«Қой-ешкіні қоқыстың үстіне жаямыз» – ауыл тұрғындары сиырын әкімдікке айдап әкелді
«Қой-ешкіні қоқыстың үстіне жаямыз» – ауыл тұрғындары сиырын әкімдікке айдап әкелді
239
оқылды

Жайылымнан айырылған жұрт төрт түлігін жергілікті әкімдіктің алдына айдап әкелді. Себебі, Қазығұрт ауданына қарасты Қарабау ауылдық округінің тұрғындарында қарыс қадам жер жоқ. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Төрт ауылдың жайылымы кезінде «тұқым өндіреміз» деген сылтаумен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жеке шаруашылыққа өтіп кеткен. Тұрғындар «ол тұқым өндірумен емес, өз қалтасын қампайтумен айналысып кетті», – дейді. Жұрттың сиырынан зәресі ұшқан шенеуніктер оны әкімдік алдынан ары айдап әлекке түсті. Елдің мұндай қадамға баруына жайылым жердің жоқтығы мәжбүрлеген. Қарабау округіне қарасты төрт ауыл бар. Барлығының негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Бірақ 2000 жылдары төрт ауылға тиесілі жайылым жер Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «тұқым өсіреміз» деген жеке кооперативтің қолына өтіп кеткен. Ауылдың маңы түгел жекешеленген соң, ол жерге тұяқ тигізуге тыйым салынған.

Қазығұрт ауданының тұрғыны Нұржан Сманов: «Талабымыз – жерді бөліп берсін. Жердің ішінде өзіміздің жайылым жеріміз бар ма, басқамыз бар ма, өз жеріміз ол. Қайтеміз, жайылымды қорғап сотталсақ сотталамыз. Бидайы, жоңышқасы бар ма, малымызды жаямыз, басқа амал жоқ», – дейді. Кооператив тұқым өсірумен емес, өз қалтасын қампайтумен әлек болғаны әмбеге аян дейді жұрт. Яғни мыңдаған гектар бидай егетін жерге жоңышқа егіп, оны сатуды кәсіп қылыпты.

Бұл жайттан министрлік хабардар. Тіпті былтыр ел ішінен үш кооператив бөлінсін, жерді соларға береміз деген уәде де беріпті. Бірақ вице-министрдің сөзі сол күйі қалды дейді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынатын жекеменшік «Қарабау» кооперативінде 5 мың 745 гектар жері бар. Бұл алқап министрлікке тиесілі дейді кооператив өкілдері. Сондықтан бір адым жерді жергілікті жұртқа беруге құзыреті жетпейді екен. «Қарабау» тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының директоры Дәурен Әбдірасылов: «Жерді мен беремін немесе бермеймін деп мен шешпеймін. Біз орындаушымыз. Бізге қалай тапсырма келеді, бер дейді, заң аясында береміз. Берме десе, бермейміз. Жердің егесі – Ұлттық аграрлық ғылым беру орталығы. Халыққа бірнәрсе бер деген ешқандай тапсырма жоқ», – дейді. Кооператив басшысы айтқан Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының өкілдері де жайылымға беретін жеріміз жоқ дейді. Ал ауыл сыртында мал жаятын жалғыз орын ол – қоқыс полигоны. Сынтас, Жұмысшы, Құларық пен Қарабау ауылдарында мал жаятын бір сотық та жер жоқ.

Мал жаятын жер болмаған соң, тұрғындар қой мен ешкісін амалсыздан қоқысқа жаюға мәжбүр. Ауылда тұрып малын тек қоқыс арасында өрістетін жұрт жер мәселесін қайта қарасын деп отыр. Ауыл халқының ендігі мақсаты – Президентке арыз жазып, араша сұрау.