15 мамыр – халықаралық отбасы күні. Атаулы датаны әлем халқы бірге тойлайды. БҰҰ түрлі іс-шара өткізіп, әр жыл сайын отбасы күніне белгілі бір тақырып арнайды. Мақсат қоғамдағы проблемаларға отбасы мүшелерінің назарын аударып, бірге күресуге шақыру. Осылайша, отбасы біртұтас ұғым екенін бойға сіңіреді.
Бұл дата 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Отбасы құндылығын түсіндіріп, түрлі мемлекеттерде ұғымды дәріптеу қажеті туындаған. Сөйтіп, Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті. Айтулы күні жай ғана атап өтпей, маңызына үңілу үшін жыл сайын күн тақырыбы белгіленеді. Мәселен, 2020 жылы отбасындағы даму тақырыбына назар аударылған болса, 2019 жылы климаттың өзгеруімен күрес жүргізілген. Ал 2018 жылы тақырып «Отбасы және инклюзив қоғам» болып бекітілсе, 2017 жылы «Отбасы, білім және әл-ауқатқа» көңіл бөлінген. Қай тақырыпты алып қарамасақ та, қоғамдағы өзекті мәселені белгілеп, оны шешу жолы отбасындағы бірлік пен тәрбиеге байланысты екені анық. Иә, отбасы – тәрбие мен өнегенің тал бесігі. Құрмет пен сүйіспеншіліктің ортасы, ынтымақ пен бірліктің ошағы. Бір сөзбен айтқанда, отбасы – қоғамның алтын діңгегі. Өйткені үйдегі өнеге, дәстүр, салт пен сана баланың болашағына әсер етеді. Ал бала – болашақ. Келешектің жарқын болуы үшін қазірден қам жасап, берекенің ұясы болуға қадам басу қажет. Қазақта «айрандай ұю» деген тіркес бар. Ел арасында тату-тәтті отбасын «айрандай ұйыған шаңырақ» деп суреттейді. Мұның өзінде терең мән бар. «Үйлену оңай, үй болу» қиынын түсінген ерлі-зайыптылар қай жағынан қарасаң да бір бүтін болуға тырысады. Мәселен, Зейнеп Ахметова отбасындағы құндылықты рет-ретімен жіктеп берген. Яғни, отбасын бір ортаға, бір мүддеде біріктіру ене мен келіннің қолындағы дүние екенін атап өткен. «Бір әулеттің бірлігі, ынтымағы, бақытты өмір сүруі, ұрпағының әдемі өсуі ене мен келінге байланысты. Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болуы екінің бірінің қолынан келмейді. Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсіретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс болады»,– дейді ол. Жазушы осы ойымен-ақ қазір отбасындағы келіспеушіліктің басты себебін де атап берген сияқты. Психологтар ұсынатын кеңестегі гармония, сенім, тұрақтылық, түсіну де қазақы танымда жатқандай. Өзегін түсініп, үлкенді сыйлауды ұғынған, көгеріп-көктеуді мақсат еткен отбасының қашанда түтіні түзу шығары белгілі. Халықаралық отбасы күнін белгілеудің де астары жоғарыдағы құндылықтарға негізделген. Әлемнің көптеген елінде 15 мамыр күні мерекелік жиындар, концерттер ұйымдастырылады. Мәселен, отбасылық өмірде тәжірибесі көп жұптар жастармен кездесу өткізеді. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық акциясы аясында көмектеседі. Әрине, жас отбасыларға арналған тренинг, конференция да күн тәртібінде бар. Жалпы, аталған датада телебағдарлама, радио мен газеттегі материалдар отбасы ұғымын дәріптейді.Айбике ЖАНАСЫЛ