«Nur Otan» партиясы Түркістан облысы Қазығұрт аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жалғызбасты ана П.Келесбаева хабарласты. Оның үйінде өрт шығып, тілсіз жаудың салдарынан тұрғын үй тұруға жарамсыз болып қалған. Жиһаздары да жанып кеткен.
«Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Есімхан Исақұлов тұрғынның өтінішін назарға алып, басқа депутаттарды да көмек көрсетуге жұмылдырды. Нәтижесінде, облыстық және аудандық мәслихаттың бір топ депутаты қаржылай көмек көрсетіп, үйді толық жөндеуден өткізіп, қалпына келтіріп берді. Сонымен қатар жергілікті депутат Марат Нұрланұлының көмегімен тұрғын үй құжаттары да ретке келтірілді. Халық қалаулыларына алғысын білдірген жалғызбасты ана партияның аудандық филиалына арнайы барып, партия қатарына өтуге өтініш берді. Қазығұрт ауданында мұндай игілікті істер аз емес. «Nur Otan» фракциясының өкілі, аудандық мәслихат депутаты Айкүл Ақынғазиева қоғамдық қабылдауда Қарабау ауылының тұрғыны Қ.Жұматаевтың жағдайын тыңдады. Тұрғын екі жылдан бері денсаулығына байланысты мүгедектік ала алмай жүргенін, сондай-ақ дәрі-дәрмек сатып алуға қаражаты жетпейтінін айтты. Депутат Айкүл Күзенбайқызы Қ.Жұматаевтың толық медициналық тексерістен тегін өтуіне, тиісті төлемақыны алуы үшін мүгедектікті рәсімдей алуына ықпал етті. Екі жылдан астам уақыт бойы шешілмеген мәселенің оң шешімін тапқанына ризашылығын білдірген тұрғын аудандық партия филиалына арнайы келіп, партия мүшелеріне алғысын жаудырды. Еске сала кетейік, Түркістан облысында «Nur Otan» партиясынан облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарына 263 депутат сайланған болатын. Олардың 37-сі облыстық мәслихат депутаттары. 2021 жылдың бірінші тоқсанында Түркістан облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 410 жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың 1 139 өтінішін қарады.Әбілмансұр ЖАСАН