Ақтөбеде жол-көлік оқиғасы салдарынан 9-сынып оқушысы көз жұмды. Шалқар ауданы, Базой ауылының 15 жастағы тұрғыны «Иж Планета–5» маркалы мотоциклді айдаған. Ол басына арнайы баскиім кимеген. Базой ауылынан 3 шақырым ұзап, рөлге ие бола алмай қалған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жасөспірімдер жазда мотоцикл, квадроцикл, скутер мен мопед айдап, жол-көлік оқиғасына тап болып жатады. Кәмелет жасқа толмаған балалар жол ережесін жете білмейді, кейде мән бермейді. Салдары қайғылы оқиғаға душар етуі мүмкін.
«Салдарынан аударылып, дене жарақатымен ауылдағы емхананаға түсті. Ол сол жерде көз жұмды. Балаға алдымен жол ережесін түсіндіріп, содан кейін ғана велосипед, мотороллер сатып алуыңыз керек. Бұл – ата-аналарға ескерту. Жүргізуші кез келген сәтте дұрыс шешім қабылдауы тиіс. Ал кәмелет жасқа толмағандар мұны ескере бермейді», - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.