Тәуелсіз мемлекет құра білген халықтардың артықшылықтарының бірі – тарихты елдік мүдде тұрғысынан зерттей алады. Қазақстан да тәуелсіздік алған уақыттан бергі 30 жыл ішінде тарихи танымды жаңғыртып, ақтаңдақтарды анықтауға, саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтауға толық мүмкіндік алды. Тіпті, бұл мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заң Қазақстан азаттық алған соң екі жыл ішінде, 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданды. Елбасы да қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын ұрпақ жадынан шығармауды ұдайы еске салып келеді. «Еліміз басынан өткен осынау сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды және ең ұлы қазына – Тәуелсіздікті бағалап, сақтай біледі. Тарихымыздың осы ащы тағылымы оны Қазақстанның қазіргі ұрпағының жадына тоқып, зердесіне түйе білуімен құнды болмақ» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бері айтқанда, 100 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады
Әдетте қуғын-сүргін дегенде КСРО билігі жүргізген саясат еске түсетіні бар. Өйткені ХХ ғасырдың 20-50-жылдары большевиктер билігінің ашықтан-ашық қуғын-сүргін ұйымдастырғаны тарихтан белгілі. Дегенмен қазақ халқын туған жерінен ығыстыруға бағытталған саясат патшалық Ресей дәуірінде-ақ басталған еді. Отаршылдар халықтың шұрайлы жерін тартып алып, дұрыс өмір сүру мүмкіндігін азайтуды тіпті сонау ХVІІІ ғасырдың соңында-ақ бастаған еді. Патшалық Ресейдің «соңғы сойылы» қазаққа 1916 жылы тигені мәлім. Көптеген бұратана халықтармен бірге Бірінші дүниежүзілік соғыстың тыл жұмыстарына азаматтарды алуды көздейтін жарлық шыққаны бар. Алайда ресми қуғын-сүргін құрбандары ретінде КСРО билігінен зардап шеккендер есептеледі. Оның өзінде өткен ғасырдың 20 және 30-жылдарындағы екі ашаршылықты бірден қуғын-сүргіннің бір түрі ретінде бағалауға тәуекел етпедік. Сондықтан ресми түрде ХХ ғасырдың 30-50-жылдары 103 мың адам сотталып, 25 мың адам ату жазасына кесілгені жайлы мәлімет айтылады. Дегенмен ату жазасына кесілгендер саны 29 мың дейтін дерек те кездеседі. Еліміз аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар, олардың отбасы мүшелері тағдыр тауқыметін тартқан. Сонымен қатар сол жылдары Қазақстанға 1,5 млн өзге этнос өкілдері жер аударылған. Демек, қуғын-сүргін саясаты жан-жақты болғаны осы оқиғалардан-ақ байқалады. Елбасы Н.Назарбаев саяси қуғын-сүргінді билікке революция арқылы келген топ ұйымдастырғанын ашық айтты. «Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқиғалардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек. 1917 жылы болған Қазан саяси революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ кеңес билігі жүргізген ауыл шаруашылығын жедел ұжымдастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық елдің эволюциялық дамуын күрт үзді. Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады. 1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті» деген еді Елбасы. Ал жалпы қуын-сүргін құрбандарын ақтау процесі тәуелсіздік алардың қарсаңында-ақ басталып кеткен болатын.Құрбандарды заңмен ақтадық
Негізі, өткен ғасырдың 20-50-жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі 80-жылдардың соңына қарай басталды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде тұтас қазақ халқын ұлтшыл ретінде айыптаған Мәскеу билігі айыбын жуып-шайғысы келді ме, әлде М.Горбачев шынымен демократия жолын таңдады ма, қайдам, алғаш рет 1987-1988 жылдары саяси қуғын-сүргін көрген азаматтардың алғашқы легі ақтала бастады. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің еңбектері қайта жарық көріп, бұқара Мағжан, Ахмет, Міржақыптармен қауышқан болатын. Бірақ Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың да қудаланып жүрген кезі сол жылдар еді. Яғни, орталық билік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісінде де шынайылық танытқан жоқ. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі жыл өткенде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі №2200 заңы ғана ақтау шараларын жеделдете түсті. Заңның 1-бабында «Осы заңда саяси қуғын-сүргiндер ретiнде мемлекеттiк органдар немесе олардың өкiлi болып табылатын лауазымды адамдарды саяси себептер бойынша күзетпен қамауға алуды және психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса алғанда, өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау (айдау немесе жер аудару), арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып, ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде (соның iшiнде «еңбек армияларында», «iшкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналарында» деп аталатындарға) жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, не саяси сенiмдерiнiң белгiлерiне, таптық, әлеуметтiк, ұлттық, дiни немесе басқа тегiне қарап, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу танылады» делінген. Осылай Қазақстан «қуғын-сүргін» ұғымының мағынасын кеңінен алған еді. Тіпті, өзге елдерде қуғын-сүргін көріп, Қазақстанда пана тапқан адамдар да осы заң талаптарына сәйкес ақталуы тиіс еді. Одан бөлек, 1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған наразылық шараларына қатысқандардың қудалануын да қуғын-сүргін ретінде сипаттаған. Әрине, милиция мен жасақшыларды қасақана жарақаттау, кісі өлтіру тәрізді қылмыс жасағандар бұл санатқа кірмейтін еді. Дегенмен саяси қуғын-сүргін көргендер санатына Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың қосылуы ақтау ісінің кешенді түрде жүргізілгенін көрсетеді. Алайда ел билігі саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтау үрдісінде асығыстыққа барған жоқ.Еске алу үшін жыл арнадық
1997 жыл Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды. Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет белгілі бір жылға нақты атау беру 1995 жылы басталған болатын. Сол жыл «Абай жылы» атанса, 1996 жыл «Жамбыл Жабаев жылы» деген ресми атқа ие болды. Ал мұндай нақты атау берілген үшінші жыл 1997 жыл еді. Әрі сол жылы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде бекітілген еді. Яғни, Қазақстан үшін қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, сол жылдардағы оқиғаларға саяси баға беру өте өзекті болды. Мемлекет қуғын көрген азаматтарды ақтау арқылы халықтың билікке деген сенімін қайтаруды көздеді. Өйткені Қазақстанда кемі бірер азаматы болса да қуғын көрмеген елді мекен жоқ еді. Саясаттанушы Наталья Калашникова тіпті қуғын-сүргін жанама болса да әсер етпеген отбасы жоқ деп санайды. Бұл дегеніңіз КСРО билігінің зорлықшыл саясаты ел аумағының кез келген түкпірінде өз ізін қалдырғанын, оның ызғары бұқара жадынан оңайлықпен өшпейтінін білдіреді. Санадағы қуғын-сүргін ізі халықтың билікке деген сенімін төмендетуі мүмкін еді. Әсіресе, күш құрылымдарына деген сенім азаяр еді. Өкінішке қарай, әлі де болса полицияға, прокуратура мен сот органдарына деген көзқарас қуғын-сүргін жылдарынан қалған әпсаналар негізінде қалыптасатын кездері бар. Дегенмен көптеген этнос өкілі шоғырланған Қазақстанда әрі қазақ халқы танымының өзінде жерлестік, рушылдық белгілері әлі де азаймай тұрған кезде қуғын-сүргін жылдарындағы құжаттардың барлығын ашыққа шығару да қауіпті еді. Алайда Елбасының тапсырмасына сәйкес, 1993 жылы Қазақстан билігі құпия құжаттарды жариялауға рұқсат берді. Сөйтіп, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде қуғын-сүргінге қатысты құжаттардың 70 пайызы ашылды. Зерттеушілер сол құжаттардағы мәліметтермен таныса алады. Алайда әлі де 30 пайыз құжат ашылған жоқ. Шамасы, Қазақстан қоғамы 90-жылдары моральдық тұрғыда дайын болмады ма, қайдам, әйтеуір аталған 30 пайыз құжаттарды ашу ісі енді ғана назарға алына бастады.6 мың құжат зерттеледі
Жалпы, қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты деректерді шолып өткен адам Қазақстан билігінің азаматтарды құжат жүзінде ақтап қана қоймай, әлеуметтік тұрғыда қолдауға да тырысқанын байқайды. Еліміз 2003 жылдан бері саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарға арнайы өтемақы төлеп келеді. 2003-2019 жылдар аралығында бұл мақсатқа 14,9 млрд теңге бөлінді. Олар бірреттік ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы түрінде берілді. Алайда әлі де ақталмаған азаматтар бар екені анық. Олар жайлы деректер біз сөз басында айтқан архивтерде әлі «құпия» грифімен сақтаулы тұрған 30 пайыз құжаттарда жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия осы құжаттарды ашып, реттеуге тиіс. 57 ғалым тартылған, 11 топқа бөлінген комиссия құжаттарды мұқият зерделеуі тиіс. Тіпті, «саяси қуғын-сүргін» дейтін ұғымның аясы да кеңеюі ғажап емес. Бәлкім, патшалық Ресей дәуіріндегі қуғын-сүргін мен зорлық-зомбылыққа саяси баға берілуі мүмкін. Одан бөлек, кеңес билігіне қарсы қарулы көтеріліске шыққан азаматтарға да жаңаша көзқарас керек. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев бір сөзінде 1910-1930 жылдар аралығындағы көтерілістерге қатысушылар толық ақталуы тиіс екенін айтқан-ды. «Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мәселен, 1910-1930 жылдардағы халық көтерілісіне қатысушыларды айталық, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек үшеуі ғана ақталған» деп жазды. Сонымен қатар кем дегенде 6 мың құжатты қайта қарап, сараптап шығу қажеттілігі туындапты. Алайда архивтерді ақтарған кезде құжаттар саны бұдан әлдеқайда көбейіп кетуі мүмкін. Дегенмен Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары басталған процесс жаңа сатыға көтерілгенін атап өту керек. Соңғы бірер жылда қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға кірісу соның көрінісі.