Армения үшін жеңілдік ұзартылды

Армения үшін жеңілдік ұзартылды

Одақтың заңнамасын қабылдау ісі жалғасып жатыр. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар ЕАЭО-ға кейін кірген Армения мен қырғыз елінің кедендік баждарын одақтың мөлшерлемесіне кезең-кезеңмен интеграциялауға мүмкіндік беретін заңдарды қабылдады.

«Қабылданған заңдар Армения мен Қырғыз Республикасының аумақтарына үшінші елдерден әке­лінетін бірқатар тауар тізбесін ке­дендік-тарифтік реттеу саласын қамтиды. Бұл елдер Еуразиялық одақ шенберінде қарастырылған уақытша жеңілдіктерді әлеуметтік-экономикалық жағдайға бай­­­ла­­­нысты 1 жылға ұзартуды сұраған болатын. Өтініштер жоғары дең­­­гейде қолдау тапты. Жалпы, бұл заңдар одақ аясындағы әріптестік пен ынтымақтастық қатынастарды нығайтуға оң септігін тигізеді», – деді М.Әшімбаев. Негізі, Армения одаққа кір­­­генде 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін кейбір тауарға қатысты Еу­­­разиялық одақтың Бірыңғай ке­­­дендік тарифінде көзделгеннен әл­­­деқайда төмен импорттық ке­дендік баждарды қолдану мүм­кін­дігі берілген екен. Қазақ­стан­­дықтардың Армениядан арзан кө­лік тасуының мәнісі де сонда жа­тыр. Бұл ретте Арменияның жеңіл­дікті тізбесі 981 тауар позициясынан тұрды. Арасында азық-түлік тауар­ры, ет, жарма, химия өнім­дері, автомобиль, дәрі-дәрмектер, жаб­­дықтардың, құралдардың және асыл тастардың кейбір түрі бар. 2019 жылғы желтоқсанда Жо­ғары Еуразиялық эконо­­­микалық кеңес барысында Армения премьер-министрі Н. Пашинян Бірың­­ғай кедендік тарифке көшу кезеңін ұзарту туралы өтініш білдірді. ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­­тің құрметті Төрағасы – Елбасы                 Н. Назарбаев өтпелі кезеңі 2019 жылы аяқталған тауарларға қа­­­тысты төмен импорттық баждарды қолдану мерзімін армяндар үшін тағы 1 жылға ұзартуға келісті. Де­­­генмен жеңілдік қолданылатын тауар тізбесі қысқартылды. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Арме­­нияда тек 94 тауар қалды, олар бойынша енді 2022 жылғы 1 қаң­­­тарға дейін төменгі импорттық баж салығы қолданылады. Бұл ет, жар­ма, көкөністер, асыл тастар мен жаб­дықтар сияқты тауар. Де­мек, алда Арменияда да «темір тұлпарлар» қымбаттай бастамақ. Қырғыз Республикасы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 222 тауар позициясына қатысты төмен им­порттық кеден баждарын қол­дануға мүмкіндік алған. Арасында азық-түлік тауары, дәрі-дәр­мектер, автомобильдер, түрлі-түсті металл бұйымдары мен жабдықтар сияқты тауар бар. Өзіндегі тұ­рақсыз экономикалық және әлеу­меттік жағдайды ескере отырып, қырғыз президенті 2019 жылғы желтоқсанда одақ саммиті бары­сында төмен баждарды қолдану мерзімін ұзарту туралы өтініш біл­дірді. Лидерлер бұл идеяны құп алып, 1 жылға ұзартқан. Сол өт­пелі кезең биыл бітті. 2021 жылғы 1 қаң­тардан бастап Қырғыз Рес­пуб­ли­касы барлық тауарға қатысты одақтың Бірыңғай ке­дендік тари­­­­фінің мөлшер­­­­ле­месіне көшті.  

Елдос СЕНБАЙ