9 мамыр күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері Михаил Баранов пен Қаңтарбай Сәрсенбайдың отбасына арнайы барып, майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, мерекелік сыйлықтарын тапсырды.
Коронавирусқа байланысты жарияланған карантин шектеулері кесірінен облыста Жеңіс күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмаған еді. Дегенмен облыс орталығын қоса алғанда, өңірдегі барлық аудан, қалаларда тұратын майдангерлердің бірде-бірі назардан тысқары қалған жоқ. Жергілікті билік мүмкіндігінше қолдау мен қамқорлық жасады. Мәслихаттар мен саяси партиялар да көмек қолын созды. Жалпы, Алматы облысында қазіргі кезде Ұлы Отан соғысының от-жалынынан аман оралған 41 ардагер тұрады. Олардың ең кіші дегенінің өзі тоқсанның төріне шыққан. Осы асыл сүйек қариялардың қамқорлық аясынан тысқары қалмауы толығымен қамтамасыз етілген десек, қателеспейміз. Жеңістің 76 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысқан 41 ардагерге бір миллион теңгеден бір реттік төлемақы берілді. Сонымен қатар Жеңіске үлес қосқан тағы 15 санаттағы азаматтарға да түрлі деңгейдегі төлемдер қарастырылып, облыс бойынша бір реттік материалдық көмекке жалпы сомасы 328,2 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 8 718 адам қамтылыпты. Облыс әкімінің қолынан сый-сияпатын алып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған қос майдангердің бірі Михаил Васильевич 1941 жылы Кеңес армиясының қатарына шақырылып, 1947 жылы әскерден қайтқан. Ардагер І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген әскери және мерейтойлық медальдармен марапатталған. «Михаил Васильевич, Сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Сіз сияқты жауынгерлер Жеңісті жақындатып, бейбіт өмірді қамтамасыз етті. Сізді аман-есен көру – біз үшін қуаныш. 100 жасқа келген мерейтойыңызды қарсы алуыңызға тілекшімін, – деген өңір басшысына 98 жастағы майдангер: «Құрмет көрсеткендерің үшін үлкен рақмет. Мен де өте қуаныштымын. Бүгін бәріміз үшін айтулы мереке», – деп алғысын білдірді, майданда түскен фотосуреттерін көрсетті. Ұлы Отан соғысының ардагері Қаңтарбай ақсақал осы 7 мамырда 97 жасқа толыпты. Соғыс жылдарында аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен бір дивизияда болған майдангер балаларын жеткізіп, қазір солардан 25 немере мен 45 шөбере сүйіп отыр. «Жастар, Отанды қорғауға әрдайым дайын болыңдар, туған елді сүйіңдер. Қазір біз жақсы кезде өмір сүріп жатырмыз. Елбасына, Президентімізге біз сияқты ардагерлерге көрсетіп отырған қамқорлығы үшін шын жүректен ризамыз. Ең бастысы бәріңізге мықты денсаулық тілеймін. Мереке құтты болсын!» – деген ардагер құттықтап келгендерге ақ батасын арнады. «Облыста сіз сияқты 41 ардагер бар. Сізбен бір дәуірде өмір сүргеніміз біз үшін мақтаныш. Ең бастысы, ауырмаңыз. Біз сіздің 100 жасқа келген мерейтойыңызды тойлаймыз әлі. 9 мамыр мерекесімен тағы бір мәрте құттықтаймын. Жеңіс үшін сіздерге зор алғыс айтамыз, барша ардагерлердің алдында басымызды иеміз», – деді Амандық Баталов. Қаңтарбай Сәрсенбай майданға 18 жасында барыпты. Майдандағы ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және бірқатар медальдармен наградталған. Михаил Васильевич пен Қаңтарбай Сәрсенбайды облыс, қала басшыларымен бірге жас кадеттер де құттықтады. Әскери оркестр майдангерлер құрметіне арнап «День победы» және «Прощание славянки» марштарын орындады.Болат АБАҒАН, Алматы облысы