Елімізге бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлері қашанда құрметке лайық. Мерекеде майдангерлер елеусіз қалмайды. Елімізде қатар келетін Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, ҰОС-на қатысушыларға теңестірілген азаматтарға сый-сияпат көрсетіледі. Шымкент қаласында да Отан үшін от кешкен осынау жандарға тиісінше көмек көрсетіліп жатыр. Біз Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерман Бекмұратовтан әлеуметтік көмек бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды сұрағанбыз.
– Ерман Нұрланұлы, мерекеде еліміздің барлық өңірінде ардагерлерге құрмет көрсетілетінін білеміз. Шымкент қаласының әкімдігі қазына қарияларды қандай игі шараларымен қуантты? – Шымкент қаласы бойынша 82 124 зейнеткер бар. Оның 21-і – Ұлы Отан соғысының ардагері. 3 307 тыл еңбеккері болса, 1 728-і – ҰОС-на қатысушыларға теңестірілген азаматтар. Теңестірілген азаматтар қатарына Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар, Семей полигоны ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған және радиациялық апаттар мен авариялардан зардап шеккен жандар кіреді. Бүгінгі таңда Жеңіс күні мерекесіне орай 21 ардагердің есепшотына жалпы 22 млн 52 мың теңге аударылды. Қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген бір ретік ақшалай төлем 3 307 тыл ардагеріне, жалпы 115 млн 758 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы ұсынылды. 3 307 тыл ардагеріне 35 мың теңгеден, теңестірілген азаматтарға 36 АЕК, яғни 105 012 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Жыл сайын Жеңісті жақындатқан ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны өкінішті. Былтыр ғана 40 соғыс ардагері болса, биыл оның 21-і ғана қалып отыр. Амал нешік, барына қолдау көмек көрсетіп тұру – біздің парыз. Әлеуметтік әлсіз топтардың ешқайсысы да мемлекеттің қолдауынан тыс қалмайды. Биыл 6 174 ардагер мен зейнеткерлерге 3 санаторлық-курорттық шипажайлар қызмет көрсетеді. Оның бірі – Шымкент қаласындағы «Денсаулық», Түлкібас аудандағы «Ақсу-Жабағлы», Тараз қаласындағы «Айша бибі» шипажайлары. Мемлекет тарапынан 2021 жылға шымкенттік ардагерлер мен аз қамтылған отбасыға 750 млн теңгеге жуық бөлінген. – Басқарма әлеуметтік көмек көрсетумен ғана емес, бірқатар бағыт бойынша жұмыс атқаратынын білеміз. Оның ішінде жұмыспен қамту мәселесі де бар. Соңғы жылдары жұмыспен қамтудың тетіктері біршама жетілдірілді. Осы ретте өңір тұрғындары тарапынан белсенділдік байқала ма? Әлде... – Иә, басқармада ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдаудан бөлек, халықты жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету және азаматтық құқықтық актілерін тіркеу мен көші-қон мәселесі оралмандармен жұмыс та біздің міндетімізге кірген. Өзіңіз айтып өткен жұмыспен қамту шаралары республика деңгейінде ауқымды бағдарламамен жүзеге асып отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 21 842 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде нақты 5 885 адам осынау бағдарламаның игілігін көруде. Бағдарламаның іске асырылуы үшін бюджеттен 4,0 млрд теңге бөлінді. Бірінші бағыты саналатын тегін кәсіби оқуға биыл 2 500 адам жолданбақ. Екінші бағыты Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында 590 адамға мемлекеттік грант берілді. Ал үшінші бағыты саналатын халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша 15 591 адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылады. Тұрғындар тарапынан бағдарламаға қатысуға ниеттілер көп. Әлемді әлекке салған COVID-19 пандемиясының кесірінен еңбек нарығы үшін сын-қатерлерді болдырмау, азаматтардың жұмыстан қысқаруына жол бермеу де басты міндеттеріміздің бірі болып тұр. Бұл мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» биыл да жалғасып жатыр. Жоспарға сәйкес жұмыстар негізгі 2 бағытта, яғни реконструкциялау бойынша 1 жоба, құрылыс бойынша 12 жобаны, барлығы 13 жобаны іске асыруға 13,7 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, 392 жұмыс орны құрылады. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы