Жеті жыл жыр болған құрылыс
Жеті жыл жыр болған құрылыс

Бүгінде менменсіген мердігер мен жосықсыз серіктестіктердің кесірінен нысандардың құрылысы сағызша созылып жүргені жасырын емес. Тіпті, жылдан-жылға өтпелі болған  нысандардан халық мезі болды. Ал билік басындағылар құрылыс компанияларын сотқа беріп, бір жұмысты екі  қайталап істеуге мәжбүр. Міне, осындай сапасыз құрылыс Тараз қала­сында  жеті жылдан бері жыр  болып, биыл бүлінген тұсы әйтеуір бүтінделді.

Жасыратыны жоқ, Жамбылда бой кө­тер­ген тұрғын үйлердің дені жауын жауса, қасбеті жапырылып түсіп, жел тұрса, ша­тыр­лары ұшуды «әдетке айналдырған».  Тіп­ті, бір үйдің балконы құлап түскенін де көз көрген. 2014 жылы пайдалануға берілген «Бәйтерек» ықшамауданындағы №36 және №37 үйлердің де қасбеті бірінші күннен сы­пы­рылып түсіп, шатыры да желге «жел­кен керіп» ұша бастаған. Тіпті, шатырдан құлаған мұз шаңқай түсте жасөспірімді мерт қыла жаздаған. Осындай жайттарға жанай­қайын білдірген жұртшылық әкімдікке арыз-шағымдарын қарша боратқан бола­тын. Алайда жеті жылдың бедерінде Жам­был облысында үш әкім ауысса да бұл мә­селеге бас ауыртқысы келмеген. Тек биыл ғана аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түріліп, екі тұрғын үйдің қасбеті қалпына  келтірілді. – №36 және №37 үйлердің құрылысы 2014 жылы аяқталды. Алайда көп уақыт өт­пей тұрғындардан арыз-шағымдар түсе бас­та­ды. Оған себеп – шатырдың қиылы­сатын бөліктері дұрыс жабылмаған. Осының салдарынан жаңбыр мен қар жауған кезде бесінші қабаттан бірінші қабатқа дейін үйді су алатын болған. Оған қоса, екі үй жазық далада желдің өтінде тұрғандықтан, сыртқы қасбеттері түсе берді. Үйлердің сырты пенопласт және  пеноплэкспен қапталған еді. Сол себепті  былтыр  «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында  жобалық-сметалық құжаттама жасалып,  онда үйдің сыртқы қасбетін жаңарту қарастырылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жобаны  «СКН-СТРОЙ» ЖШС жеңіп алғанымен, олар әлемдік пандемияға байла­нысты құрылысты жоспарлы кезеңде аяқ­тай алмады, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы  Ғазиз Ералиев.  Бөлім басшысының ай­туын­ша, серіктестік құрылыс жұмыстары­ның басым бөлігінде Өзбекстан мемле­кетінің азаматтарына иек артқан. Алайда каран­тин кезінде олар шекарадан өте алма­ған­дықтан, қаржы дер кезінде аударыл­ғанымен құрылыс уақыты созылып кеткен. «Өткен жылдан бері бас-аяғы алты бригада ауысты. Алайда оларда осы таңға дейін бізді құрғақ уәдемен қатырып келді. Серіктестік нысанды 2020 жылдың 25 желтоқсанында тапсыруға уәде етсе, кейіннен бұл мерізім 15 ақпанға ұзартылды. Осылайша, түрлі нәрсені сылтау етіп, уақытты созып жүріп алған серіктестікті сотқа бердік. Осы қадамнан кейін мердігер өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, екі үйдің қасбетін жаңартып беріп отыр, – дейді Ғазиз Ералиев.  Ғазиз Нұрланұлының айтуынша, мер­дігер тарапынан құрылыс көлемі де дұрыс есептелмеген екен. Екі үйдің құрылыс аумағы 7 мың шаршы метрді құраса, сметалық құжат бойынша ол 6 300 шаршы метр болып көрсетілген. Осындай жайттар құрылыстың кешеуілдеуіне әкеліп соқ­тырған. Серіктестіктің жауапсыздығынан жеті жылға жуық жапа шегіп келгенін аталған тұрғын үйлердің тұрғындары да ашып айтып отыр. – 2014 жылы үй берілгеннен бері осында тұрып келемін. Бірінші күннен үйдің қасбеті сыпырылып түскенімен, оны қалпына келтіру тек 2015 жылы қолға алынды. Алай­да көп ұзамай құрылыс тоқтап қалды. Соң­ғы жылдары тұрғындар шағымдарын ашына жеткізгеннен кейін құрылыс қайта жандан­ғандай болған. Жұмысшылар жұмыс істегендей түр танытқанымен, одан да нәтиже шықпады. Биыл енді серіктестікті жергілікті билік сотқа бергенін естіп едік, бір айдың ішінде үйдің қасбетін  жаңартып  берді. Жеті жыл бойы жасалмаған жұмыстың 25 күнде біткеніне таңғалып отырмыз. Әйтеуір, жаны қысылғаннан мердігер құрылысты қалай болса солай жасап кет­песе болғаны. Ендігі мәселе үйдің шатыры болып тұр. Бұл екі үйде аз қамтылған от­басылар мен ата-ананың қамқорлығынан айырылған жандар тұрады. Сондықтан шатырды өздігімізден жөндей алмаймыз.  Осы мәселені жергілікті билік біржақты етіп берсе,  алғысымыз шексіз болар еді, – дейді «Бәйтерек» ықшамауданындағы №36 үйдің тұрғыны Ранохан Кенжеханова. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қа­тынастар бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев шатыр мәселесі әкімдіктің назарында екенін айтады. Оған қажетті қаржы жергі­лікті қазынадан қаралғалы жатқан көрінеді. Алайда оның қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан екі үйдің тұрғындарына әзірге Алладан жауын жаудырмауын тілеп күнел­тулеріне тура келеді. Естеріңізге салсақ, биыл ақпан айында Тараз қаласында тұрған желдің салдарынан жаңадан салынған 10 көпқабатты үйдің 1 405 шаршы метр шатыры ұшып кеткен бо­ла­тын. Сондай-ақ  №15 ықшамауданын­дағы №14 үйдің 20 шаршы метр балконы құлай жаздаған. Осының өзі кейінгі жылдары  бой көтерген  ықшамаудандардағы үйлердің  құрылыс жұмыстарының сапасыз­дығын көрсетіп  тұр.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы