салдарынан 7 адам ауруханаға жеткізілді.