Таяуда, 5 мамыр күні Грузияда белгісіз жағдайда 26 жастағы Әсел Айтпаева көз жұмды. 2018 жылы Ресейде 21 жастағы студент Томирис Байсафа қайтыс болды. 2019 жылы Түркияда білім алып жүрген 21 жастағы Елдана Қаһарманның жансыз денесі табылды. Бұл көпшілікке мәлім болған, ел ішінде үлкен дүрбелең тудырған оқиғалар, ал бізге белгісіздері қаншама?
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының есебінше, тек кейінгі 10 жылда елден 400 мыңдай адам біржолата қоныс аударған, ал бұған шетелге уақытша білім-ғылым және жұмыс іздеп кеткендердің, демалуға аттанғандардың санын қоссаңыз, олардың көптігінен басыңыз айналады. Әлбетте, үдере көшкендердің көпшілігі өзге ұлт өкілдері, бірақ олардың арасында қазақтың да үлесі аз емес. Дегенмен жат жұрттан бақ іздеп, шетел асқан қандастың нақты санын дөп басу қиын. Білім қуып кеткендердің бірталайы барған жерлерінде қалып қояды, жұмыс іздеп шыққандар да еңбек қатынастарын ресми рәсімдей бермейді. Олардың едәуір бөлігі жұмыспен астыртын, заңсыз айналысады. Былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында еңбек көші-қоны туралы мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын: «Бұл – өте күрделі мәселе, бізге үндемей қалуға болмайды, жыл сайын мыңдаған отандасымыз еңбек мигрантына айналып кетіп жатыр. Бұл азаматтар тек жоғарғы біліктілікті талап ететін кәсіби секторда ғана емес, көпшілігі қызмет көрсету салаларында жұмысқа жегілген» деп шетелде отандастарымыздың кез келген қара жұмысты істей кетуге дайын екенін қадап тұрып айтқан.Қыздар зорлықтың құрбаны ма?
Жарайды, жастарды шетелге барып жұмыс пен оқу іздеуге мұқтаждық мәжбүр қылды дейік, бірақ құрбандардың сол елдердегі жүріс-тұрыстарының өзі көп сұрақ туғызады. Мәселен, автокөліктерді ТМД елдеріне жеткізіп беруші компанияда жұмыс істеп жүріп, Тбилисиде 5 мамырда белгісіз жағдайда 8-қабаттан құлап өлген Әсел Айтпаева бірнеше рет зорлық-зомбылыққа ұшырады деген жорамал бар. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігі де, Грузияның ішкі істер министрлігі де жоққа шығарған жоқ. Тергеу жорамалы бойынша, оны алдымен Мұрат деген біреу зорлаған, кейін құрбанның өліміне күдікті ретінде қамауға алынған Бесик Тордуа зорлаған. Rustavi 2 телеарнасы мәліметі бойынша, 26 жастағы қазақстандық қыз 57 жастағы күдіктінің үйіне өзі көшіп барған. Байғұс қыз зорлықшының үйіне не мақсатпен көшіп барды, өз еркімен барды ма, енді тергеу осының жай-жапсарын да анықтай кеткені жөн. Өлмес бұрын марқұм қыз құрбысына ұзақ аудиожазба жіберген. Онда Бесик Тордуаның Әсел Айтпаеваға сезімін білдірген және қоқан-лоқы көрсеткен сөздері қалған. Қазір аталған қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Грузия прокуратурасының хабарлауынша, іс «зорлау» және «өзін-өзі өлтіру» баптары бойынша тергелуде. Егер күдікті айыпты деп танылса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жағдай Қазақстанның Грузиядағы елшілігінде ерекше бақылауға алынды. Ал 2018 жылы МГИМО-да оқып жүрген 21 жастағы Томирис Байсафа 4-қабаттан құлап өлді. Оның өліміне күдікті деп танылған дағыстандық ірі шенеуніктің баласы Муртузали Меджидовдың үстінен «Кісі өлтіру» фактісі бойынша іс қозғалғанымен, қылмыскер оқиғадан тек 2,5 жыл өткеннен кейін қамауға алынды. Оның өзінде бұл іс сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің, кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқевтың араласуымен ғана алға жылжыған. Мұнда алдыңғы оқиғадай қыз зорлау фактісі тіркелмеген, бірақ ашық ақпарат көздерінен ұққанымыз, құрбандық пен айыпкер қыз-жігіт ретінде араласқан екен. Жоғарыдағы екі оқиғадан ұққанымыз, құрбандарды өз ажалдарына сор айдап барған екен. Енді бір қызымыз Түркияда білім алып жүрген 21 жастағы қазақстандық азамат Елдана Қаһарман 2019 жылы өлі күйінде табылды. Марқұм қыз студент бола жүріп, сондағы телеарналардың бірінде жұмыс істеген. Әрі танымал видеоблогер болған. Қазір осы екі жыл бұрынғы іс қайта қозғалып жатыр. Журналистер қазақстандық қызды «Ақ партия» депутаты Толга Ағыр өлтірді деп айыптайды. Құрбандық депутаттың үйіне сұхбат алуға барғанда зорлыққа ұшыраған. Кейін жәбірленуші прокуратураға арызданған. Бірақ бір күннен кейін оның мәйіті табылған.P.S.
Білім және ғылым министрлігінің есебінше, шетелдерде 120 мың қазақстандық азамат жоғары және арнаулы орта білім алады. Олардың дені Ресей (90 мыңға тарта студент) мен Қытайда (17 600 студент) оқиды. Қалғандары Еуропа мен АҚШ елдерінде, Түркия және басқа да мұсылман мемлекеттерде білімдерін жетілдіріп жатыр. Сондай-ақ Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асыловтың айтуынша, 922 қазақстандық шетелдерде жазасын өтеуде. Жалпы, 7 миллионға жуық, яғни қазақтың үштен бірі шетелдерде өмір сүріп жатыр.
Білім және ғылым министрлігінің есебінше, шетелдерде 120 мың қазақстандық азамат жоғары және арнаулы орта білім алады. Олардың дені Ресей (90 мыңға тарта студент) мен Қытайда (17 600 студент) оқиды. Қалғандары Еуропа мен АҚШ елдерінде, Түркия және басқа да мұсылман мемлекеттерде білімдерін жетілдіріп жатыр. Сондай-ақ Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асыловтың айтуынша, 922 қазақстандық шетелдерде жазасын өтеуде. Жалпы, 7 миллионға жуық, яғни қазақтың үштен бірі шетелдерде өмір сүріп жатыр.
Дәулет АСАУ