Ешкім де ұмытылмайды
Ешкім де ұмытылмайды
128
оқылды

Елімізге бейбіт өмір сыйлаған со­ғыс ардагерлері қашанда құрмет­ке лайық. Мерекеде майдангерлер елеусіз қал­май­ды. Елімізде қатар келетін  Отан қор­ғаушылар күні мен Жеңіс күні қар­саңында ардагерлер мен тыл еңбек­керлері, ҰОС-на қаты­су­шыларға теңес­тірілген азамат­тарға сый-сияпат көрсе­тіледі. Шымкент қаласында да Отан үшін от кешкен осынау жандарға тиісінше кө­мек көрсетіліп жатыр. Біз Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеумет­тік қорғау басқармасы бас­шы­сының міндетін атқарушы Ерман Бекмұратовтан әлеуметтік көмек бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тарды сұрағанбыз.

– Ерман Нұрланұлы, мерекеде елі­міздің барлық өңірінде ардагерлерге құрмет көрсетіле­тінін білеміз. Шымкент қаласының  әкімдігі  қазына қарияларды қандай игі шараларымен қуантты? – Шымкент қаласы бойынша 82 124 зейнеткер бар. Оның 21-і – Ұлы Отан со­ғы­сының ардагері. 3 307 тыл еңбеккері болса, 1 728-і – ҰОС-на қатысушыларға теңес­тірілген азаматтар.  Теңестірілген азаматтар қатарына  Ауғанстанға жіберіл­ген әскери міндеттілер, 1986-1987 жыл­дары Чернобыль  атом электр стансасын­дағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар, Семей полигоны яд­ро­лық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған және радиациялық апаттар мен авариялардан зардап шеккен жандар кіреді. Бүгінгі таңда Жеңіс күні мерекесіне орай 21 ардагердің есеп­­шоты­на жалпы  22 млн 52 мың теңге  ауда­рылды. Қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген бір ретік ақшалай төлем 3 307 тыл ардагеріне, жалпы 115 млн 758 мың теңге көле­мін­де қаржылай сыйақы ұсынылды. 3 307 тыл ардагеріне  35 мың теңгеден, теңес­тіріл­ген азамат­тарға 36 АЕК, яғни 105 012 теңге көле­мінде қар­жы­лай көмек көрсетілді. Жыл сайын Жеңісті жақындатқан ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны өкінішті. Былтыр ғана 40 соғыс ардагері болса, биыл оның 21-і ғана қалып отыр. Амал нешік, барына қолдау көмек көрсетіп тұру – біздің парыз. Әлеуметтік әлсіз топтардың ешқайсысы да мемлекеттің қолдауынан тыс қалмай­ды. Биыл 6 174 ардагер мен зейнеткерлерге 3 санаторлық-курорттық шипажайлар қыз­мет көрсетеді. Оның бірі – Шымкент қала­сындағы «Денсаулық», Түлкібас аудандағы «Ақсу-Жабағлы», Тараз қаласындағы «Айша бибі» шипажайлары.  Мемлекет тарапынан 2021 жылға шымкенттік ардагерлер мен аз қамтылған отбасыға  750 млн теңгеге жуық бөлінген. – Басқарма әлеуметтік көмек көрсету­мен ғана емес, бірқатар бағыт бойынша жұмыс атқаратынын білеміз. Оның ішінде жұмыспен қамту мәселесі де бар. Соңғы жылдары жұмыс­пен қамтудың тетіктері біршама жетілдірілді. Осы ретте өңір тұрғындары тарапынан белсен­ділдік байқала ма? Әлде... – Иә, басқармада ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеу­мет­тік қолдаудан бөлек, халықты жұ­мыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға әлеуметтік қолдау көрсету және азаматтық құқықтық актілерін тіркеу мен көші-қон мәселесі оралмандармен жұмыс та біздің міндетімізге кірген. Өзіңіз айтып өткен жұмыспен қамту шаралары республика деңгейінде ауқым­ды бағдарламамен жүзеге асып отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде биыл 21 842 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде нақты 5 885 адам осынау бағдарламаның игілігін көруде. Бағдарламаның іске асырылуы үшін бюджеттен 4,0 млрд теңге бөлінді. Бірінші бағыты саналатын тегін кәсіби оқуға  биыл 2 500 адам жолданбақ. Екінші бағыты Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында 590 адамға мемлекеттік грант берілді. Ал үшінші бағыты са­на­латын халықты жұмыспен қамтуға жәрдем­десу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту   бойынша 15 591 адам жұмыспен қамтылуы тиіс.  Бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралары­мен қамтылады. Тұр­ғын­дар тарапынан бағдарламаға қатысуға ниеттілер көп. Әлемді әлекке салған COVID-19 пан­демиясының кесірінен еңбек нарығы үшін сын-қатерлерді болдырмау, азамат­тардың жұмыстан қысқаруына жол бер­меу де басты міндеттеріміздің бірі болып тұр. Бұл мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «Жұмыспен қам­тудың жол картасы» биыл да жалғасып жатыр. Жоспарға сәйкес жұмыстар негізгі 2 бағытта, яғни реконструкциялау бойынша 1 жоба, құрылыс бойынша 12 жобаны, барлығы 13 жобаны іске асыруға 13,7 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, 392 жұмыс орны құрылады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы