Сұлулықты несиеге алғысы келгендер сан соғып қалды
Сұлулықты несиеге алғысы келгендер сан соғып қалды
183
оқылды
Қарағанды қаласында Beauty KRG сұлулық салонына клиент болған жүздеген әйел қарызға батты. Бұл туралы Life09 хабарлады. Салон қызметкерлері «Бетіңізді тегін әрлетіңіз» деп Инстаграмда жарнама береді. «Тегін» деген соң әйелдер үймелей кетіпті. «Әдемі қыламыз» деп сендірген салондағылар оларға несие рәсімдеуді ұсынады. Бір қызығы, банк өкілдері салонның ішінде отырады. Олар да кредитті қолма-қол рәсімдеп береді. Алды 300, соңы 500 мың теңгеге дейінгі сомада несие алады. Клиенттер бұл ақшаға жыл бойы салонның қызметін алуға келіседі. Кейін өздерінің алданғанын білген әйелдер «Келісімшартқа қалай қол қойғанымызды түсінбей қалдық» дейді. Осылайша, қаншама адамды кредитке кіргізген салонның есігі кілттеулі. Телефонын көтермейді, қайда көшіп кеткені белгісіз.
«Аталған факті бойынша Beauty KRG эстетикалық медицина орталығының 29 және 34 жастағы қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Орталық полиция бөліміне жәбірленушілерден 162 шағым түсті. Шығынның алдын ала мөлшері – 25 миллион теңге. Тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ