Шенеунік қанша миллион бонус алады?

Шенеунік қанша миллион бонус алады?

Қарапайым халық «шенеуніктер мол жалақы алады» деп есептейді. Өз кезегінде мем­қыз­метшілер ұлттық компаниялардағы жалақы, сыйлықақы мен бонустарға қызығады. Нәти­жесінде, біраз жылдан бері білікті мамандардың мемқызметтен квазисекторға кету үрдісі жүруде. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктерге қомақты бонустар төлеуді қарастыратын жаңа тетікті әзірлеп отыр.

Қазақстанда қанша шенеунік қалды?

Ресми мәлімет бойынша қазір Қазақстандағы мемлекеттік қыз­метшілердің штат саны – 96 910. Соның ішінде 739 бірлігі – мем­лекеттік саяси қызметшілерге тие­сілі. Ал басым көпшілігі – 96 171 бірлігі әкімшілік мем­қыз­мет­­шілер еншісінде. Соның ішінде 91-і – «А» корпусына, 96 080-і «Б» корпусына жатады. Әйткенмен бұл – орталық және жергілікті атқарушы орган­дарға бөлінген жалпы штат қана. Оның біршамасы – 8 501-і бос тұр (вакансия). Мемқызмет ведомс­твосы оларды «қысқарту науқаны» аясында жойып жатыр.  Нәти­жесінде, елімізде іс жүзінде 88 409 шенеунік қана бар. Яғни, жалпы штат 91,2%-ға толған. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы респуб­ликада мемқызметшілердің нақты саны 90 932 адам болған. Қазір Қазақстанда 728 саяси мемле­кеттік қызметші жұмыс істеп жатыр (штат санының 98,5%-ы). Бұдан бөлек, «А» корпусында биік лауазымды 79 тұлға (86,8%), «Б» корпусында қатардағы 87 602 (91,2%) әкімшілік мемқызметші ең­бек етеді. Екі айдан кейін шенділердің жала­қысы айтарлықтай өседі деп күтілуде. Себебі ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік органдарда факторлық-балдық шкала негізінде еңбеқақы төлеу­дің жаңа жүйесі енгізілмек. Яғни, өз жұмысында тиімділік пен өнімділік көр­сеткен сайын шенеуніктің табысы да жоғары болады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Мем­лекеттік қызметі туралы» қолданыс­тағы заңға түзетулер енгізетін жаңа заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі.  Бұл ретте корпоративтік секторға ұқсас тек саяси қызмет­шілерге ғана бонустар беру туралы шешім қабылданыпты. Ал Әкімшілік қызметшілерге олардың қызмет нәтижелеріне қарай сыйлықақы беру туралы агенттік ұсынысы мақұл­данды. Яғни, «А» және «Б» корпусындағы шенеуніктер бонус алу мүмкіндігінен айырылады. Мәселен, 2019 жылы еңбекақы төлеу­дің пилоттық жобасы аясында он шақты меморганда жұмыс істейтін шенеунік­тердің әрқайсысының есепшотына бір мезгілде 1,2 миллион теңгеден аса бонус аударылған болатын. Ең үздік жетістік көрсеткендері 2,5 миллионнан алған. Бонус орта есеппен 5 айлық болды. Оны алу үшін басты шарт жүктелген қызмет міндеттемелерін жақсы орындау болды. Заң жобасы қабылданса, бұл тәжірибе тоқ­татылады.

Белгісіздік пен бонус егіз бе?

Анар Жайылғанова басқаратын агенттік осы орайда Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия және Еуро­палық Одақтың бірқатар елдерінің бонус­тау тәжірибесін басшылыққа алып отырғанын жасырмады. «Бұл елдерде бонустар тек саяси қызметшілер үшін ғана қарастырылған. Атап айтқанда, Сингапур министрлерінің жылдық жиынтық кірісі бір жылдағы 13 жала­қыдан, жылдық ауыспалы бонустан (1 жалақы көлемінде), жеке өндірістік бонустан (3 жалақы) және Ұлттық бонус­тан (3 жалақы) тұрады. Малайзияда ми­нистр­лер кабинеті мүшелерінің жала­қысы бонустарды қоса алғанда, жылына 14 907 малайзиялық ринггит немесе 41 600 АҚШ доллары», – деп түсіндірді мем­қызмет ведомствосы. Сондай-ақ Жапония үкіметі мүше­лерінің базалық жалақысы жылына 13 жалақыдан құралады. Базалық жалақы сыр­тында олар үшін жылына 3,95 жалақы мөлшерінде бонустар төленеді, оларды «сәйкестік бонусы» және «жыл соңында берілетін бонус» деп атайды. «Осыған байланысты мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін бонустық жүйені алып тастау қажет. Оларды қызмет нәтижелеріне қарай сыйақы төлеу жүйесіне қайтару мәселесін қарау ұсынылады. Ал бонустау жүйесін дамыған елдер мен корпоративтік секторға ұқсас, тек мемлекеттік саяси қызметшілер үшін қалдыру керек», – делінген жаңа заң жобасының тұжырымдамасында. Мысалы, Мемлекеттік қызмет сала­сындағы өңірлік хабтың басқарушы коми­тетінің төрағасы Әлихан Бәймен саяси және әкімшілік қызметшілердің арасындағы айырмашылыққа назар аудартады. «Саяси лауазым иелері тағайындалған күннің ертеңіне кетуге дайын болуы ке­рек. Саяси жағдай өзгеруі мүмкін, ел мен экономикадағы ахуалға, жаңа туындаған міндет-мақсаттарға орай ел басшылығы басқа шешім қабылдауы ықтимал. Бұған қоса, егер қоластындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталса, орнынан кететін де осы саяси мемқызметшілер, бірінші басшылар. Өзіне сеніп тапсырылған тапсырманы жарға жықса, өңір не сала тоқыраса, әкім не министр өз еркімен отставкаға кетуі мүмкін», – дейді ол. Тиісінше, дамыған елдерде саяси лауазымдағы тұлғаларды ынталан­дыратын бонустау жүйесі қол­данылады. Әйтпесе, болашағы белгісіз, Үкіметтің ауысуымен бірге бүгін-ертең отставкаға кетіп қалуы мүмкін екенін түсінетін билік өкілі жұмысына салғырттау қарауы, тіпті жемқорлыққа салынуы ғажап емес.

Жұмысы жақсарса, жалақысын ел санамайды

Өткен аптада, бюджет жобасы мақұл­данған Мәжілістің жалпы отырысында министрлердің мол сыйлықақы-бонустар алатынына қатысты пікірталас туды. Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинация­лаудың жоғары қарқынын қамтамасыз ете алмай отырғанын сына­ған депутат Азат Перуашев «министрлік­тегі шенеуніктер өздеріне 15 миллион теңгеден сый­лықақы тағайындап жатқа­нын» айтып тастады. Ізінше министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Сыйлықақы төлемдері қатаң түрде қолданыстағы заңнаманың, сондай-ақ «ҚР органдары қызметкерлеріне сый­лық­ақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үс­темеақылар белгілеу қағидаларын бекіту туралы» ел Үкіметінің 2001 жылғы 29 та­мыз­дағы №1127 қаулысының талап­тарына сәйкес жүргізіледі. Осыған бай­ланысты, 15 млн теңге мөлшерінде тө­лен­ген сыйлықақыларға қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтқан фактінің Денсаулық сақтау министрлігіне ешқан­дай қатысы жоқ», – деп мәлімдеді ДСМ. Квазимемлекеттік секторда жұмыс істеген құқық қорғаушы, мемлекеттік әкім­шілендіру магистрі Шыңғыс Лепсі­баев министрлердің 1,2 миллион теңге жалақы және жыл сайын 15 миллион теңге сыйлықақы-бонус ала­тынына таңғалудың қажеті жоқ деген пікір айтты. «Бұл сонша көп деуге келмейді. Өйткені белді университеттеріміздегі ғалымдар министрден 10 есе аз жұмыс істей жүріп, одан артық табыс табады. Сол үшін олардың миын жеп, жан-жақтан сынап жатқан жоқ қой. Егер министрлердің табысын ҚазМұнайГаз, Даму қоры, СҚ-Фармация, Қазақ­телеком­дағы директорлардың және бас­қа­ларының табысымен салыстырсақ, мүл­дем көңілсіз көрініс туады. Рас, аза­мат­тарымыздың тиын-тебен табысымен салыстырғанда, министрлердің алатыны орасан зор болып көрінер. Бірақ саяси лауазымдағылардың жалақысын шетел­дік валютаға шақсақ, 2,5 мың доллардай шығады. Мен сонша айлықты 2014 жылы алған­мын. Ол кезде тіпті ғылыми дәреже­лерім, медаль­дарым, жұмыс тәжірибем жоқ-тын», – дейді Ш.Лепсі­баев. Оның байламынша, жоғары лауазым­дағы мемлекеттік менеджерлердің жалақысы орта бизнестегі басшылардың ала­тынына жуықтайды. Дегенмен кәсіпкер өз бизнес нысаны үшін ғана жауап береді, ал министрлер мен әкім­дердің иығына тұтас өңірдің немесе жүздеген мың адам еңбек ететін тұтас салалардың жауапкершілігі артылады дейді ол. «Биік лауазымда адамның жұмыс істеуге ынтасы болуы, жемқорлықпен айна­лысуға құлығы қалмауы үшін минис­тр жақсы жалақы алғаны жөн шығар. Сонымен бірге оған қойылатын талап күшейтілуі тиіс. Жұмысының өнімділігі, тиімділігі, нәтиже-қайтарымы зор болуы керек. Сонда Сингапурдегідей жылына 1 миллион долларға дейін жалақы ала алады. Сонда халық: «біздің министрлер қандай тамаша!» деп мақтан тұтатын бо­ла­ды. Ал оған дейін ірі шенеуніктердің мол жалақысына қатысты өкпелі әңгіме­лер айтылып, мәселе көтеріле бермеуі үшін елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру қажет», – деді сарапшы. Жалпы, экономикасы озық мемле­кеттердей бонусқа көшпес бұрын сол елдердей даму деңгейіне қол жеткізген жөн. Егер республикамызда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, әрбір отбасы­ның тұрмысы түзелген, азаматтардың байлығы еселеп артқан заман туса, билік­тегі ірі шенділердің жақсы жалақы, сый­лықақы және бонустар алуына қоғам қар­сы бола қоймас. Ал оған дейін саяси мем­қызметшілерге жасырын әрі ірі бо­нустар төлеу халықты тек ашындыруы мүмкін.

Елдос СЕНБАЙ