NCOC компаниясы Каспий теңізінің түбінен кеме қатынасы каналын салатын болды. Басты себеп Каспий теңізінің тартылуы болып тұр. Бұл Қашаған кенішін игеріп отырған компанияға әжептәуір проблема тудыра бастаған. Жасанды аралдар тұрған аймаққа кемелердің бару-келуі қиындап кеткен.
NCOC мекемесі проблемадан шығар бір жол — таяз теңіздің табанын тереңдету, бұл уақыт күттірмейтін маңызды жоба дегенді алға тартып отыр. «Қашаған кен орны нысандарын жайластыру. Теңіз кешені. Теңіздегі кеме қатынасы каналдары» жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар былтыр қыркүйектің соңында өткен болатын. Алайда avaaz.org халықаралық интернет-платформасында жарияланған «Каспийді экологиялық апаттан құтқарайық» петициясы (құжат авторлары теңіз түбін тереңдету бойынша кез келген жұмыстарға мораторий салуды және жергілікті атқарушы органдар мен NCOC-тың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуді ұсынды) әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа резонанс туғызды. Нәтижесінде, консорциум сұрақтарға жауап беру үшін онлайн дөңгелек үстел өткізді. 6 мамырда Атырауға Каспий теңізін тереңдету жобасымен танысу үшін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов пен Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында олар ғалымдармен, қоғам белсенділерімен бірге мұнай компаниясының жобаны жүзеге асыратын аумағын аралап шықты. Гидрология, ихтиология саласындағы ғалымдар жобамен ашық танысты. Қоғам өкілдері де бұдан тыс қалмады. «Айта кететіні, тереңдету жұмыстары жаңа бағыттарда емес, қолданыстағы кеме жолдарында, 29 шаршы километр аумақта ғана жүрмек. Бұл теңіздің солтүстік-шығыс аймағының 0,03 пайызы ғана. Сол себепті балықтар миграциясына, құстар ареалына қатты әсері жоқ. Ал аз көлемдегі залалды компанияға өтету әдістемелері қарастырылған. Ал теңіз суының лайлануын азайту үшін жаңа технологиялар қолданады. Біз тұрақты түрде жобаны бақылауда ұстаймыз», – деді Зұлфұхар Жолдасов. Компания басшылығы тереңдету жұмысы ауқымды жоба емес, әдеттегі шаруа екенін алға тартып отыр. «NCOC компаниясының жұмыстары теңіз бойынша 5 аралда жүргізіледі. Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі осы аралдар арасындағы кемелердің қозғалысына, тасымал, апаттық құтқару жұмыстарына кері әсерін тигізіп жатыр. Сол себепті теңіздегі тек кеме жолдарын ғана тереңдетпекпіз. Ешқандай канал салу жоспары жоқ. Ал тереңдету – жаңа дүние емес, Каспий тарихындағы күнделікті жұмыс. Кеме жолдары әр уақытта да тереңдетіліп отырған. Сондықтан одан экологияға қауіп жоқ. Дегенмен де экологиялық әсерді бақылау үшін тұрақты түрде өндірістік мониторинг жүргіземіз. Жауапкершілікті түсініп отырмыз», – деді компания Бас директорының орынбасары Ермек Марабаев. Биология ғылымдарының докторы Елена Крупа тереңдету жұмысы барысындағы судың лайлануы теңіздегі организмдерге уақытша ғана әсер ететінін алға тартты. «Каспий экожүйесі қалпына келу қабілетіне ие. Теңіз организмдерінің қоректік базасына келер болсақ, фитопланктондар теңіз табанын тереңдету әсерінен болған лайлану кетіп, тұнықталғаннан кейін бірден орнына келеді. Бір айдан соң зоофланктондар, одан соң макрозообентос қалыпқа келеді. Ал жобаны Каспий теңізі деңгейі динамикасымен байланыстыруға болмайды. Себебі канал салынайын деп жатқан жоқ. Теңіз деңгейіне Жайық пен Еділдің ағын көлемі мен климаттық факторлар әсер етеді», – дейді ғалым. Ал биология ғылымдарының докторы, ихтиолог Асқарбай Камелов балықтар миграциясына жобаның әсері жоқтығын түсіндірді. «Каспийдегі Бекіре балықтары екі жағдайда – уылдырық шашу үшін және азық іздеу үшін көшіп-қонады. Уылдырық шашу кезінде теңіздің барлық акваториясы бойынша емес, тек жағалау аймағында миграция жасайды. Яғни, бұл кезеңде олар тереңдету жобасы жүзеге асатын аймақтың әсеріне ұшырамайды. Ал қорек іздегенде көбіне солтүстік аймақтардағы таяз жерлерге барады. Сондықтан миграцияға аталған жобаның әсері болмайды», – деді ол. Каспий теңізіндегі тереңдету жобасын қоғамдық мониторинг бақылауда ұстайды. Бұл туралы аталған жобаны Атырау облысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, NCOC компаниясы, экология, биология, география саласындағы ғалымдар мен сарапшыларының дөңгелек үстелі кезінде белгілі болды. Қоғамдық мониторинг тобына жергілікті экологтар, ғалымдар мен экобелсенділер кірді. «Атамекен Эко» қоғамдық қорының төрағасы Арман Хайруллиннің айтуынша, Каспийдегі қайран қазу жұмыстарын бақылауға қоғам қатыстырылады. Бұл бұрын-соңды болмаған айтулы оқиға. – Үкімет бастапқыда жобаны жүргізуге келісім берді. Біздер, экология жанашырлары мен қоғам болып бұған қарсы болдық. Бірақ бізге артқа шегінетін жол жоқ. Біз бар жағдаймен санасамыз. Қашаған жобасын жүзеге асыруға 46 милрд доллар құйылды деген мәлімет бар. Оны шетелдік инвесторларға қайтарып беретін біздің жағдайымыз бар ма? Онымен қоса сотқа жүгінсек, компенсациялар төлеу, жұмыс орындардың қысқаруы тағысын тағы мәселелерді шешетін қауқарымыз бар ма? Каспий теңізі Аралдың тағдырын кешеді деген пікірге де келісуге болмайды. Каспий суының 80 пайызы Еділ суы. Өзгесі Жайық және табиғи жолмен жаңбыр, қар суымен толығады. Каспий теңізіндегі жұмыстар балық қорына, жалпы су асты әлеміне, құстарға зиянын келтіреді. Алайда балықтардың мүлдем құрып кетуіне жетерлік алапат жағдай болмайды деп үміттенеміз, – дейді Арман Хайруллин.