Түркістан өз тарихының жаңа әрі жарқын кезеңіне қадам басты- Айдос Үкібай
Түркістан өз тарихының жаңа әрі жарқын кезеңіне қадам басты- Айдос Үкібай
113
оқылды
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанға жасаған сапарынан кейін өз ой-толғамымен бөлісті. Бұл туралы ол Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
«Елбасының жақында Түркістанға жасаған сапарының бағдарламасы өте мазмұнды болды. Үш жарым сағат ішінде Нұрсұлтан Назарбаев жеті нысанға бас сұғып, қала мен облыстың даму жоспарларымен танысты, «Керуен-сарай» кешенін аралады», - деп бастады ол сөзін.
Айдос Үкібайдың айтуынша, Елбасы Түркістандағы құрылыстарды оң бағалап, қала шын мәнінде танымастай болып өзгергеніне назар аударған.
«2018 жылдан бастап Қазақстанның рухани астанасын кезең-кезеңмен салу жоспарын іске асыру бойынша орасан зор жұмыс жүргізілді. Бүкіл түркі әлемінің киелі орталығы саналатын Түркістан өз тарихының жаңа әрі жарқын кезеңіне қадам басты. Ата-бабаларымыздың ерлік істері туралы естеліктер тұнған рухани шаһар ұлтымыздың болашаққа ұмтылысының тағы бір символына айналды», - деді Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы.
Атап өтілгендей, Түркістанның жаңғыруы облыс орталығына ғана емес, бүкіл өңірге мультипликативті экономикалық әсер берген жобаға айналды.
«Үш жыл ішінде өңірдің өнеркәсіп көлемі 18 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 34 пайызға, шағын және орта бизнестің үлесі 21 пайызға өсті. Осы уақыт ішінде әкімшілік-іскерлік және әлеуметтік-мәдени нысандармен қоса өнеркәсіптік аймақ құрылды. Қала жүз пайыз газбен қамтылды», - дейді А.Үкібай.
Сондай-ақ, ол Түркістанның айналасында ауданы 13 мың гектар болатын жасыл белдеу бой көтеріп келе жатқанын, сол белдеуге 3,5 миллион түпағаш отырғызылғанын айрықша атап өтті.
«Өзінің сан ғасырлық бай тарихында Түркістан мұндай құрылыс ауқымын ешқашан көрген емес. Мұнда инвестициялар тартылуда, мұнда жұмыс орындары құрылуда. Мәселен, облысқа салынған инвестициялар көлемі үш жылда 2,4 еседен астам ұлғайды. Түркістан қаласына 367 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланды», - деді Айдос Үкібай.