Спортқа бөлінген қаржы қайда кетті?
Спортқа бөлінген қаржы қайда кетті?
280
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында осы аптада «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубының ісіне қа­тысты сот үкімі шықты. Айыпталушылардың барлығы да 7 жылға сотталды. Әу баста тергеушілер ұйымдасқан топтың заңсыз қылмыстық әрекетінен мемлекетке 2 миллиард теңге зиян келді деп хабарлаған болатын. Бұл қаржы мақ­сат­ты түрде пайдаланылар болса, елімізде кә­сіпқой спортты дамытуға және Қазақстанның халықаралық ареналардағы беделін көтеруге жұмсалуы тиіс еді. Бірақ, өкінішке қарай сыбайласқан топтың қалтасында кеткен.

Ең төменгі жаза – 7 жыл

Байқоңыр ауданының №2 соты «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубы» корпоративтік қоры» ФК-ның бұрынғы атқарушы директоры Аманбек Кульчиковті мемлекеттік және басқа да ұйымдарда жетекші лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жазаға кесті, ал Қ. Диханбаев пен А.Чигитаеваны шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырды. Astana Pro Team велокомандасы жекеменшік мекемесінің атқарушы директоры Ләззат Шамшиеваға 7 жылға бас бостандығын шектеу, мемлекеттік және басқа ұйымдарда жетекші лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын тағайындады. Бұл тұста сот Ляззат Шамшиеваға қатысты ерекше мән-жайларды ескергенін атап өту керек. Ол шын жүректен өкініш білдіріп, келтірілген зиянын толық өтеген және оның қолында қамқорлыққа мұқтаж қарт ата-анасы бар екен. А.Кульчиков пен Л.Шамшиеваға велоспортты дамыту үшін екі компанияға берілген 109 миллион теңгені иемденіп кетті деген айып тағылып отыр. Бюджеттен бөлінген бұл қаржы авиабилеттерге, яки функционерлердің, олардың отбасыларының және спортқа еш қатысы жоқ өзге де адамдардың ел ішінде және шетелдерге ұшақпен ұшуына жұмсалған. Сондай-ақ ақшаларды шетелдік компаниялармен өтірік мәмілелер жасасып, акттерге қол қойып, оқу-жаттығу жиындарын өткіздік, орынжай жалдадық, түрлі тауарлық-материалдық шығынға кетті деп ұрлап келген. Мәселен, жекеменшік Astana Pro Team мекемесі мен чехиялық компания арасында жалған келісімшарт жасасу арқылы тағы да 700 мың еуроны қалтасына басқан. Бұған оларға А.Чигитаева делдалдық еткен. Аманбек Кульчиков өз алдына электронды менед­жмент пен басқару жүйесін дамыту, бірыңғай веб-сайт жасау бойынша белгілі бір ЖШС-мен келісімшарт жасасуда 45,6 миллион теңгені өз пайдасына алып қалды деп айыпталып отыр. Ал Ләззат Шамшиева өз кезегінде ЖШС директоры К.Диханбаевтың көмегімен екі компанияға велосипедтер мен қосалқы бөлшектер жеткізіп беруге бөлінген 102, 3 млн теңге көлеміндегі қаражатты 2017-2019 жылдар аралығында El Partners ЖШС-мен жалған келісімдер жасау арқылы иемденіп келген. Бұл қылмыстардың барлығы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және оның 2-ші тармағымен сараланып отыр. Онда 7 жылдан 12 жылға дейін жаза кесу қарастырылған. Бұл үкім бойынша дәлелденген ұрланған ақша сомасы шамамен 600 миллионды құрайды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жегені қалтада, жемегені депозитте

Бұл жолы сотталғандар қылмыстық топтың барлық мүшесі емес. Олардың сыбайласы Аstana Motorsports велокомандасының жетекшісі Артур Ардавичус халықаралық іздеуде жүр деген ақпарат бар. Тіпті, Интерпол жүйесі бойынша да деректер базасына қосылған. Атағы әлемге танымал бұл шабандоз біздің еліміздің атынан көптеген мотожарысқа қатысып, жүлделі орындарды иеленген болатын. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының спортшылардың керек-жарағына және жаттығу жиындарына деп бөлген ақшаны бұл функционерлер Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан қымбат пәтерлер мен жер телімдерін және автомобильдер алуға, шетелге отбасымен саяхаттауға жұмсап келіпті. Одан бұрын олар миллиардтаған бюджет ақшасын екінші деңгейлі банктердегі есеп­шоттарға депозитке салып, пассивті түрде табыс тапқан. Ал іс жүзінде бұл ақшалар мемлекеттен нақты бағдар­ламаларға бөлінген болатын. Квазимемлекеттік ком­паниялардың басшылары осылайша заңсыз жолмен байы­ған. Мұндағы айналымға салынған қаражат сомасы 6 млрд теңгеден астам болған. Бұл – жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың бір ұшығы. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері алғаш­қыда бұл топты 2 миллиард теңге жымқырды деп айып­таған болатын. Тергеу барысында «Астана» кәсіби спорт клубының экс-директоры Аманбек Кульчиковтің меке­менің құрамына кіретін Astana Pro Team вело­командасының жетекшісі Ләззат Шәмшиевамен және Astana Motorsports жетекшісі Артур Ардавичуспен сөз бай­ласып, қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырғаны анықталды. 2016-2018 жылдар аралығында Аманбек Кульчиков аталған клубтардың нақты қажеттіліктерін біле тұра, шығыстар көлемін өзі бетінше бірнеше есеге артық көрсеткен қаржылай өтінімдерді және екі сыбайласының сол өтінімдегі ақшаларды мақсатты түрде жараттық деген өтірік есептерін қасақана қабылдап келген. Артық бөлінген ақшаларды шетелдік компаниялармен өтірік мәмілелер жасасып, акттерге қол қойып, оқу-жаттығу жиындарын өткіздік, орынжай жалдадық, түрлі тауарлық-материалдық шығынға кетті деп ұрлап келген. Тағы бір мысал, жыл сайын демеушілер кәсіби жарыстарға қатыссын деп халықаралық стан­дарт­тарға сай 200 данадан астам брендті велосипедтерді клубқа тегін береді екен. Ал бұлар соған қарамастан 2018 жылы Алматыдағы автошина өткізумен айна­лысатын бір ЖШС-мен қажеті жоғына қарамастан осын­дай 6 велосипед пен оның қосалқы бөлшектерін сатып алу үшін жалпы сомасы 219 мың еуро болатын өтірік келісімшарт жасасқан. Салдарынан велосипед те жоқ, ақша да жоқ. Мұндай деректер бұл істе жетіп ар­тылады. Шындығына келгенде, бұл қаражаттың барлығы да еліміздегі спортты дамытуға және Қазақстанның халықаралық беделін көтеруге бөлінген ақшалар болатын. Әрине, істі болып жатқан функционерлердің бұл жолда сіңірген еңбегі де бар болар. Бірақ жемқорлық әрекетімен олар тек өздерінің еңбегін ғана емес, спорт саласындағы еліміздің беделін де жоққа шығарды.

Нұрлан ҚОСАЙ