Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны танысымен ұрсысып қалып, оның үйін өртеп жіберген, деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі. Оқиға Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылында болған. Абырой болғанда, үйі өртенген 52 жастағы әйел сол күні құрбысының үйіне барып қонған.
"Ол ер адамның қоқан-лоққы көрсеткенін айтты. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері үйге әдейі өрт қойылғанын анықтады", - делінген хабарламада.Шұғыл іздестіру шаралары барысында ауылдың 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұған дейін ол ұрлық жасап, біреуді жарақаттағаны үшін сотталған. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған кезде күдікті мас болған. Сараптамалар тағайындалды.