Грузияда белгісіз жағдайда қаза тапқан отандасымыздың мәйіті елге жеткізілді, - деп хабарлайды «Хабар 24». Марқұмды бүгін елорда іргесіндегі Қабанбай батыр ауылында жерлемек.
«Қаршадай қыз өз-өзіне қол салған болуы мүмкін», - дейді сол елдің прокурорлары.Алайда Әсел Айтбаеваның анасы бұған сенбейді. Зар илеген ана сұхбат берді.
"Грузияда қайтыс болған отандасымыздың мәйіті елге жеткізілді. Тбилисиден аттанған ұшақ елорда әуежайына таңғы 10:30 шамасында келіп қонды. Бортта марқұмның анасы да бар еді. Сол кісі бізге сұхбат берді. Айсұлу Айтпаеваның айтуынша, қызын өлтірген өзінің күйеу баласы болуы мүмкін. Өйткені әлгі адам оқиға болған түні ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Байланысқа мүлдем шықпапты. Марқұмның туыстары оны Қазақстанға қашып кеткен болуы мүмкін деп отыр", - дейді тілші Дастан Сейілханұлы.Грузия прокуратурасы қылмыстық іс қозғаған. Олар марқұм өз-өзіне қол салуы мүмкін дейді. Дегенмен, тергеу әлі жалғасып жатыр. Төрт бірдей адам күдікке іліккен көрінеді. Солардың арасында күйеу баласы да бар. Қара жамылған отбасы істің ашық әрі әділ тергелуін талап етіп отыр. Арнайы шағым жазып, құзырлы орын өкілдеріне өткізіп те қойған. Марқұм Әсел Айтбаева Грузияға жұмыс іздеп барған екен. Қанды оқиға болардан екі сағат бұрын анасымен телефон арқылы тілдесіпті. Грузияға келіп кетуін өтінген екен. Одан бөлек, құрбыларына дыбыстық хабарлама жіберген. Сол жерде әлдебір ер адамның оған сес көрсетіп жатқаны естіліп қалыпты. Еске салайық, 26 жастағы отандасымыз Әсел Айтпаеваның қаза болғаны туралы ақпарат 5 мамыр күні шыққан. Марқұм 9 қабаттан құлап қаза тапқан. Оқиғаның қалай болғанын Грузия полициясы анықтап жатыр. Бұған дейін Грузияда қаза тапқан қазақ қызының анасы Айсұлу Айтпаева грузиндік журналистерге қызы Әсел Айтпаеваны терезеден итеріп жібергенін айтқанын жазған болатынбыз.