Қазақстан – Жапония: экономикалық серіктестіктің жаңа көкжиегі

Қазақстан – Жапония: экономикалық серіктестіктің жаңа көкжиегі

Қазір ел экономикасын қарқынды жақсартудың бірден-бір жолы – халықаралық бизнесті дамыту. Халықаралық бизнес ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттырып, компанияларды жаңашыл болуға итермелейді. Сонымен қатар халықаралық бизнеспен айналысу қазақстандық өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Халықаралық аренада Қазақ­станмен серіктес болуға экономикасы әрі мәдениеті жағынан қолайлы ел – Жапония.

Қазақстан мен Жапония ел­дерінің экономикалық әріптестігі қазіргі таңда өте өзекті. Себебі біріншіден, Жапония – әлемдегі экономиканың дамуы жағынан (ЖІӨ бойынша) үшінші мемлекет. Жапония экономикасының жал­пы ішкі өнімі бүкіл әлем эко­­­но­­­микасының шамамен 6%-ына тең. Жапония нарығының алпауыт көлеміне қарамастан, Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда, яғни екі ел арасындағы экспорт пен импорт көлемі Қазақстанның толық сауда балансының 1,5%-ы ғана. Демек, бұл көрсеткішті арт­тыруда әлі де жүзеге аспаған әлеует бар. Жапонияның технологиялық тұрғыдан да, қаржы тұрғысынан да Қазақстанға ұсынары көп. Ал Қа­зақстан өз кезегінде жапондық ин­весторларға инвестициялардың жоғары рентабельділігін қамта­масыз етіп, Жапонияға өңделген минералды және ауылшаруашы­­лық өнімдерін экспорттай алады. Екіншіден, тіпті жиыр­­ма­­сын­шы ғасырдың басында Алашорда интеллигенциясы жапон елінің даму моделімен ерекше қызыққан және қазақ елінің дәл сол модел бойынша дамығанын қалаған. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Жа­­пония туралы мақаласында жапондықтардың 1860 жылдар­­дағы жағдайы қазақтардан да нашар болғанын, бірақ олардың небәрі 20-30 жыл ішінде эконо­­микалық дамуы жағынан еуропа­лық мемлекеттерді де озып кеткені айтылады. Үшіншіден, Жапония сынды дамыған мемлекеттен инвестиция тарту Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосады. Шетелдік капиталды тарту әрқашанда елі­міздің экономикалық саяса­тының ең басты шарттарының бірі са­­налады. Алайда соңғы кезде ин­­весторлардың Қазақстанға қы­­зығуы төмендей бастағандай көрінеді. Айталық, 2018 жылы шетелдік тікелей инвестициялар мөлшері 24,3 миллиард АҚШ дол­лары болса, 2019 жылы бұл көр­сеткіш төмендеп, 24,1 мил­­лиард болды. Шетелдік капиталды тарту Қазақстандағы өндірісті дамыту мен жұмыс орындарын ашу үшін шешуші фактор бол­ғандықтан, Жапондық инвес­торлардың на­зарын аудару елі­міздің әл-ауқаты үшін өте маңызды.

Тіліміз бөлек болғанмен, ділімізде ұқсастық бар

Қазақстан мен Жапония ара­сындағы қолайлы эконо­микалық серіктестік пен бизнестің дамуына жағымды әсер ететін факторлар­­­дың бірі  – екі ұлт ділінің, ой-санасының ұқсас тұстарының мол болуы. Бұл халықаралық сау­дадағы елдер ұқсастығы тео­рия­сымен түсін­діріледі, яғни швед экономисті Штеффан Линдердің пайымдауы бойынша, екі ел ара­сындағы сауда мөлшерін үш фак­тор анықтайды: қос ел ара­сындағы қашықтық, қол қойылған эко­номикалық, саяси келісім­шарттар және мәдениет жақын­дығы. Яғни, Қазақстан мен Жа­пония тұр­ғындарының мәдениеті мен ой-санасының ұқсас болуы өзара экономикалық саудаға өте жа­ғымды әсер етеді. Қазақстан мен Жапония ара­сындағы экономикалық серік­тестікке жағымды әсер ететін ке­лесі жайт – екі ел экономикасының өндіріс факторлары жағынан бір-біріне өте үйлесімді болуы. Іргелі экономикалық теорияда төрт өндірістік фактор аталып көр­­сетіледі: жер (жер ауданы және жерасты ресурстар), еңбек (демек, адам саны мен адам капиталының сапасы), қапитал (басқа сөзбен – қаржы) және технологиялар. Қа­зақстанда жер, минералды ре­сурстар көп болғанымен, адам саны аз және адам капиталының сапасы төмендеу. Ал Жапониядағы жағдай толығымен қарама-қайшы: жер ауданы аз, адам саны мен адам капиталының сапасы өте жоғары, капиталы мол. Демек, екі ел ара­сындағы өзара әріптестік арқылы Жапония мен Қазақстан өздерінің әлсіз тұстарын қалпына келтіріп, мықты тұстарын тиімді қолдана алады. Қазақстан мен Жапония ара­сындағы жан-жақты серік­тестікке мүмкіндік беретін келесі фактор – Жапониядағы ішкі экономикалық жағдай. Күншығыс елінің эко­номикасы 1960 жылдан бері қар­қынды дамып, небәрі 20-30 жыл ішінде Еуропаның беделді мем­лекеттерін жалпы ішкі өнім көр­сеткіші бойынша артта қалдырып, экономикасы алпауыт елге ай­налды. Дегенмен соңғы 30 жылда жапон экономикасының дамуы тежеліп, баяулап қалған жайы бар. Бұл жағдай Жапонияны эко­номикаға серпін беретін сыртқы даму стратегияларын әзірлеп, сол бағытта жұмыс істеуге мәж­бүр­лейді. Яғни, сыртқы даму – шет ел­дерге, әсіресе дамушы мем­лекеттерге инвестиция жасау ар­қылы экономиканың өсу қар­қынын күшейту. Мысалы, әлемдегі ең үздік экономика АҚШ осындай нәтижеге тек ішкі экономикасын дамытып қана емес, сыртқы сауда мен басқа мемлекет эконо­ми­ка­ларына инвестиция жасау ар­қылы қол жеткізді. Сонымен қатар жа­пондық банктердегі пайыздық мөлшерлеме 0-1% аралығында, яғни жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерге ақшаны депозитте сақтау тіпті тиімді емес. Ал ка­питалдың молдығын ескерсек, ең тиімдісі – капиталды дамушы ел­дерге инвестициялау арқылы ұлғайту. Сол себепті Қазақстан мен Жапония арасындағы эконо­микалық серіктестік тек қана Қа­зақ­станға ғана емес, Жапонияға да пайдалы болмақ. Экономикалық серіктестікке қолайлы әсер ететін келесі фак­тор – саяси тұрғыдан қауіп-қатер мен тәуекелдің болмауы. Көп жағдайларда тығыз экономикалық қарым-қатынас саяси тәуелділікке немесе түрлі саяси қысымға әкеліп соғады. Қазақстан үшін бұл жаңа­лық емес, тәуелсіздік алғалы бері Ресейдің қас-қабағына қарап ке­леміз. Бұған тарихи факторлар ғана емес, экономикалық бай­ла­ныстар да әсер етіп отыр. Өйт­кені Қазақстан импортының 37%-ы Ресейден келетінін және біз ше­каралас мемлекеттер екенімізді ескерсек, Ресеймен саяси кикіл­жіңге жол беру еліміз үшін жа­ғымды болмайды. Келесі геогра­фиялық көрші Қытайды қарас­тырсақ, бұл жағдайда да саяси тәуекелдер бар. Қытай – Қазақ­станның ірі экономикалық се­ріктесі: экспорттаушы және им­порттаушы елдер арасында екінші орын алады. Кастнердің зерттеуі бойынша, Қытаймен эконо­микалық әріптес мемлекеттер оған саяси тұрғыдан тәуелді болуға бейімді болып келеді. Қазақ­станның негізгі экономикалық серіктестері Ресей мен Қытай ше­каралас болғандықтан, Қазақ­станда сол елдерге тиесілі капитал мөлшерінің тым үлкен болуы үлкен саяси тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Ал Қазақстан мен Жапо­нияның мүмкін болатын тығыз арақатынасы екі ел арасындағы қашықтыққа байланысты, еш­қандай саяси қысымға немесе тәуелділікке әкеліп соқпайды. Сонымен қатар бұған дейінгі екі елмен салыстырғанда, Жапония – өте бейбіт мемлекет. Сол себепті де Жапония мен Қазақстан ара­сындағы бизнесті дамыту екі ел үшін өте қолайлы ғана емес, Қазақстанға саяси қысым түсір­мейтін өте жағымды экономикалық әріптестік болады. Сонымен қатар қос ел ара­сын­дағы саяси түйісу нүктелерінің болуы экономикалық серіктестікке қолайлы жағдай туғызбақ. Бұл саяси түйісу нүктелерінің бірі – екі елдің де ядролық қарудан бас тартуы және ядролық сынақтарға тыйым салу саласындағы Қа­­­зақ­стан мен Жапония арасындағы өзара іс-шаралардың орындалуы. Ядролық қарудан зардап шеккен елдер ретінде ядролық қару мен сынақтарға қарсы ынтымақтастық жөніндегі қазақ-жапон комитеті құрылып, Жапонияның осы ко­митетке бөлген қаржысы 1 мил­лиард 770 миллион жапон йені болды. Бұл – Қазақстан мен Жапонияның әлемдегі бей­біт­шілікті сақтау және ынталандыру мақсатында бірлесіп жұмыс ат­қаратынының айқын айғағы. Со­нымен қатар Жапонияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты аса құр­меттейді, осының дәлелі – 2019 жылдың күзіндегі жапон импе­раторы Нарухитоның интрони­зациясына Нұрсұлтан Әбішұлы­ның шақырылуы. Осы кездері Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақ­стан Президенті лауазымында болмағанына қарамастан ша­­қырылуы Елбасының жапон-қа­зақ арақатынасында маңызды рөл атқаратынын және Жапонияда аса құрметтелетінін дәлелдейді. Жо­ғарыда көрсетілген саяси түйі­сулер мен аспектілер екі мемлекет ара­сындағы сәтті серіктестікке зор үлесін қоспақ.

Серіктестікке кедергі келтіретін факторлар да бар

Әрине, Қазақстан–Жапония қарым-қатынасы мінсіз дамиды деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Екі елдің экономикалық ынты­мақтастығын жақсарта түсуге ке­дергі келтіретін факторлар да бар. Олар географиялық, мәдени және құқықтық сипатқа ие. Егер жа­ғымсыз факторларды сипат­тайтын болсақ, біріншіден екі елдің гео­графиялық тұрғыдан бір-бі­рінен тым алыс жатқаны көзге түседі. Қазақстан мен Жапон аралдарын 5 827 шақырым қашықтық бөледі. Еліміздің ба­тыстан шығысқа дейін­гі ұзындығы 2 963 км екенін ескерсек, қос ел арасына екі Қазақ­стан сыйып кете алады деген сөз. Рас, қазіргі жаһандану зама­нында қашықтықтың маңызы бұ­рындағыдан әлдеқайда төмен. Бірақ екі ел арасындағы арақа­шықтық өзара сауда мөлшерін белгілейтін факторлардың бірі. Логистика бағасы төмен және тауарларды жеткізу жылдамдығы жоғары болғандықтан, жақын орналасқан елдермен сауда жүргізу әлдеқайда тиімді болып келеді. Алайда екі мемлекет арасындағы үлкен қашықтық экономикалық әріптестікті болдырмайды деуге келмейді. Мысалы, осы фактор инвестициялау үрдісіне кері әсер етпейді. Екіншіден, екі елде бизнесті жүргізудегі айырмашылықтар, нақтырақ айтсақ, шешім қабылдау жылдамдығының үйлеспеуі өзара серіктестікті нығайтуға кері әсер етеді. Мысалы, жапондық ком­па­нияларда шешім қабылдау үрді­сінің жылдамдығы өте төмен. Кішігірім мәселе болса да, жа­пон­дық менеджердің өздігінен шешім қабылдауға құзыреті жоқ. Әрбір мәселе топ ішінде талқы­ланып, ұжымдық шешім қабылданады. Осының арқасында әрбір қа­былданған шешім есепті, жан-жақты қарастырылған, ұзақмер­зімді болып келеді. Тойота көлігі сынды жапондық тауарлардың сенімділігі мен ұзақ мерзім қызмет етуі жапондық бизнес мәдение­тімен байланысты екені сөзсіз. Алайда сапалы шешім жасау өте ұзақ уақыт алады. Қазақстанда керісінше, шешімдер өте тез қа­былданады, бірақ бұл шешімдер көбінесе соңына дейін ойлас­ты­рылмаған әрі ұжымдық емес бо­лып келеді. Елордада аяқталмай қалған Astana LRT жобасының құрылысы бұған айқын дәлел. Бұған дейін жазылғандай, кәсіп­керлікте адамдар арасындағы қарым-қатынас өте маңызды. Ал осы екі елдің бизнес жүргізу мәде­­ниетіндегі айырмашылықтар ор­тақ жобалардың іске асуына, ке­ліссөздердің сәтті болуына кері әсер ететіні анық. Айтпақшы, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды ынты­­­­мақ­­­тастыққа кері әсер ететін үшінші фактор ретінде бағалауға болады. Орта Азиядағы көрші­­­лермен салыстырсақ, алаңдауға негіз жоқтай көрінуі мүмкін. Расымен де тәуелсіз Қазақстан та­рихында 350 миллиард АҚШ дол­ларынан астам шетелден қаражат тартылған болатын. Алайда бұл инвестициялардың басым бөлігі тек мұнай-газ саласына тартыл­ғанын және соңғы жылдары жыл­дық инвестиция тарту қар­қыны баяулағанын ескерсек, қан­дайда бір мәселелер бар екені анық. Әлемдік мамандардың айтуынша шетелдік инвесторлар үшін оңтай­ландырылған салық салу жүйесі, тұрақты банк жүйесі, тұрақты саяси жағдай, әділ соттардың, әрі ұтымды құқықтық негіздің болуы маңызды фактор саналады. Әрі инвесторлар шектен тыс бюрок­ратия мен жемқорлықтың бол­­мауын қалайды. Осы шарт­тарды қарастырсақ, саяси тұрақтылықтан басқасының бәрінде Қазақстан кемшін түсетін тұстары бар. Мы­салы, GFICA халықаралық агент­тігінің «Елдердің тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартым­ды­лығы» рейтингінде Қазақстан тек 52-орында, ал Transparency International ұйымының «Жем­­қор­­лықты қабылдау индексінде» Қазақстан мүлде 82-орында тұр . Жапондық инвесторлардың да Қазақстанның шетелдік инвес­­тицияларды қорғау қабілетіне күмәнмен қарайтыны түсінікті. Жапонияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Масаёси Камо­хараның осы жағдайға байланысты «Қазақстандағы инвестицияға байланысты салық салу мен заң жүйесінің айқындық, әділдік пен заң негізіне сәйкестігі жапондық кәсіпкерлерді көп ойландырады» деген болатын. Дегенмен қос мемлекет арасындағы байла­ныстарды тереңдетудің мүм­кіндіктері мол. Тек нақты шара­ларды пысықтап, сол бойынша әрекет ету керек.

Бағыт айқын, тек мақсат қою керек

Қазақстан мен Жапонияның инвестиция, сауда салаларында­ғы серіктестігі жаңа деңгейге кө­терілуі үшін біздің пайым­дауы­мызша, ең алдымен Жапония мен Қазақстан арасында тікелей үз­діксіз әуе­қатынасы орнатылуы керек. Бұл екі ел бизнес өкіл­дері­нің қарым-қатынасын жандан­дыруға ба­ғытталған ең бірінші әрекет. Bloomberg мамандарының ойын­­­ша, екі ел астанасының ара­сында тікелей әуеқатынастың орнатылуы өзара экспорт пен импортты едәуір ұлғайтады. Бұл байланысты түсіну өте оңай – кәсіпкерлер үшін «уақыт–ақша», яғни екі ел ара­­­сында қатынау не­ғұрлым жеңіл болса, өзара кәсіп­керлік қа­­тынастар соғұрлым кө­бірек ор­намақ. 2019 жылдың жазынан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсыр­масымен SCAT әуекомпаниясы Нұр-Cұлтан – Токио бағытында аптасына бір рет ұшатын әуе рейсін іске қосты. Алайда панде­мияға байланысты бұл рейс тоқ­тап тұр. Кәсіпкерлер осы рейс ашылғанға дейін екі ел арасында қатынау үшін Сеуль қаласында ұшақ ауыстырып, жолға 14 сағат жұмсауға мәжбүр болды. Тікелей әуе рейстердің ашылуы жапондық туристер санының ұлғаюына әкелетіні анық. Егер әрбір турист әлеуетті инвестор немесе таныс инвесторлар үшін ақпарат көзі екенін ескеретін болсақ, бұл шараның маңызы әлдеқайда артпақ. Сондықтан рейсті ұлттық флагман – Air Astana ұйымдас­тырғаны абзал. Екіншіден, Қазақстанның инвестициялық климатын жақ­сарту өте маңызды. Өйткені ин­вестициялардың қауіпсіздігі жа­пондық инвесторларды алаң­датқан ең басты мәселелердің бірі болды. Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі бұл мәселеге өте көп көңіл бөледі: шетелдік инвесторлардың сеніміне бөлену, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мемлекеттің ең басты басымдықтардың бірі болып ке­леді. Алайда керекті реформалар институционалдық өзгерістерді қажет ететіндіктен өте ұзақ уақыт алуы мүмкін. Қысқа мерзімде Қа­зақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Астана Халықаралық Қаржы орталығы (АХҚО) жобасы іске асы­рылған болатын. Жақында Japan DX атты жапондық IT бірлестік АХҚО қармағына кіруге өз қызығушылығын білдірген болатын. Болашақта АХҚО Қа­зақстан мен Жапония ара­сындағы экономикалық әріптестікті дамы­­туда үлкен маңызға ие болатынына нық сенімдімін. Үшіншіден, Қазақстан мен Жапония арасындағы эконо­­­микалық қарым-қатынасты да­мытуға себепкер болатын дел­дал­дар буынын тәрбиелеу қажет­тілігі бар. Бұлар – жапон, ағылшын тіл­дерін жетік меңгерген, жапон салт-дәстүрінен хабары бар, жа­пондықтардың бизнес жүргізу мәдениетінің қыр-сырын білетін адамдар. Өйткені жапондық кә­сіпкерлердің басым көпшілігі ағылшын тілінде әжептәуір сөй­лейтініне қарамастан, мүмкін­дігінше өз тілін қолдануды қолай­лы деп есептейді. Әрі жағ­дайдан хабары жоқ салаларда және мем­­лекеттерде іс жүргізгенде жер­гілікті консалтинг көмегіне жү­гінуді жөн санайды. Демек, жа­пон тілі мен салт-дәстүрін жетік бі­ле­тін ма­­­мандар қызметі осындай сәт­­­­терде өте қажет. Осының бәрін ескере отырып, Жапония мен Қазақстан арасында кәсіпкер­­­­­­лік­­­тің дамуына қол ұшын беретін дел­далдарды тәрбиелеу өте маңызды. Қазіргі уақытта жапон тілін жетік меңгерген, әрі қос елдің бизнесінен түсінігі бар адамдар аз. Жапон университеттеріне оқуға түсетін студенттердің басым көп­шілігі инженерия, медицина са­лаларын таңдайды. Ал бизнес, сауда бағытында білім алғысы келетін қазақстандықтар көбінесе америкалық немесе британдық университеттерде оқиды. Сон­дықтан мемлекет бұл сәйкес­сіздікті жою үшін арнайы грант­тарды енгізу қажет.

Үміт күттіретін нақты салалар да бар

Қазақстан мен Жапония ара­сындағы сәтті серіктестікті қа­лыптастыруға ықпал ететін үш нақты саланы атап өтуге болады. Біріншісі – ауыл шаруашылығы, яғни Жапонияға ауыл­шаруашы­лық өнімдерін экспорттау. Жапо­ния – әлемдегі жер көлемі өте кіш­кентай елдердің бірі әрі аралда орналасқан. Бірақ шамамен 125 миллион халық санымен, әлемде 10-орынды алатын мемлекет. Яғни, кішкентай жер егістікке немесе мал жайы­лы­мына мүм­кіндік бермейді, ал ха­лық саны мол, демек тағам өнім­деріне сұраныс жоғары. Ал Қа­зақстанда керісінше. Елімізде жер көлемі үлкен және егін егуге не­месе мал өсіруге қолайлы, бірақ адам саны жер ауданына про­порционалды емес, өте аз. Демек, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында салыстырмалы артық­шылығы бар. Сонымен қатар жапондықтар өз ден­саулығын күту үшін табиғи өнім тұтынуға үлкен мән береді. Сол себепті Жапонияда қазақ­стандық табиғи ауыл­шаруа­шылық өнімдері үлкен сұранысқа ие бо­латыны күмәнсіз. Екінші сала – бұл IT техно­логиялар саласы. Бұл салада жа­пондықтардың үздік екені бар­шаға аян, ал Қазақстанда бұл сала енді ғана дамып келеді. Осы са­лада қарқынды дамуды қамта­масыз ету үшін жетекші елдердің тәжірибесін енгізу маңызды. Сол себепті де жапондық компа­ния­ларды Қа­зақ­станға шақырып, қаржы ғана емес, тәжірибемен бөлісуге барлық жағ­дайын жасау қажет. Қазіргі уақытта АХҚО-да IT саласында жұмыс істегісі ке­летін шетелдік ком­­па­­ниялар үшін ерекше жақсы жағдай жа­салынған. Сонымен қатар Қа­зақстанда компью­тер саласын меңгерген жас маман­дардың жаңа буыны өскендіктен білікті жұмыс күші соншалықты тап­шылық болмас. Үшінші сала – бұл минералды ресурстарды өндіру және өңдеу саласы. Бұл саланың болашағы өте зор, себебі қазірде Қазақстан эко­номикасының мұнай мен газ өн­дірісіне тәуелділігін азайту өте маңызды мәселе. Қазақстан жері минералды ресурстарға бай еке­нін ескерсек, Қазақстан бұл ре­сурс­тарды тек қана өндіріп, шикізат күйінде экспорттау емес, өңдеп, өнім түрінде шығару мақсатын қарастыру керек. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа зама­науи техно­логиялар мен мол қаражат қажет, ал жапондық ірі инвестор­ларды қызықтыра ал­сақ, бұл мәсе­ле­лердің шешімін табуға болады. Жапон­дықтарда да, өз кезегінде Қазақ­станнан тау-кен өнімдерін им­порт­­­тау қы­зығушылығы бар.

ТҮЙІН:

Қысқасы, Қазақстан мен Жа­понияның арасындағы эконо­ми­калық байланыстарды терең­детудің мүмкіндігі мол. Біздің жа­пондарды қызықтыратын ре­сурс­тарымыз да аз емес. Сондықтан Үкімет қос ел арасындағы интег­рацияны те­рең­детуге айрықша назар аударғаны дұрыс. Тіпті, мұн­дай жоспарлар стратегиялық си­патқа ие екенін де ұмытпау керек. Жапониямен се­ріктес болудан еш­қашан ұтыл­маймыз.

Айтпақшы, қазақ халқы да шы­ғыс елдерінің ішінен жапондарға сүйсініп, соларға ұқсағысы келетіні тағы бар.

 

Бекзат КЕРІМБАЙ, Назарбаев университетінің экономика  факультетінің студент-зерттеушісі