Көліктегі бас санитар дәрігердің қаулысымен 11 мамырдан бастап Ashyq жобасына қатысатын әуежайларды қоспағанда, «қызыл» аймақта орналасқан шығарып салушылар мен қарсы алушылардың әуежай ғимараттарына кіруін шектеу бойынша талаптар қойылды, - деп хабарлады azattyq-ruhy.kz. 12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы осы жобаға қосылды. Шығарып салатын және қарсы алатын жолаушылар әуежай ғимаратына қосымшаның көмегімен өтеді. Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, әуежайға енгізілген Ashyq жобасы аз уақыт ішінде тиімділігін көрсеткен.
«Мәртебесі қызыл – 8, мәртебесі сары 9 жолаушы анықталды. Бұл адамдардың індет жұқтырғанын, ауырып жүргенін біле тұра, әуежайға келіп, Қазақстан бойынша жүруге тырысатынын көрсетеді», - деді вице-министр.Ashyq жобасы 21 мамырдан бастап Алматы қаласының әуежайында да енгізіледі. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Төлеповтің айтуынша, Ashyq қосымшасында адамның мәртебесі қызыл түсті деп анықталса, жолаушыға билет құны толықтай өтеледі немесе қайта брондауға мүмкіндік беріледі. Ал сары түсті мәртебе анықталса, әуе компаниясы мен жолаушы арасындағы әуе тасымалының шарты бойынша төлем жүргізіледі. Ashyq – қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеуге арналған қосымша. Нысанға кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Ал азаматтардың статусы Денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.