Алматыға студенттерді ЖОО басшылары әкелмек болған. Бұл туралы қала әкімі мәслихат сессиясында айтты. Tengrinews.kz-тің жазуынша, бұл жоспарлы іс-шара болған.
«Алматыда ұлыбританиялық және оңтүстікафрикалық штамм бар. Енді үндістандық қалған еді. Жақында бізде Үндістаннан жоспарлы түрде студенттерді әкелгісі келгендер болды. Ол жақтан бәрі қашып жатыр.
Ал біздің кейбір ректорларымыз доллармен ақша табу үшін университетке Үндістаннан студенттер шақырып жүр. Олар бізге үнді штамын әкеледі деп ойлап отырған жоқ. Ешкімге білдіртпей әкелмек болған. Бірақ біз оны тоқтаттық», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұған дейін Алматы әкімі екінші рет карантин жариялауға экономика төтеп бере алмайтынын айтқан еді.