Пандемия пәрмені бизнестің дәрменін құртты
Пандемия пәрмені бизнестің дәрменін құртты
112
оқылды

Былтырдан бастап әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясының экономикаға тигізген зардабы зор. Соның салдарынан көптеген ірі компаниялардың жұмысы тоқырап, мұнайдың да бағасы құлдырап кетті. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі де жеке кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп, оларды 3 жылға салықтан босату жөнінде шұғыл шешім қа­был­дады. Алайда бұл салаға салмақты реформалар жасал­маса, бұндай уақытша демеудің дем бере қоймасы анық.

Жеңілдетілген несие беріп...

Былтыр Ұлттық банк заңға кә­сіп­­керлерге арналған несиеге қа­тысты бірқатар өзгеріс енгізіп, пан­демия жағдайына байланысты оларға қосымша қаржы бөлінген еді. Сөйтіп, ірі кәсіпкерлер 6 мил­лиард теңгеге дейін, ал шағын биз­нес өкілдері 3 миллиард теңгеге де­йін ала алатын болды. Бұл ретте ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қолдау шарасы «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Жік­теп айтқанда, былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелеу көлемі 1 трил­лион теңгеге жетті. Оның 700 мил­лиар­ды агроөнеркәсіптік кешенге жұмсалса, 300 миллиарды қайта өңдеу мен қызмет көрсету саласына берілген. Сондай-ақ 100 миллиард теңге көктемгі егістік жұмыстарына бөлініп отыр. «Біздің бағалауы­мыз­ша, ЖІӨ құрамындағы шағын және орта бизнес үлесі 29,5 пайыз бо­ла­ды. Ол секторларда 3 миллион адам жұмыс істейді. 2019-2020 жылдары осы бағдарламалар бойынша қол­дауға ие болған кредиттік порт­фель­дің жалпы көлемі 372 мил­лиард теңге болып, 5,5 мың жоба қаржыландырылды», – деді сол сәтте Ұлттық экономика министрі­нің орынбасары Жаслан Мәдиев. Алайда қазір елімізде қоғамдағы негізгі сервис саласы болып са­налатын шаштараз, химиялық та­залау, сән салондары және жеткізу қызметі қарастырылмаған қоғам­дық тамақтану орындары сынды 1,2 миллионға жуық дара кәсіпкер­лік нысаны бар десек, соның не­бәрі 1 200-дейіне ғана қолдау көр­сетілген. Енді биыл 47 мыңға жуық жобаға 2,5 триллион теңгеден ас­там жеңілдетілген несие беру көз­деліп отыр. Осы орайда кәсіп­кер­лердің өтініштерін қарау 21 күннен 5 күнге қысқарды.

Салықтан сәл босатқанмен...

Жалпы, жеке кәсіпкерлердің 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін алынатын табыстарға салынатын салықтан босатылғаны мәлім. Бұл ретте барлығы 1,2 миллион кәсіп­керлік субъектісі немесе бизнес субъектілері санының 75 пайызы салықтан босатылатындар қатары­на кіреді. Демек, бизнес өкілдері енді 3 жыл бойы 380 миллиард тең­геге жуық табыс салығын төле­мейді. Ұлттық экономика министр­лігінің хабарлауынша, бұл санатқа 15 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 79 миллион теңгеге дейінгі микро бизнес өкіл­дері және 100 адамға дейінгі жұ­мысшысы бар және жылдық та­бысы 795 миллион теңгеге дейінгі шағын кәсіпкерлер кіреді. Ал мамандар бұл мемлекет үшін үлкен шығын емес екеніне сенімді. «Егер мемлекетіміздің көтерілгенін қа­ласақ, бізде жеке кәсіпкерлер көп болуы тиіс. Мысалы, дағдарыс­тан көбінесе шағын және орта бизнесі дамыған үлкен елдер қиналмастан шығып кетеді. Шағын және орта, микробизнестер аяққа тұрып, шаруалары жүріп кетсе, мемлекетке табыс еселеніп қайтады», – дейді экономист Ләззат Жанмолда. Бір қызығы, карантин уақы­тында сауданы онлайн жасап, төлем операцияларын қашықтық­тан жүзеге асыру 2,5 есе артқан. Сол себепті Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақ­станда онлайн саудада жұмыс іс­тейтін кәсіпкерлерді де салықтан босатуды ұсынып жатыр. Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз операциялар шамамен 7,5 трил­лион теңгеге жуықтапты. Енді осы жағдайда жылдық кірістің кем де­генде 40 пайызы онлайн саудадан түсуі қажет екен.

Тоқырауды тоқтату қиын

Қазір карантин талаптары жеңіл­детілгенмен, әлі де кәсібін дөң­гелете алмай отырғандар бар­шылық. Былтырдан бері еліміздегі 430 мыңнан астам кәсіпкер биз­несін тоқтатты десек, бір ғана Ақтөбе облысының өзінде сондай салаларда қызмет етіп келген 8,5 мың адам жұмыссыз қалған. Ал алматылық кәсіпкерлер мектеп асханалары, боулинг, бильярд, караоке, компьютер клубтары сынды бизнестің жекелеген түрлері әлі жұмысын бастамағанын, олар­дың төтенше жағдай мен карантин кезінде экономиканың зардап шеккен салаларына кірмей қалға­нын мәселе етіп көтерді. «Енді тө­ленбеген несие мен салықтар үшін мүлікке арест қойылып, сатуға шығарғанын күту ғана қал­ды. Кәсіпкерлердің осы санатына көрсетілген дағдарысқа қарсы ша­ралар мардымсыз», – дейді «Қо­ғамдық тамақтану кәсіп­орын­да­рының қауымдастығы» ЗТБ же­текшісі Ляна Тұрсынова. Сонымен қатар Алматыдағы 300-ге жуық кәсіпкердің басын қосқан «Қазақ­стан мейрамхана бизнесі» қауым­дас­тығының басшысы Юрий Пааль: «Сауда орталықтары жалдау ақысынан босатқан бизнес өкіл­дерінен басқа кәсіпкерлердің көбі мемлекеттің қолдауын мүлде се­зінген жоқ. Біздің сала жойылып кетуге шақ тұр», – деген үрейін жеткізді. Ол дәмхана, мейрамхана бизнесінің шамамен 60 пайызы қысқарғанын, қазір 10 пайызының ғана жағдайы жақсы екенін алға тартты. Оның өзі бюджеттік ке­лісім­шарты бар немесе ірі халық­аралық желінің өкілі саналатын мекемелер көрінеді. Сарапшылар елдегі шағын және орта бизнестің 30 пайызы қайта қалпына келмей, біржола жабылуы мүмкін деседі. Себебі біздің кәсіптер пандемияға дейін де дағдарыс жағдайында болған. Өйткені билік шағын және орта бизнеске көмек туралы көп айт­қанымен, ақыр соңында ол кө­мекке «жүйе түзетін кәсіпорындар» ғана қол жеткізген деседі мамандар. Eximar форсайт агенттігінің ди­ректоры Айман Тұрсынхан сондай пікірде. «Жүйе түзетін кәсіпорын­дар» тізіміне қатысты дау маған ша­ғын және орта бизнеске беріледі деген қаржының көп бөлігі осын­дай ірі кәсіпорындарға бөлінгендей әсер қалдырды. Сонда мемлекет шағын және орта бизнеске көмек беру ұранымен бюджеттен қаржы алып, оны ірі бизнесті қолдауға жұм­сап отыр ғой. Яғни, шағын және орта бизнеске көмек пен қол­дау көрсетілген жоқ. Шағын және орта бизнес өлді деуге болады», – дейді Айман Тұрсынхан. Оған мысал ретінде қазір тек Атырау облысында 18 мыңға жуық бизнестің тұралап тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Ал ШҚО-да 500-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұ­мысын жандандыра алмай отыр. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, төтенше жағдай кезінде өңірде 14 412 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын тоқтатқан. «Ойын-сауық саласында еңбек ет­кен 4,3 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды», – делінген ШҚО Ақпарат орталығының хабарламасында. «Атамекен» ҰКП-ның бизнес өкілдері арасында жүргізген сауал­намасына сүйенсек, Шымкент, Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарында жеке кәсіп сала­сында қысқартылған адам саны көп екен. Ал палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов былтыр пандемия салдарынан 1 миллион кәсіпкер зардап шегіп, 430 мыңнан астам субъектінің жұ­мысы тоқ­тағанын растап отыр. Кейін Қа­зақстан кәсіпкерлерінің құқықта­рын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов жаңа дерек ұсынды. Айтуынша, 2020 жылғы 1 наурыздан 2021 жылғы 1 наурызға дейін Қа­зақстанда 174 853 жеке кәсіпкерлік және 28 373 заңды тұлға жабылып тынған. Сондықтан да ол кейінге қалдырылған салық­тар мен жар­налар сомасын төлеуге неғұрлым көп уақыт берілсе, соғұр­лым жақсы болады деген пікірде.

Еркеғали БЕЙСЕН