Майдангерлерге құрмет көрсетті
Майдангерлерге құрмет көрсетті
218
оқылды

9 мамыр күні Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында тұратын Ұлы Отан соғы­сы­ның  ардагерлері Михаил Баранов пен Қаңтарбай Сәрсенбайдың отбасына арнайы  барып, майдангерлерді  Жеңіс күнімен құттықтап, мерекелік сый­лық­тарын тапсырды. 

Коронавирусқа байланысты жария­ланған карантин шектеулері кесірінен облыста Жеңіс күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмаған еді. Дегенмен облыс орталығын қоса алғанда, өңірдегі барлық аудан, қалаларда тұратын майдангерлердің бірде-бірі назар­дан тысқары қалған жоқ. Жергілікті билік мүмкіндігінше қолдау мен қамқорлық жасады. Мәслихаттар мен саяси партиялар да көмек қолын созды. Жалпы, Алматы облысында қазіргі кезде Ұлы Отан соғысы­ның от-жалынынан аман оралған 41 ардагер тұрады. Олардың ең кіші дегенінің өзі тоқсанның төріне шыққан. Осы асыл сүйек қариялардың қамқорлық аясынан тысқары қалмауы толығымен қамта­масыз етілген десек, қателеспейміз. Жеңістің 76 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысқан 41 ардагерге  бір миллион теңгеден бір реттік төлем­ақы берілді. Сонымен қатар  Жеңіске үлес қосқан тағы 15 санаттағы азамат­тарға да түрлі деңгейдегі төлемдер қарас­тырылып, облыс бойынша  бір реттік материалдық көмекке жалпы сомасы 328,2 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 8 718 адам қам­тылыпты. Облыс әкімінің қолынан сый-сия­патын алып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған қос майдангердің бірі Михаил Васильевич 1941 жылы Кеңес армия­сының қатарына шақырылып, 1947 жылы әскер­ден қайтқан.  Ардагер І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген әскери және мерейтойлық медальдармен мара­пат­талған. «Михаил Васильевич, Сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Сіз сияқты жауынгерлер Жеңісті жақын­датып, бейбіт өмірді қамтамасыз етті. Сізді аман-есен көру – біз үшін қуаныш. 100 жасқа келген мерейтойыңызды қарсы алуыңызға тілекшімін, – деген өңір бас­шы­сына 98 жастағы майдангер:  «Құрмет көрсеткен­дерің үшін үлкен рақмет. Мен де өте қуаныштымын. Бүгін бәріміз үшін айтулы мереке», – деп  алғысын білдірді, майданда түскен фотосуреттерін көр­сетті. Ұлы Отан соғысының ардагері Қаң­тар­бай ақсақал осы 7 мамырда 97 жасқа то­лып­ты. Соғыс жылдарында аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен бір дивизияда болған майдангер балаларын жеткізіп,  қазір солардан 25 немере мен 45 шөбере сүйіп отыр. «Жастар, Отанды қорғауға әрдайым дайын болыңдар, туған елді сүйіңдер. Қазір біз жақсы кезде өмір сүріп жатыр­мыз. Елбасына, Президентімізге біз сияқты ардагерлерге көрсетіп отырған қамқор­лығы үшін  шын жүректен риза­мыз. Ең бастысы бәріңізге мықты ден­сау­лық тілеймін. Мереке құтты болсын!» – деген ардагер құттықтап келгендерге ақ батасын арнады. «Облыста сіз сияқты 41 ардагер бар. Сізбен бір дәуірде өмір сүргеніміз біз үшін мақтаныш. Ең бастысы, ауыр­маңыз. Біз сіздің 100 жасқа келген ме­рей­тойыңызды тойлаймыз әлі. 9 мамыр мерекесімен тағы бір мәрте құттық­таймын. Жеңіс үшін сіздерге зор алғыс айтамыз, барша ардагерлердің алдында басымызды иеміз», – деді Амандық Баталов. Қаңтарбай Сәрсенбай майданға 18 жасында барыпты.  Майдандағы ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және бірқатар медальдармен наградталған. Михаил Васильевич пен Қаңтарбай Сәрсенбайды облыс, қала басшы­лары­мен бірге  жас кадеттер де құттықтады. Әскери оркестр майдангерлер құрметіне арнап «День победы» және «Прощание славянки»  марштарын орындады.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы