2018 жылы Елбасының тарихи Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітіліп, барша түркі жұртын қуанышқа кенелтті. Нәтижесінде, бүгінде түркітілдес мемлекеттердің рухани астанасына айналған Түркістан қаласы қайта түлеп, қарқынды көркейіп жатыр. Биылғы ораза аяқталар тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына арнайы сапарлап келіп, қала тынысымен танысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына келген сапарында өзінің идеясымен қарқынды жанданып жатқан қасиетті қаланың тыныс-тіршілігімен және ондағы қыруар жұмыстармен танысып, бірнеше нысанның ашылу рәсіміне қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан сапарында Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ «Тұңғыш Президент саябағын» одан әрі абаттандыру жоспарымен танысты. «Тұңғыш Президент саябағын» аралап, абаттандыру жұмыстарын көрді. Жалпы аумағы 38 гектар болатын саябақта сыйымдылығы 100 текше метр жасанды арал пайда болды. Жасанды аралға су әкелу үшін су ұңғымасы мен резервуар салынған. Онда 10 мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Жаңа демалыс орны ерекше дизайнда жасалған шамдармен жарықтандырылады. Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсімі аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңіріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған. Айта кетейік, «Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен» қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. Мемориалдың архитектуралық шешімі – биіктігі 7 метрлік сатылы 21 пилоннан тұратын, диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі композиция. Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр. Бұдан соң Тұңғыш Президент назарына ботаникалық бақтың даму жоспары ұсынылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасын жүзеге асыру туралы баяндалды. Жалпы, «Яссы» ботаникалық бағының жалпы ауданы 7,7 гектар. Бақтың орталық бөлігі раушан гүлдерден және аршадан жасалған ислам ою-өрнектері бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Саябақ ішінде раушан гүлдерден ислам паттерндеріне ұқсас гүлзарлар бар. Бұл жерге мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүлдейтін сәнді өсімдіктер. Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан интерактивті этноауылға барды. Елбасы этноауылдағы қолөнершілер көшесін аралады. Қолөнершілер көшесінде ағаш ұсталарының, тоқымашылар мен киіз басушылардың, қыш бұйым жасайтын шеберлердің, зергерлердің, тас қашаушылардың 5 түрлі тақырыптық шеберханасы қамтылған. Нұрсұлтан Назарбаев этноауылдағы көшпенділер асханасын да тамашалады. Этноауылды аралап болған соң Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты. Айталық, театрда Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады. Соңында Елбасы театр әртістерімен сөйлесті, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты.– Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
– Қалада жаңа жұмыс орындары ашылуда, жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша театрдың тұсауы кесілді. Бұл – шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.Елбасы облыстық Farab Library ғылыми әмбебап кітапханасына барып, кітапханадағы роботтандырылған техника зертханасының жұмысымен танысты, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көрді. Сәулеті көз сүріндірер Farab Library кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коуоркинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан. Кітапхананы аралап болған соң Нұрсұлтан Әбішұлы «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне барды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Алтын Самұрық» ұшатын театрына барып, театрландырылған судағы шоуды тамашалады. Сондай-ақ ол жерде Елбасына «Қыз қуу» театрландырылған көрінісі көрсетілді. Айтайық, «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешені «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 117,6 мың шаршы метр. «Керуен-Сарай» кешенінде «Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Олардың бәрі бір-бірімен су арналары арқылы жалғасып жатыр. Жалпы, Түркістанға сапары барысында: «Ата-бабаның арманын орындап, Тәуелсіз Қазақстанды осылайша көркейтіп жатырмыз. Алла бізді бірліктен айырмасын. Елдің ішінде ауызбіршілік мықты болсын. Қазақ біріккенде барлығын жеңеді» деген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, облыс орталығының жаңарып, күн сайын өзгеріп жатқанын атап өтті. Түркі әлемінің рухани астанасын аралаған Елбасы қыруар іс тындырып жүрген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке де алғыс айтты. Түркістанның күннен-күнге көркейіп, түлеп жатқан келбетіне ризашылығын білдерген өңір жұртшылығының да айтары бар. Осы тұрғыда әлемді назарына аударған Түркістан шаһарында атқарылып жатқан игілікті істерге деген көзқарасы мен пікірін білмек болып Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мауленқұлов ақсақалға хабарласқан болатынбыз. Ақсақал бүгінгі Түркістанның көз алдында өркен жайып, өсіп-өніп жатқанына тәубе айтып, қасиетті мекеннің барша түркі жұртының рухани астанасына айналғанына көңілі толатынын және осындай тарихи сәттерге өзінің куә болып жүргеніне қуанышты екенін жетізді. Мұның бәрінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі жатқанын және Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатын жалғастырып, еселі еңбек етіп жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да зор үлесі барын тілге тиек етті.
Тельман БЕЙСЕН