Бүгінде менменсіген мердігер мен жосықсыз серіктестіктердің кесірінен нысандардың құрылысы сағызша созылып жүргені жасырын емес. Тіпті, жылдан-жылға өтпелі болған нысандардан халық мезі болды. Ал билік басындағылар құрылыс компанияларын сотқа беріп, бір жұмысты екі қайталап істеуге мәжбүр. Міне, осындай сапасыз құрылыс Тараз қаласында жеті жылдан бері жыр болып, биыл бүлінген тұсы әйтеуір бүтінделді.
Жасыратыны жоқ, Жамбылда бой көтерген тұрғын үйлердің дені жауын жауса, қасбеті жапырылып түсіп, жел тұрса, шатырлары ұшуды «әдетке айналдырған». Тіпті, бір үйдің балконы құлап түскенін де көз көрген. 2014 жылы пайдалануға берілген «Бәйтерек» ықшамауданындағы №36 және №37 үйлердің де қасбеті бірінші күннен сыпырылып түсіп, шатыры да желге «желкен керіп» ұша бастаған. Тіпті, шатырдан құлаған мұз шаңқай түсте жасөспірімді мерт қыла жаздаған. Осындай жайттарға жанайқайын білдірген жұртшылық әкімдікке арыз-шағымдарын қарша боратқан болатын. Алайда жеті жылдың бедерінде Жамбыл облысында үш әкім ауысса да бұл мәселеге бас ауыртқысы келмеген. Тек биыл ғана аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түріліп, екі тұрғын үйдің қасбеті қалпына келтірілді. – №36 және №37 үйлердің құрылысы 2014 жылы аяқталды. Алайда көп уақыт өтпей тұрғындардан арыз-шағымдар түсе бастады. Оған себеп – шатырдың қиылысатын бөліктері дұрыс жабылмаған. Осының салдарынан жаңбыр мен қар жауған кезде бесінші қабаттан бірінші қабатқа дейін үйді су алатын болған. Оған қоса, екі үй жазық далада желдің өтінде тұрғандықтан, сыртқы қасбеттері түсе берді. Үйлердің сырты пенопласт және пеноплэкспен қапталған еді. Сол себепті былтыр «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында жобалық-сметалық құжаттама жасалып, онда үйдің сыртқы қасбетін жаңарту қарастырылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жобаны «СКН-СТРОЙ» ЖШС жеңіп алғанымен, олар әлемдік пандемияға байланысты құрылысты жоспарлы кезеңде аяқтай алмады, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев. Бөлім басшысының айтуынша, серіктестік құрылыс жұмыстарының басым бөлігінде Өзбекстан мемлекетінің азаматтарына иек артқан. Алайда карантин кезінде олар шекарадан өте алмағандықтан, қаржы дер кезінде аударылғанымен құрылыс уақыты созылып кеткен. «Өткен жылдан бері бас-аяғы алты бригада ауысты. Алайда оларда осы таңға дейін бізді құрғақ уәдемен қатырып келді. Серіктестік нысанды 2020 жылдың 25 желтоқсанында тапсыруға уәде етсе, кейіннен бұл мерізім 15 ақпанға ұзартылды. Осылайша, түрлі нәрсені сылтау етіп, уақытты созып жүріп алған серіктестікті сотқа бердік. Осы қадамнан кейін мердігер өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, екі үйдің қасбетін жаңартып беріп отыр, – дейді Ғазиз Ералиев. Ғазиз Нұрланұлының айтуынша, мердігер тарапынан құрылыс көлемі де дұрыс есептелмеген екен. Екі үйдің құрылыс аумағы 7 мың шаршы метрді құраса, сметалық құжат бойынша ол 6 300 шаршы метр болып көрсетілген. Осындай жайттар құрылыстың кешеуілдеуіне әкеліп соқтырған. Серіктестіктің жауапсыздығынан жеті жылға жуық жапа шегіп келгенін аталған тұрғын үйлердің тұрғындары да ашып айтып отыр. – 2014 жылы үй берілгеннен бері осында тұрып келемін. Бірінші күннен үйдің қасбеті сыпырылып түскенімен, оны қалпына келтіру тек 2015 жылы қолға алынды. Алайда көп ұзамай құрылыс тоқтап қалды. Соңғы жылдары тұрғындар шағымдарын ашына жеткізгеннен кейін құрылыс қайта жанданғандай болған. Жұмысшылар жұмыс істегендей түр танытқанымен, одан да нәтиже шықпады. Биыл енді серіктестікті жергілікті билік сотқа бергенін естіп едік, бір айдың ішінде үйдің қасбетін жаңартып берді. Жеті жыл бойы жасалмаған жұмыстың 25 күнде біткеніне таңғалып отырмыз. Әйтеуір, жаны қысылғаннан мердігер құрылысты қалай болса солай жасап кетпесе болғаны. Ендігі мәселе үйдің шатыры болып тұр. Бұл екі үйде аз қамтылған отбасылар мен ата-ананың қамқорлығынан айырылған жандар тұрады. Сондықтан шатырды өздігімізден жөндей алмаймыз. Осы мәселені жергілікті билік біржақты етіп берсе, алғысымыз шексіз болар еді, – дейді «Бәйтерек» ықшамауданындағы №36 үйдің тұрғыны Ранохан Кенжеханова. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев шатыр мәселесі әкімдіктің назарында екенін айтады. Оған қажетті қаржы жергілікті қазынадан қаралғалы жатқан көрінеді. Алайда оның қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан екі үйдің тұрғындарына әзірге Алладан жауын жаудырмауын тілеп күнелтулеріне тура келеді. Естеріңізге салсақ, биыл ақпан айында Тараз қаласында тұрған желдің салдарынан жаңадан салынған 10 көпқабатты үйдің 1 405 шаршы метр шатыры ұшып кеткен болатын. Сондай-ақ №15 ықшамауданындағы №14 үйдің 20 шаршы метр балконы құлай жаздаған. Осының өзі кейінгі жылдары бой көтерген ықшамаудандардағы үйлердің құрылыс жұмыстарының сапасыздығын көрсетіп тұр.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы