Әкімдіктер де көшуге ниет білдіргендерді қолдамайды. Депутаттардың бұл мәселені реттейтін «Еңбек» бағдарламасына көңілі толмай отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Проблеманы тізіп берген сенатор түсіндіру жұмысын күшейту керегін айтты. Ол үшін оңтүстіктегі азаматтарды жіберуші тарап пен оларды солтүстікте қабылтайтындарға Call-орталық ашып, сол жерде толық ақпарат берілуі керек. Сондай-ақ Әлімжан Құртаев банкте несиесі бар көшіп-қонушыларға алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге несиелік демалыс беруді ұсынып отыр. Жалпы оңтүстіктен солтүстік Қазақстанға соңғы үш жылда бес мыңнан астам азамат қоныс аударған.Сенат депутаты Әлімжан Құртаев: «Көшуге ниет білдірген отбасы қабылдау туралы облыс, барлық аудан туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Соның салдарынан олардың таңдау мүмкіндігі шектеулі. Кейбір жергілікті органдар қоныс аударған отбасын өзі қалаған ауылына емес, әкімшілік таңдаған ауылға жіберуде. Тағы бір мәселе: тұрғын үй. Кейбір өңірлерде жаңа жеке тұрғын үйлерді салу жұмысымен шаруа қожалықтары айналысуда және ресми келісу процесін толық өткізбестен салып жатыр», – деді.
Біз бұған дейін сенатор солтүстікте салынған үйлердің «Мал қамауға да жарамайтынын» айтқан болатын.