Степногорскте бомба қойылған ба?

Степногорскте бомба қойылған ба?

Степногорск қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 10 мамыр күні күндізгі бірлер шамасында телефон шалған ер адам 5-шағынауданда аялдама ғимаратына мина қойылғанын хабарлаған.

«Полиция қызметкерлері дереу іске кірісіп, шағынауданда жарылғыш зат қойылды деген аялдама аумағын қоршауға алды. Бірақ тексеріс барысында ешқандай жарылғыш мина табылмады. Жедел іздестіру шарасы кезінде полицейлер күдікті 29 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Тергеу амалдары барысында күдікті жігіттің бұған дейін 2019 жылы да осыған ұқсас қылмыс үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 273-бабы Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

 Ақмола облысы