Жаңа ғасырда жайнаған Сыр өлкесі
Жаңа ғасырда жайнаған Сыр өлкесі
203
оқылды

Cыр өңірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алаштың анасы­на» балаған, тарихы тереңге тамыр тартқан киелі өлке. Ұлы ойшыл Қорқыт ата дүниеге келген, ежелгі шығыс өркениетінің орталығы, түркі мәдениетінің алтын көмбесі болған, адамзатты айға ұшырған аймақ. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде Қызылорданың брендіне айналған Сыр күріші мен балығы, тұзы мен еті алыс-жақын шет елдерге экспортталып, кәсіпкерлік, өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты.

АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ЖОБАСЫ

Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алған жылдардан бастап Арал теңізі проблемасын халықаралық деңгейде көтере бастады. Соның нәтижесінде 1993 жылы Елбасы бастамасымен Қызылордада бес мемлекет басшысының қатысуымен халықаралық конференция өтіп, экология­лық апат зардабы әлем назарына ілікті. Осы басқосудан кейін теңізді құтқарудың бірнеше нұсқасы тал­қыға түсіп, Қазақстан ұсынған САРАТС жобасы Дүниежүзілік банк тарапынан қолдау тапты. Жалпы САРАТС – әлемдегі ірі гидро­техникалық, экология­лық-әлеуметтік және экономикалық жо­­ба­­­­­лардың бірі. Кезінде сарапшылар Арал экологиясын оның экономикасын жандандыру арқылы жеңуге болатынын бағамдаған еді. Сондықтан бұл жобаның ғылыми негізінде аталған қағидаттардың нақты нәтижелерін көрсету арқылы табысқа қол жеткізу мақсаты қойыл­ды. Жалпы құны 86 млн доллар тұратын жобаны Дүниежүзілік банк қолдап, біздің мемлекетпен бірлесіп қаржыландырды. Жоба алдымен Сырдария өзе­­­нінің бойына қан жүгіртіп, Шардарадан Ақлаққа дейінгі аралықта гидротехникалық жұмыстар атқарылды. Алғашқы кезекте ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген, талай тасқын суда қауіп төндіріп, арнасы тозып, табаны құмға толған Әйтек және Қараөзек гидротехникалық құрылыстарын қайта жаң­ғыр­ту жұмыстары қолға алынды. Соның нәтижесінде тоспалардың су өткізгіштік қабілеті екі есе артып, секундына 700-800 текше метрге дейін су жібере алатын болды. Бұрын олар көктемгі және күзгі су тасқыны кезінде елді мекендер мен егістік алқапқа қауіп төндіретін. Жоба арқасында ол мәселе де ше­­­­шімін тапты. Қызылорда қаласының тұсындағы дарияның ұлтанына мелиоративтік жұмыстар жүргізіліп, өзен арнасы тазартылды. Бұл жұ­мыс­­тар жыл сайын қайталанатын су тасқыны қаупін сейілтумен қатар, суармалы егіншіліктің дамуына оң ықпал етті. Жобаның алғашқы кезеңі күткендегіден әлдеқайда жақсы нәтижелер әкелді. Бұған әсіресе, сол жылдардағы Сырдария өзенінде судың мол болуы да оң әсер етті. Алдымен, Кіші Арал акваториясы бұрынғысынан бес есе ұлғайып, Арал қаласына 17 шақырымға жа­қындады.Аралда жоғалып кеткен балықтың 22 түрінің біршамасы қайта оралып, өңірдің флорасы мен фаунасы жақсарды. Алғашқы кезеңнің басты нәтижесі – өңірде тоқырауға айналған балық шаруашылығы қайта өркендей бастады. Тұрғындардың ата кәсібімен айналысуына мүмкіндік берді. Жағалаудағы Қаратерең, Қарашалаң, Бөген, Аманөткел секілді ауылдардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі – өркендеудің жарқын көрінісі. САРАТС жобасының алғашқы кезеңінің табысты нәтижелері өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының айтарлықтай жақсаруына ықпалын тигізді. Тұрғындардың тұрмыс жағдайының түзелуімен қатар, олардың денсаулығының, қоршаған ортаның жақсаруына әсер етті. Ғасыр жобасының жетістігі әлем назарын аударып, шетел баспасөзі мен сарапшылары оны «Теңіздің оралуы» деп атап, Елбасы еңбегін жоғары бағалады. 2005 жылы Елбасы Н.Назарбаев Сыр бойына сапары барысында Арал қаласында болды. Қалада таза ауызсудың тұсауын кесіп, аралдықтардың елдегі ең таза суды пайдаланатынын атап өтті. Қамыс­тыбас көліне өз қолымен бекіре балығын жіберіп, кәсіптің өркен­­деуіне тілегін арнады. «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген Президент жобаның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді. Жобаны жалғастыру туралы Елбасы тапсырмасын орындау үшін облыс әкімдігі Үкіметтің қол­дауы­мен қажетті жұмыстар атқаруда. Бұл Қазақстанның Арал теңізі проблемасын шешуге мүдделі екенін халықаралық аренада тағы да дәлелдеп береді және әлемдік қауымдас­тық ғаламдық экологияны жақсартудағы батыл қадамын қуаттайды. САРАТС-2 жобасы Солтүстік Аралды кемелдендіріп қана қоймайды, ол аймақтың дамуына жаңаша серпін беретін болады.

СОЛ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ЖАҢА ҚАЛА

Бірнеше жыл бұрын Елбасы «Тәуелсіздік жылдарының жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген еді. Рас, бүгінде Сырдарияның қос қапталын жағалай қоныстанған облыстың өндірістік, экономикалық әлеуетінің артқаны айқын. Егер облыс 2012 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан республикадағы 16 аймақтың соңғы жағында болса, қазір өңір көшбасшы бес аймақтың қатарына енді. Ал Қызылорда қаласы сәулеті мен дәулеті келісті, ұлттың рухани ұйытқысына айналды. Бүгінде қала қақпасынан енген әрбір тұрғын мен мейман шаһардан ерекше шығармашылық еңбек пен дамуды байқайды. Қызылорданың елге ең басты тарихи тартуы – сол жағалаудағы жаңа қала. Сәулетті ғимараттар, қызу құрылыс алаңы көз қуанышы ғана емес, ертеңге деген ел сенімін ны­ғайтты. Танымал америкалық тележурналист Ларри Кингтің «тарихқа үңілер болсақ, елдердің шаһарларды жаулап алғанын кө­реміз, ал Қазақ­­­стан қала салады» деген сөзі бар. Иә, бұл пікір ел дамуының нақты бағасы сынды. Қала аумағы кеңейіп, құры­­­лыс саласы қарқын алды. 2009 жылы бекітілген Қызылорда қаласы бас жоспарының бірінші кезеңінде қала аумағы 11 мың гектар болса, қазіргі күні 19 690 гектарға жеткен. «Театр киім ілгіштен басталса», облыс орталығы алыстан келген жолаушы үшін әуежайдан, самаладай жарық, кең көшеден басталмай ма? Қорқыт ата әуежайы 2014 жылдан бастап халықаралық мәртебе иеленіп, әлем­­­нің ірі қалаларына тұ­­­рақты рейстер ашылды. Сондай-ақ «Сырдария–Қызылорда» бағытындағы кіреберіс қақпаның ел игілігіне берілуі, негізгі көшелерге ұлттық на­­­­қыштағы жү­зік, домбыра, қар ба­­­рысы сынды бейнелердің қойылуы шаһар эстетикасын арттыра түскендей. Ал көз жауын алар жарықшамдар түнгі қаланың ажарын аша түсті. Ендеше бұрынғыдан әлдеқайда көріктене түскен шаһарымыздың даму деңгейі бәсеңдемесіне сенім­діміз.

САЛҒЫРТТЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙТІН САЛА

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Ұлт саулығын жақсарту ар­­­­қылы биік мақсатқа жету барша да­мыған мемлекеттер ұстанған бас­ты бағыт болып қала бермек. «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп көрсеткен болатын. Осы орайда елімізде тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытында Мемлекет басшысының бас­­тамасымен бірқатар бағдарлама қабылданып, ауқымды жұмыс ат­қарылып келеді. Соңғы бес жыл көлемінде жерлестеріміз үшін жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігі артты. Мәселен, облыстың кардиохирургтарымен жүрек-қантамырларына және миға 2 300-ден аса ота жасалды. Аудандық орталық ауруханаларды салу мәселесі шешімін тапты. Ендігі міндет – алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек нысандары мәселесі. 2024 жылға дейін біз 62 нысанды жаңартып, осылайша бұл мәселені де шешу жоспарланған. Бюджет қаражаты есебінен 12 жаңа спорт нысаны салынды. Сонымен қатар мемлекеттік-жеке­меншік әріп­тестік аясында 60 секцияға арналған спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша 5 жоба жүзеге асырылды. Айта кетейік, тұрғындардың медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін ден­саулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында соңғы 5 жыл ішінде жалпы құны 27,4 млрд теңге болатын 58 нысан пайдалануға берілді. Әрине, мұндай игі істің барлығы ел игілігі үшін жасалып жатқанын атап өткен жөн.

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ ӨСІП КЕЛЕДІ

Соңғы бірер жылда әлемді шарпыған коронавирус пандемиясының ел экономикасының дамуына кедергі келтіргеніне қарамастан, Қа­зақстан аймақтары дамуын тоқ­татқан жоқ. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму динамикасында да өсім бар. Биылғы 3 айда өңдеуші өнеркәсіп өндірісі 9,7%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7%, инвестициялар тарту 7,6 %, құрылыс жұмыстары көлемі 44,0 %, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,5% артты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысында оң нәтиже бар, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,1 % артып, 49 090 бірлік болды. Айта кету керек, 2020 жылдың қаңтар-наурызында бұл көрсеткіш 46 268 бірлік болды. Осы қарқынды одан әрі сақтай отырып, жалпы 2021 жылы 456 млрд теңге инвестицияларын тарту, 644 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беру, халықты ауызсумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін 98 %, табиғи газға қол­­­­жетімділігін 68 %-ға жеткізу жос­­парланып отыр.  

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы