Елордада 34 жастағы ер адам пайда табу мақсатында өзінен жасы үлкен әйелдермен танысып, олардың сеніміне кірген. Әзірге зардап шеккен 8 әйел анықталды, - деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Есіл» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен 34 жастағы ер адамды ұстады. Тергеу барысында күдікті әлеуметтік желі арқылы көбінесе 40-50 жас аралығындағы әйелдермен танысқаны белгілі болды. Өзін «Алмас» не «Алмат» деп таныстырған ол банктің қауіпсіздік қызметінде немесе мемлекеттік қызметте істейтінін айтқан. Әйелдердің сеніміне кіріп, олардан ақы алып, табысы жоғары жұмысқа орналастыруға уәде берген. Алаяққа сеніп қалған келіншектің бірі өз атына несие рәсімдеп, оған ұялы телефон сатып берген. Ол тағы бір әйелдің тонын химиялық тазартуға тапсырамын деп алып кеткен. Қазіргі кезде тәртіп сақшылары алаяқтың әрекетінен зардап шеккен 8 әйелді анықтады. Жедел-іздеу шараларының барысында күдікті ұсталып, кінәсін толық мойындады. Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болып, жете танымайтын адамдарға сенбеуге шақырады. Ер адамның заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккендер болса, Полиция департаментінің мына нөмірлеріне хабарласа алады: 61-30-68, 71-64-90, 71-65-58. 8-775-601-11-00 немесе 102.