Ұлттық статистика комитеті жүргізген сауалнама нәтижесі осындай. «Еуразия» бірінші арнасының мәліметінше, халықтың 63 пайызы өзінің бақытты, яғни, өміріне риза екенін айтқан.
Ұлттық статистика комитеті жүргізген зерттеу нәтижесінде, өз өміріне шүкіршілік ететіндердің дені қала емес, ауыл тұрғындары екені анықталған. Респондеттердің 72,6 %-ы әл-ауқатына, өмір сүру деңгейіне көңілі толатынын байқатыпты. Бірақ қоғам белсендісі «жүргізілген сауалнама қорытындысына күмәнім бар» дейді.Мамандар бақыттың формуласын бірнеше категория арқылы анықтаған. Денсаулық, жұмыс, отбасы, ақша, табысын сұраған. Ал психологтар бақыттың өлшемін әркім әрқалай түсінеді дейді. Себебі оның нақты формуласы жоқ.Қоғам белсендісі Айша Құрманғали: «Шынайы жағдайға үңілетін болсақ, бақыттымын деуге келмейтін сияқты. Статистиканы жүргізушілер аралас-құралас, кабинетте отырып жүргізуі мүмкін. Қиналып жүргендердің арасында сұрау салмауы мүмкін», – дейді.
Ең қызығы, ер-азаматтар әйелдерге қарағанда бақытты. Нақтырақ айтсақ, еркектердің 65,9%-ы, нәзік жандылардың 62%-ы ғана өміріне дән риза.Психолог Лаура Мугжанова: «Адамдардың көбісі бақыттың не екенін, неге қажет екенін, көп терең ойламай, қателіктер жібереді. Бақытты болуды армандайды, бірақ та көбі өз-өзіне жұмыс жасауды ұмытып кетеді, сүйікті ісімен айналыспайды», – дейді.
Әлемдік рейтингте Қазақстан былтыр 60-орында. Көшбасында Финляндия, Дания, Норвегия мемлекеттері тұр.