«Жетісу» футбол клубының басынан дау арылмай қойды. Маусым басталар тұста клубтың жасыл алаңы матч өткізуге дайын болмағандықтан, талдықорғандық клубтан үш ұпай алынып тасталған. Басшылығына, бапкерлік штабына қатысты екібастан талай рет сын айтылып жүр. Енді, міне футболшылары арасында шу шықты. Бұл туралы еліміздегі спорт сайттары да жарыса жазды.
«Тень отца Гурмана» Telegram-каналының хабарлауынша, командадағы бірнеше ойыншы төбелес шығарып, бір футболшы ауруханаға түсіп, екеуі клубтан қуылды. Шудың бәрі талдықорғандық клуб өз алаңында «Ақтөбеден» 1:5 есебімен ойсырай жеңілгеннен кейін басталған. Футболшылар арасында өзара түсініспеушілік пайда болған. Ақыры олар бір-бірімен төбелесіп, ойыншылардың бірі жарақат алды. Даудың басында талдықорғандық клубтың тәжірибелі ойыншылары Бауыржан Тұрысбек пен Александр Кислицын тұр. Олар жас футболшыларды «алаңда дұрыс ойнамадыңдар» деп қаралаған. Аслан Жанұзақов жастарды жақтаймын деп ауруханадан бір-ақ шыққан. Даулы оқиғадан кейін қазақстандық шабуылшы Бауыржан Тұрысбек пен Александр Кислиуын клуб базасындағы режимді бұзғаны үшін клубтан аластатылыпты. Алайда бұл деректерді клуб басшылығы жоққа шығарып отыр. оны клубтың төмендегі мәлімдемесінен анық байқауға болады. «Кейбір БАҚ Александр Кислицын мен Бауыржан Тұрысбек командаластарымен төбелескені үшін командадан шығарылды деп жазды. «Жетісу» ФК ойыншылар командадан кеткенін растайды, дегенмен командаластармен төбелесті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. 35 жастағы Александр Кислицын жарақатына байланысты кетті. Екі тарап та келісімшартты бұзуға шешім қабылдады. Өйткені футболшының емделуіне ұзақ уақыт кетеді.29 жастағы Бауыржан Тұрысбек маусымның басында біздің командаға қосылды. Бастапқыда ойыншы мен басшылық арасында егер ойыншы командадан кеткісі келсе, Бауыржан келісімшартты еш қиындықсыз бұза алады деген келісім болған. Ойыншыға Азиялық клубтардың бірінен ұсыныс түсті», – деп жазылған клубтың Instagram парақшасында.Біз мәселенің анық-қанығын білу мақсатында «Жетісу» футбол клубының спорттық директоры Қазыбек Амангелдіұлымен сөйлестік. Ол өз кезегінде жақын арада бұл жағдайға қатысты клубтың сайтында нақты ақпарат жарияланатынын жеткізді.
Бұл мәселе алдағы уақытта да жан-жақты зерттеліп, талқыланары сөзсіз. БАҚ өкілдері футболшылар арасында жанжал болды десе, клуб басшылығы бұл ақпараттардың жалған екенін айтып, ақталуда.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатының 10-турынан кейін «Жетісу» бір ұпаймен турнирлік кестенің соңында келеді. 11-турда талдықорғандық клуб өз алаңында елордалық «Астана» командасымен ойнайды. Отандық спорт сарапшылары бұл ойында «Астана» еш қиындықсыз жеңіске жететінін айтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, клубтың жағдайы мәз емес. Биылғы маусымда «Жетісу» сапындағы африкалық қорғаушылар Алию Абубакар мен Филипп Иполе де жаттықтырушылар штабының үмітін ақтай алмаған көрінеді. Сондай-ақ жақын арада қазақстандық футболшы Акмаль Бахтияров та команда сапынан кетуі мүмкін. Бұл туралы «Тень отца Гурмана» Telegram-каналы жазды. «Жетісудағы» жанжалға қатысты спорт журналистерінің көпшілігі пікір білдіргісі келмеді. Мұндай түсініспеушіліктер турнирлік кестеде төменгі орында жүрген не ойыншыларға қарызы бар клубтарда жыл сайын қайталанатынын айтады спорт журналисі Қуаныш Қаппас.– ҚПЛ-да осыған ұқсас жанжалдар бір емес бірнеше рет болған. Сондай оқиғалардың бірі деп осыдан үш жыл бұрын «Тараз» футболшысы Жақып Қожамбердінің Олександр Яровенконы ұрғанын айтуға болады. Сөйтіп, ойыншы клубтан кетті. Ол кезде «Таразды» бас бапкер Евгений Яровенко жаттықтырған болатын. Бірақ сол кезде «Астананың» бас бапкері болған Стойлов Жақып Қожамбердіні елордалық клуб сапына шақырып алды. Басы дауға қалған футболшы жолы болып аз уақыттың ішінде «Астана» ойыншысы атанды. «Атлектико Мадридке» қарсы сырт алаңда өткен ойынға қатысты. «Қайратта» да Смақов, Кислицындардың даулы жағдайдан кейін жаппай клубтан кеткен кезін де жанкүйерлер ұмыта қоймаған шығар. Спорт болған соң мұндай келеңсіз оқиғалар болып тұрады, – дейді Қуаныш.Бұл мәселе алдағы уақытта да жан-жақты зерттеліп, талқыланары сөзсіз. БАҚ өкілдері футболшылар арасында жанжал болды десе, клуб басшылығы бұл ақпараттардың жалған екенін айтып ақталуда. Анық-қанығын уақытында біле жатармыз. Бастысы, футболшылардың арасындағы ауызбіршілік жойылмаса дейсің. Әйтпесе, турнирлік кестедегі жағдайы мүшкіл клубтың бұдан кейін де чемпионатта жақсы өнер көрсетуі қиындай түсері анық.