Соңғы 20 жылдан бері Каспий теңізінде итбалықтардың қырылуы жиілеп кетті. Экологтер тарапынан бұл мәселе сан рет көтерілсе де, қандай да бір мекеме мұның нақты себебін айтқан емес. Көбіне тек болжамдармен шектеледі. Әйткенмен, техногендік күштердің кері әсер еткені анық тәрізді. Итбалықтардың азығы – шабақтардың азаюы мен аңшыларды да кінәлаушылар бар. Сонымен, Каспийде қанша итбалық қалды, қаншасы қырылды? Ал зерттеулер не дейді?
Жуырда Каспий теңізінің Ресей аумағындағы бөлігінде 170 өлген итбалық табылды. Ал Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрлігі жағаға шығып қалған итбалықтар балық ауына түсіп өлуі мүмкін деген болжам жасады. Ресей экологтері Қызыл кітапқа енген сүтқоректінің популяциясына қауіп төніп тұрғанын айтады. Соның алдында ғана, 6 мамырда «Морские млекопитающие» ғылыми-экспедициялық орталығы Каспий теңізінің жағасынан терісі сыпырылған 150 итбалық табылғанын хабарлаған болатын. Бірақ экологтер итбалықтардың өліміне теңіздің ластануын айыптаса, көрші елдің құзырлы органдары балықшыларды кінәлі санайды. Яғни, мемлекеттік мекемелер экологияның бүлінгенін мойындамайтын тәрізді. Ал елімізге оралсақ, бізде де жағдай оңып тұрған жоқ. Соңғы 20 жылда қырылған итбалықтар санын нақты ешкім білмеуі мүмкін.«Қырғынның» жылнамасы
Каспий итбалығы – Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі. Бұл жануар Ресей мен Қазақстанның Қызыл кітабына сирек кездесетін сүтқоректі ретінде, ал халықаралық Қызыл кітапқа жойылып бара жатқан жануар ретінде енген. 2000 жылы Каспий теңізінің Маңғыстау облысына қарасты жағасында мыңдаған итбалықтың өлексесі табылды. Оларға «Созылмалы токсикоз ауруымен ауырған» деген диагноз қойылған. Жергілікті баспасөзде «жануарлардың денесінде мұнай токсиндері мен ауылшаруашылық пестицидтері бірнеше жыл бойы жиналып, итбалықтар иммунитетінің күрт төмендеуіне себеп болды» деген ресми қорытынды да жарияланып жатты. Мұнымен итбалықтар «қырғыны» біткен жоқ. 2006 жылы көктемде кем дегенде 330 итбалық өлді. Бұл жануарлардың қырылу себебін зерттеген комиссия «оба дертінің вирусы болуы мүмкін» деп қорытындылады. Алайда Микробиология және вирусология институтының вирустар экологиясы лабораториясының өкілдері Маңғыстау облысында итбалықтардың жаппай қырылуына балық аулаудың күрт күшеюі себеп болды деген болжам жасаған. 2007 жылы бұл оқиға тағы да қайталанып, жағаға шығып қалған өлі итбалық саны мыңға жуықтады. Өлі итбалықтар Қаламқас пен Қаражанбас мұнай кеніштерінің арасындағы жағалаудан, «Қаламқас» су бөгетінің төңірегінен табылған. 2009 жылы Каспий жағасына жүздеген итбалықтың өлексесі тағы шықты. Маңғыстау облысына қарасты осы Түпқараған ауданынан 350 итбалықтың өлексесі табылған. Осылай тізбектей беруге болады. Әйтеуір, осыдан кейін табиғат жанашырлары итбалықтардың өлу себебіне «адам факторы» әсер етіп отырғанын мәлімдеген болатын. Демек, өндіріс орындарының экологияға тигізген зардабы орасан секілді. Ал мұны көбіне кәсіпорындар ашып айтпайтынын да білеміз. Бірақ олар да жұмысын тоқтата алмайды.Осылай жалғаса бере ме?
Шыны сол, қазір Каспий теңізіндегі итбалықтар мәселесін түбегейлі зерттеп жүрген экологтер жоқтың қасы. Бірлі-жарым пікір айтушылар болғанымен, себебін дөп басып жататындар аз. ХХ ғасырдың басындағы зерттеу бойынша, Каспий теңізінде 1 миллионнан астам итбалық мекен еткен. Ал 2005 жылғы санақ бойынша, көк айдында шамамен 110 000 мың итбалық қалған. Демек, 1 ғасырдың ішінде 10 есе азайған. Мұнымен шектелмей, 2018 жылы тағы 30 пайызға дейін кемігені анықталды. Осы қарқын жалғаса берсе, сөзсіз итбалықтардың жойылып кетері анық. 2008-2018 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу қорытындысына сай, итбалықтар Каспийдің солтүстігінде көп болатынын көрсеткен. Бұл жерге жету үшін олар Түрікменстан шекарасынан бастап Жайық өзені сағасына дейінгі миграциялық дәлізді пайдаланатын көрінеді. Ал бұл дәліздің көп бөлігі ластанып үлгерген. Айтпақшы, кезінде итбалықтар мәселесін жиі қозғаған марқұм Бостан Сүлейменов болатын. Эколог теңіздің өнеркәсіптік және ауылшаруашылық қалдықтарымен ластануы итбалықтардың ағзасына хлор органикасы мен ауыр металдарды шоғырландырғанын көп ескертті. Салдарынан олардың имуннитеті әлсіреп, араларында жұқпалы аурудың таралуына түрткі болған. Мұз үстінде күшіктейтін итбалықтың азаюына мұзжарғыш кемелердің де кесірі тигенге ұқсайды. Өйткені күшіктердің жатақтарын ойып өтетін алып су көліктері оларды мекенсіз қалдырады. Әлемдік тәжірибеде ғалымдар мұзжарғыш кемелердің жүру уақыты мен бағытын итбалықтардың жаппай күшіктеу аумақтарын ескере отырып оңтайландыруды ұсынады. Дегенмен оны бақылап жатқан біреу бар ма дерсіз? Теңіз жануарына төнген қауіп тек бұл емес. Итбалық қоректенетін майшабақ 94 пайызға дейін кеміген. Бұл онсыз да жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрған жануарлардың тіршілік ортасын одан әрі тарылта түсері хақ. Егер итбалықтың азаюы тоқтамаса, музейлерден тұлыбын ғана көруіміз ғажап емес.