Итбалықтар жойылып барады
Итбалықтар жойылып барады
321
оқылды

Соңғы 20 жылдан бері Каспий теңізінде итбалықтардың қырылуы жиілеп кетті. Экологтер тарапынан бұл мәселе сан рет көтерілсе де, қандай да бір мекеме мұның нақты себебін айтқан емес. Көбіне тек болжамдармен шектеледі. Әйткенмен, техногендік күштердің кері әсер еткені анық тәрізді. Итба­лық­­­тардың азығы – шабақтардың азаюы мен аңшыларды да кінә­лаушылар бар. Сонымен, Каспийде қанша итбалық қалды, қан­­шасы қырылды? Ал зерттеулер не дейді? 

Жуырда Каспий теңізінің Ресей аумағындағы бөлігінде 170 өлген итбалық табылды. Ал Ресейдің та­биғи ресурстар және экология ми­­нистрлігі жағаға шығып қалған итбалықтар балық ауына түсіп өлуі мүмкін деген болжам жасады. Ресей экологтері Қызыл кітапқа енген сүт­­­­қоректінің популяциясына қауіп төніп тұрғанын айтады. Соның алдында ғана, 6 мамырда «Морские млекопитающие» ғылыми-экспе­­дициялық орталығы Каспий теңі­­зінің жағасынан терісі сыпы­рылған 150 итбалық табылғанын хабарлаған болатын. Бірақ экологтер итба­­лықтардың өліміне теңіздің лас­­­тануын айыптаса, көрші елдің құ­­­зырлы органдары балықшыларды кінәлі санайды. Яғни, мемлекеттік мекемелер экологияның бүлінгенін мойындамайтын тәрізді. Ал елімізге оралсақ, бізде де жағдай оңып тұрған жоқ. Соңғы 20 жылда қырылған итбалықтар санын нақты ешкім білмеуі мүмкін.

«Қырғынның» жылнамасы

Каспий итбалығы – Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі. Бұл жануар Ресей мен Қазақстанның Қызыл кітабына сирек кездесетін сүтқоректі ретінде, ал халықаралық Қызыл кітапқа жойылып бара жат­­­қан жануар ретінде енген. 2000 жылы Каспий теңізінің Маңғыстау об­лысына қарасты жағасында мың­­даған итбалықтың өлексесі та­­­былды. Оларға «Созылмалы токси­­­коз ау­руымен ауырған» деген диагноз қойылған. Жергілікті баспасөзде «жануарлардың денесінде мұнай токсиндері мен ауылшаруашылық пестицидтері бірнеше жыл бойы жиналып, итбалықтар имму­­­­ните­тінің күрт төмендеуіне себеп болды» деген ресми қорытынды да жа­рияланып жатты. Мұнымен итба­лықтар «қыр­ғыны» біткен жоқ. 2006 жылы көк­темде кем дегенде 330 ит­балық өлді. Бұл жануарлардың қы­­­рылу себебін зерттеген комиссия «оба дертінің вирусы болуы мүмкін» деп қоры­­тындылады. Алайда Мик­­ро­­­­­­биология және вирусология инсти­тутының вирустар экологиясы лаборато­­рия­сының өкілдері Маң­ғыстау облы­сында итбалық­тардың жаппай қы­рылуына балық аулаудың күрт күшеюі себеп болды деген болжам жасаған. 2007 жылы бұл оқиға тағы да қай­таланып, жағаға шығып қалған өлі итбалық саны мыңға жуықтады. Өлі итбалықтар Қаламқас пен Қара­­жанбас мұнай кеніштерінің ара­­сындағы жағалаудан, «Қаламқас» су бөгетінің төңірегінен табылған. 2009 жылы Каспий жағасына жүздеген итбалықтың өлексесі тағы шықты. Маңғыстау облысына қарасты осы Түпқараған ауданынан 350 итба­­­лықтың өлексесі табылған. Осылай тізбектей беруге болады. Әйтеуір, осыдан кейін табиғат жанашырлары итбалықтардың өлу себебіне «адам факторы» әсер етіп отырғанын мәлімдеген болатын. Демек, өндіріс орындарының экологияға тигізген зардабы орасан секілді. Ал мұны көбіне кәсіпорындар ашып айт­пайтынын да білеміз. Бірақ олар да жұмысын тоқтата алмайды.

Осылай жалғаса бере ме?

Шыны сол, қазір Каспий теңі­зіндегі итбалықтар мәселесін түбе­гейлі зерттеп жүрген экологтер жоқ­­тың қасы. Бірлі-жарым пікір айтушылар болғанымен, себебін дөп басып жататындар аз. ХХ ғасырдың басындағы зерттеу бойынша, Кас­пий теңізінде 1 миллионнан астам итбалық мекен еткен. Ал 2005 жылғы санақ бойынша, көк айдында шама­мен 110 000 мың итбалық қалған. Демек, 1 ғасырдың ішінде 10 есе азайған. Мұнымен шектелмей, 2018 жылы тағы 30 пайызға дейін кемігені анықталды. Осы қарқын жалғаса берсе, сөзсіз итбалықтардың жойы­лып кетері анық. 2008-2018 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу қорытындысына сай, итбалықтар Каспийдің сол­­түстігінде көп болатынын көрсеткен. Бұл жерге жету үшін олар Түрік­мен­стан шекарасынан бастап Жайық өзені сағасына дейінгі миграциялық дәлізді пайдаланатын көрінеді. Ал бұл дәліздің көп бөлігі ластанып үлгерген. Айтпақшы, кезінде итба­лықтар мәсе­лесін жиі қозғаған мар­құм Бостан Сүлейменов болатын. Эколог теңіздің өнеркәсіптік және ауыл­шаруашылық қалдықтарымен ластануы итбалық­­тардың ағзасына хлор органикасы мен ауыр метал­дарды шоғыр­­­лан­­дырғанын көп ескертті. Салдарынан олардың имун­нитеті әлсіреп, ара­ларында жұқ­­палы аурудың таралуына түрткі болған. Мұз үстінде күшіктейтін итба­лықтың азаюына мұзжарғыш кеме­­­лердің де кесірі тигенге ұқсайды. Өйткені күшіктердің жатақтарын ойып өтетін алып су көліктері олар­ды мекенсіз қалдырады. Әлем­дік тә­жірибеде ғалымдар мұзжарғыш кемелердің жүру уақыты мен бағы­тын итбалықтардың жаппай күшік­теу аумақтарын ескере отырып оңтай­ландыруды ұсынады. Дегенмен оны бақылап жатқан біреу бар ма дерсіз? Теңіз жануарына төнген қауіп тек бұл емес. Итбалық қоректенетін майшабақ 94 пайызға дейін кеміген. Бұл онсыз да жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрған жануарлардың тіршілік ортасын одан әрі тарылта түсері хақ. Егер итбалықтың азаюы тоқтамаса, музейлерден тұлыбын ғана көруіміз ғажап емес.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ