Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман онлайн брифинг барысында коронавирусқа қарсы вакцинацияға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қазір коронавируспен күресте вакцина салу оны жеңудің жалғыз жолы. «Ел тұрғындарына вакцинаның үш түрі салынып жатыр. Бұл мутацияға ұшырап жатқан вирусқа қарсы тиімді нәтиже беруде. Десекте, екпе жақсы нәтиже беру үшін халықтың басым бөлігі егілу керек. Егер жеткілікті түрде доза салынбаса ауруды жеңу қиын болады. Адамдар қаншалықты жылдам вакцина салдырса, соғұрлым тезірек ұжымдық иммунитет қалыптасады. Сондықтан вакцина салдыру коронавируспен күресте өте маңызды болып отыр», - дейді Алмаз Шарман. Сонымен қатар, ол вакцина адамдарға әртүрлі сипатта әсер етіп жатқанына қатысты жауап берді.
«Вакцина салған соң оның әсері адамның жанына бататындай ауыр болмайды. 24 сағат ішінде дене қызуы көтеріліп, буындар сырқырайды. Ол кезде дене қызуын түсіретін дәрі қабылдаған дұрыс. Вакцина иммундық жүйе вируспен күресу үшін оны жаттықтыруға арналған. Мәселен, әдетте, біз жаттығу жасаған соң ертеңінде денеміз ауырады ғой, бұл да сол сияқты», - деді ол.Оның айтуынша вакцина алған соң адам денесінде бірден антидене түзіледі, бірақ коронавируспен күресте ол шешуші рөл атқармайды.
«Бірінші «М» класты антидене пайда болады. Кейін оларды «G» класының антиденесі алмастырады. Олар 14 күн болғанда шарықтау шегіне жетеді де, бәсеңдей береді. Одан кейін ағзадағы антидене титрының көрсеткішіне мән берудің қажеті жоқ. Олар коронавирусты залалсыздандыруда маңызды рөлге ие, бірақ олар ең бастысы емес. Ол иммундық жүйенің әскері сияқты. Иммундық қорғаныста лимфоциттер маңызды рөлге ие. Олар баяу түзіледі, бірақ коронавируспен күреске анағұрлым дайындалған және күші жоғары. Оны зертханада анықтау өте қиын. Дегенмен вакцина алған соң олар түзіліп, коронавирустың шабуылын күтеді. Яғни, коронавирус жұққан жасушаларды өлтіреді», - деді Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.