Алматы облысында парапланмен ұшқан екі адам жарық бағанасына соғылып, ауруханаға түсті. Қазір 50 жастағы азаматтың жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
«9 мамыр күні Шамалған ауылының жоғарғы бөлігінде оқыс жағдай болды. Парапланмен ұшқан демалушылар аяқасты ұйытқып соққан желден құрылғыға ие бола алмай, жарық бағанасына соғылды. Парапланда болған екі адамның бірі қазір ауыр жағдайда жатыр, екіншісі жеңіл жарақат алған», – дейді куәгерлер.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1971 жылғы азаматтың жағдайы ауыр.
«9 мамыр күні Қарасай аудандық ауруханасына парапланнан құлаған екі адам түсті. 1971 жылы туған науқастың жағдайы ауыр. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Бірнеше сүйегі сынған. Басынан соққы алған. Ал 2004 жылғы науқас травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Миы шайқалған. Жағдайы орташа. Омыртқасы сынған», – дейді дәрігерлер.