Жоғалуы да, табылуы да оңай келісімшарттар
Жоғалуы да, табылуы да оңай келісімшарттар
153
оқылды

Мемлекеттік бюджеттің қайда жұмсалып жатқанын бақылап отыруға дағдыланғанымыз жақсы-ақ. Сонда әр тиынның кімнің қал­тасына, қандай игілікке жаратылаты­нын анық біліп отырамыз. Десе де, қаржы жымқырудың сан әдісін меңгерген «пы­сық­­тардың» үлгісі мен тәжірибесін тізсек, соңына жету қиын. Жақында ғана мемле­кет­тік сатып алу порталында кей ке­лісімшарттар жоғалып кетті. Әлеуметтік желіде­гі шудан кейін бе, әлде жай ғана сәйкестік пе – жоғымыз табылып, орнына келді.

Жоғалған келісімшарттар

Жуырда мемлекеттік сатып алулар порталында кейбір компаниялармен жасалған келісімшарттар­дың жоқ екені анықталды. Қанша іздесек те тап­падық. Сөйтсек, ке­лісімшарттарды «жоғалтып» алған біз ғана емес екен. Бюджет қаржы­сын бақы­лауға шақыратын ProTenge жобасының желідегі парақшасында мынадай жазба жарияланды. «Мем­лекеттік сатып алу сайтында ондаған миллион тең­гелік келісімшарттар жоғалып жатыр. Егер бұл әдейі жа­салған болса, бюджет қаражаты туралы ақпараттарды жасырғысы келетінін білдіреді. Бұл жақсы емес. Естеріңізде болса, Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch қонақ­үйінен Парламент депутаттарына арнап бөлмелердің брондалғанын жазған едік. Келісімшарт құны – 31,2 млн теңге. Міне, сол келісімшарт қазір сайтта жоқ. Сондай-ақ нау­рызда Алматы әкімдігінің Ritz-Carlton қонақ­үйіне төлеген 26 млн теңгелік келісімшарты да жоға­лып кетті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Tengrinews арасындағы жасалған құжат та жоқ. 60 млн теңгелік келісімшарт былтыр жасалған еді. Бұл тізіп шыққанымыз – жоғалған келісімшарттардың аз бөлігі ғана. Негізі, қазір мемлекеттік сатып алу сайтында жүздеген келісімшарт жоқ болып кеткен. Бастапқыда мұнда бір қателік бар деп ойлағанбыз. Дегенмен күн өткен сайын жоғалған құжат саны көбейіп жатыр» дей келе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің парақшасын белгілеп, сайтқа қатысты қандай мәселе туып жатқанын анықтауды сұраған еді.

Жемқорлыққа жол бермеуді енді үйреніп келе жатқанда…

Әрине, бейжай қарауға болмайтын жағ­дай. Тіпті, порталда қандай да бір жүйелік қате болған күннің өзінде көз жұмып қарауға болмайды. Өйткені мемлекеттік сатып алу порталының қоғам үшін маңызы жоғары. Бұл ресурстың тиімділігі сол – электронды сатып алудың арқасында атал­ған процесс автоматтандырылып, адами фактордың араласу ықтималын барынша азайтуға көмектеседі. Бұдан бөлек, басында айтқанымыздай, құжаттардың жалпыға ортақ ашық түрде жариялануы жемқорлық фактілерін мейлінше төмендетеді. Cәуірдің аяғында Zertteu Research Institute қоғамдық қоры Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу бойынша ауқымды зерттеу жұмысын жүргізіп, нәтижесін жариялаған еді. Бірер дерек келтіре кетсек. Қазақстандық сарап­шылардың бағалауынша, мемлекеттік са­тып алу саласындағы жемқорлықтың ке­сірі­нен елге жыл сайын 100 млрд теңгедей шығын болады екен. Ал енді мемлекеттік сатып алуға бөлінетін бір жылдағы қаражат мөлшері 5 трлн теңгеден астам деседі. Жалпы, мемлекет бюджет шығынының 27,5 пайызы мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Бұл саланың жемқорлыққа синоним іспеттес болуы да бекер емес. Себебі Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің мәліметтеріне сүйенсек, әрбір алтыншы жемқорлық дерегі осы салаға тиесілі екен.Қоғамның бюджет қаржысы­ның жұмсалуына қызығу­шылығы оянып, жемқорлықпен күреске үлесін әр азамат қоса алатынын енді біліп келе жатқанда қандай да бір қасақана әрекеттерге бару ойға қонымсыз.

Былтыр ірі хакерлік шабуыл жасалған-ды

Әлбетте, жүйе жақсы жұмыс істеп тұр­са, сатып алу процесі жайлы толыққанды, ашық әрі жылдам ақпарат алуға болады. Дегенмен жүйеде ақау болуы мүмкін екені тағы бар. Мәселен, былтыр осы уақытта порталға үлкен хакерлік шабуыл жасалған еді. «Электрондық қаржы орталығы» уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраған болатын. «Мұндай шабуыл бірінші рет жасалып отыр. Тиісті шараларды жасап жатырмыз. Әлеуетті жеткізушілердің құқығын қорғау мақсатында сатып алуды өткізу және келісімшарттарға қол қою мерзімі шегеріледі» деп хабарлаған. Ал бұл жолы туындаған мәселенің мән-жайын түсіндіруге аса асыға қоймады. Қаржы министрлігіне сұраныс жібергенімізде «жауап әзірленіп жатыр, күте тұруыңызды сұраймыз» деді. Бұл ретте біз порталда келісім­шарттардың жоғалып кетуін қаса­қана жасалған әрекет деп отыр­ғанымыз жоқ. Себебі ресми орган тарапы­нан түсіндірме жасалмады. Әрі анықтап алмай айыптау жөн болмас. Біздің бұл ретте назарға алып отырғанымыз – білдей мемлекеттік сатып алу порталы жұмысы­ның ұйымдастырылуына қатысты. Яғни, байқағанымыздай, қоғамда резонанс ту­дырған не күмәнді келісімшарттарды оп-оңай жасырып, жоқ қылып жіберуге бола­тыны. Мәселе осында. келісімшарт

Сарапшылар салдары жайлы не дейді?

«Портал түгелдей емес, келісімшарттар орналасқан бөлімі ғана істен шықты. Қор атынан себебін сұрап, хат жолдадық. Әзірге жауап ала алмадық. Аталған бөлім 29 сәуірден бастап істемей қалды. Басында жүйедегі ақау не жөндеу жұмыстарына байланысты деп ойладық. Авторизациясыз да қарай беруге болатын бөлімнің тіркелген қолданушыларға ғана көрінетінін әріптесім байқаған еді. Оның өзінде күрделі жолмен қаралатын болды. Бірақ кейіннен шу шығып, жазыла бастаған соң портал жұмысы қайта жанданды, тіркелмеген адамдар да қарай беретін болды. Орталық қызметкерлері бүгін хабарласып, «бәрін қалпына келтірдік», – деді. Бірақ нақты себебін атамады», – дейді бұл жағдайға қатысты Zertteu Reserch Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразым­бет. Ал енді мемлекеттік сатып алу пор­талында мұндай жағдай тағы қайталанса, құжаттар «тығылып» қалатын болса, оның салдары қандай болады? Ғалымжан Оразымбет былай дейді: «Бүгінде бюджет тақырыбын көтеріп жүргеніміз порталдағы мәліметтердің ашықтығының арқасында. Негізі, біздің портал әлем бойынша ыңғайлы сайттардың қатарында. Open Contracting Partnership ұйымының маман­дары Қазақстанның порталы қолдауға ыңғайлы, ашық деп баға берген. Ал егер портал жабылып қалса, әрине қоғамдық бақылау әлсірейді. Сәйкесінше, сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Бұған дейін портал жұмысында келісімшарттардың жо­ғалуы сынды фактілер болмаған. Болма­ғаны дұрыс. Бірқалыпты, еш қиындықсыз жұмыс істегені жақсы». Сонымен бірге ол техникалық ақау шыға қалса, оны маман­дар дереу қалыпқа келтіруді ойлауы керек екенін айтты. Ал сарапшының сөзіне қара­ғанда, порталда құжаттардың жоқ екенін қолданушылар 29 сәуірде байқаған. Әрі  11 мамырға дейін жұмыс істемеген. Осыдан 13 жыл бұрын еліміздің заңнамасына электронды сатып алу түсінігі енгізілген еді. Сол жылы арнайы орталық құрылып, баға ұсынысын сұрату арқылы мемлекеттік сатып алуды жүргізуге қатысты қанатқақты жоба қолға алынған. Кейіннен өзге де тәсілдер қосылды. Біздегі электрон мемлекеттік сатып алу жүйесінің операторы – «Электрондық қаржы орта­лығы» АҚ. Сайт жұмысы, порталдың қол­даныста болуына қатысты келтірер шүбә жоқ. Өте құптарлық іс. Себебі барлық мем­лекеттік тапсырыс беруші мен мем­лекеттік мекемелер электрон мемлекеттік сатып алу жүйесіне байланды. Орталық қызметін пайдалануға 2018 жылдың со­ңына дейін республикалық бюджет есебі­нен қаражат бөлініп келді. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі бірыңғай операторға жылына 600 млн теңге төлеп келген. Ал қазір төлем жүйесі өзгерді. Қызметті пай­да­ланғаны үшін бүгінде жеткізуші төлейді. Уеб-порталды қолданғаны үшін жылына бір рет жарна төлеуді міндеттеген. Жеткізушілердің жарнасы Қазақстанда аса қымбат емес. Көрпесіне қарай көсілуге мүмкіндік береді. Демек, мемлекеттік сатып алуға қатысқысы келгендерге де, қаражатының қайда кетіп жатқанын бақылаушыларға да портал ыңғайлы. Осы бетінен таймаса болғаны. Ал ашықтықты қалап жүргенде «жабылып» қалғаны жай ғана жүйедегі ақау болар…

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР