Отбасы – өнегенің тал бесігі
Отбасы – өнегенің тал бесігі

15 мамыр – халықаралық   отбасы   күні. Атаулы датаны әлем халқы бірге тойлайды. БҰҰ түрлі іс-шара өткізіп, әр жыл сайын отбасы күніне белгілі бір тақырып арнайды. Мақсат  қоғамдағы проблемаларға отбасы мүшелерінің назарын аударып, бірге күресуге шақыру. Осылайша, отбасы біртұтас ұғым екенін бойға сіңіреді.

Бұл дата  1993  жылы  БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Отбасы құндылығын түсіндіріп, түрлі мемлекеттерде ұғымды дәріптеу қажеті туындаған.  Сөйтіп,  Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті. Айтулы күні жай ғана атап өтпей, маңызына үңілу үшін жыл сайын күн тақырыбы белгі­лене­ді. Мәселен, 2020 жылы от­басындағы даму тақырыбына назар аударылған болса, 2019 жылы кли­маттың өзгеруімен күрес жүргізіл­ген. Ал 2018 жылы тақырып «От­басы және инклюзив қоғам» болып бекітілсе, 2017 жылы «Отбасы, білім және әл-ауқатқа» көңіл бө­лінген. Қай тақырыпты алып қара­масақ та, қоғамдағы өзек­ті мәселені белгілеп, оны шешу жолы от­басындағы бірлік пен тәрбиеге бай­ланысты екені анық. Иә, отбасы – тәрбие мен өнегенің тал бесігі. Құрмет пен сүйіспеншіліктің ортасы, ынтымақ пен бірліктің ошағы. Бір сөзбен айтқанда, отбасы – қоғамның ал­тын діңгегі. Өйткені үйдегі өнеге, дәстүр, салт пен сана баланың бо­лашағына әсер етеді. Ал бала – бо­лашақ. Келешектің жарқын болуы үшін қазірден қам жасап, берекенің ұясы болуға қадам басу қажет. Қазақта «айрандай ұю» деген тіркес бар. Ел арасында тату-тәтті отбасын «айрандай ұйыған шаңы­рақ» деп суреттейді. Мұның өзінде терең мән бар. «Үйлену оңай, үй болу» қиынын түсінген ерлі-зайып­тылар қай жағынан қарасаң да бір бүтін болуға тырысады. Мәселен, Зейнеп Ахметова от­басындағы құндылықты рет-реті­мен жіктеп берген. Яғни, отбасын бір ортаға, бір мүддеде біріктіру ене мен келіннің қолындағы дүние екенін атап өткен. «Бір әулеттің бірлігі, ынтымағы, бақытты өмір сүруі, ұрпағының әдемі өсуі ене мен келінге байланысты. Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болуы екінің бірінің қолынан келмейді. Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсі­ретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс бола­ды»,– дейді ол. Жазушы осы ойымен-ақ қазір отбасындағы келіспеушіліктің басты себебін де атап берген сия­қты. Психологтар ұсынатын кеңес­тегі гармония, сенім, тұрақтылық, түсіну де қазақы танымда жатқан­дай. Өзегін түсініп, үлкенді сый­лауды ұғынған, көгеріп-көктеуді мақсат еткен отбасының қашанда түтіні түзу шығары белгілі. Халықаралық отбасы күнін белгілеудің де астары жоғарыдағы құндылықтарға негізделген. Әлем­нің көптеген елінде 15 мамыр күні мерекелік жиындар, концерттер ұйымдастырылады. Мәселен, от­басылық өмірде тәжірибесі көп жұп­тар жастармен кездесу өткізеді. Көпбалалы, аз қамтылған отбасы­ларға қайырымдылық акциясы аясында көмектеседі. Әрине, жас отбасыларға арналған тренинг, конференция да күн тәртібінде бар. Жалпы, аталған датада теле­бағ­дарлама, радио мен газеттегі ма­териалдар отбасы ұғымын дәріп­тейді.  

Айбике ЖАНАСЫЛ