Қазір Қазақстан билігі елді жаппай газдандыруды мақсат етіп отыр. Оңтүстік және батыс өңірлері үшін бұл аса өзекті мәселе емес. Ал «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, 6 ай қысы аязды болатын Қарағанды мен солтүстік өңірлерін газдандыру ісі оңайға түспесі анық. Сол үшін көмір тұтынусыз қалса, ел экономикасы да әлсіреуі мүмкін. Қатты отынның қадірін қашырып, жерасты байлығының тағы бірін игілікке жарата алмаған ел болып шықпасымызға кім кепіл?
Дегенмен «Сарыарқа» магистраль газ құбырының құрылысы бойынша 3 миллионға жуық тұрғынды газбен қамту көзделген. Жоба құрылысының жалпы құны – 267,3 миллиард теңге. Бір қызығы, бұл жоба ішкі-сыртқы нарықты көмір қорымен қамтамасыз етіп отырған жерлерде жүзеге аса бастады. Одан қатты отынға деген сұраныс кеміп, «қара алтынның» қадірі қашуы да ғажап емес.Көмірсіз өмір болмас...
Айта кетсек, бүгінде әлем бойынша 1,1 триллион тонна көмір қоры бар. Соның ішінде 10-орында тұрған біздегі 300 кен орнында шамамен 33,9 миллиард тонна көмір қоры бар. Оның 90 пайызы – қазір көгілдір отынды пайдалануға көшкен солтүстік-шығыс пен орталық өңірлерде. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанда 2,6 миллиард тонна көмір өндірілсе, соның шамамен 0,8 миллиард тоннасы шетелге экспортталған. Қазір де елдегі электр энергиясының 70 пайызы, коксхимиясы өндірісінің 100 пайызы, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген сұранысы сол көмірге тәуелді. Сондықтан жылына орта есеппен 100 миллион тонналап көмір өндіретін ол салада 35 мыңдай адам жұмыс істеп жатыр. Қазақстаннан өндіріске шығарылған алғашқы пайдалы қазба ретіндегі көмір өндірісі ел экономикасының локомотиві десе де болады. Алайда сарапшылар қазір Қазақстан әлем бойынша көмір саласын дамытудан кенже қалғанын алға тартып отыр. Себебі біздегі қатты отын шикілей сатылады. Оны өңдеп, байытуға құлықсызбыз. Үкімет экономикалық тиімсіз деп таныған. Ал Австралия, Германия, ОАР сияқты елдерде көмірдің 80-100 пайызы байытылады екен. Енді 2030 жылға дейін көмірді энергетикадағы басты сектор ретінде сақтау жоспарланғанмен, «жасыл экономиканы» басты құндылық санаған Батыс Еуропа елдері біртіндеп байытылмаған көмірді импорттауды тоқтатуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан әлемдік нарықтағы басты экспорттаушы ретінде өз орнын сақтап қалғысы келсе, ең алдымен көмірді өңдеп, байыта білуі керек. Әйтпесе, «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас сарапшысы Бақытбек Амантаев: «2020 жылдың 8 айындағы көмір экспортының 86,8 пайызы таскөмірге тиесілі. Бұл дегеніміз – 14,05 миллион тонна. 2019 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 10,2 пайызға кем», – деп отыр. Демек, 300 жылға жететін көмір қоры бар елдегі экспорт көлемінің азаюына алаңдамасақ болмайды. Енді біздің көмір өндіруші компаниялар алдағы уақытта өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азияға, Жапония мен Оңтүстік Кореяға экспорттауды ойластырып жатыр. Өйткені әлгі Еуропа елдерін айтпағанда, көршілес Ресейдің өзінде Қазақстаннан көмір сатып алу көрсеткіші төмендеген. Олар қазақстандық көмірдің сыртқы нарыққа экспортталуына кедергі келтіріп отыр. Мысалы, Ресей бұрыннан Екібастұз көмірін тұтынатын стансаларды өздерінің Кузбасс көмірімен қамтамасыз етуді жолға қойып алған. Ал ресейлік Argus Media көмір нарығының шолушысы Юрий Онышкив Қазақстанның Еуропаға көмір экспорттауы тиімсіз болып жатқанын өзінше түсіндіріп бақты. «Еуропалық Одақта көмірдің бағасы бірнеше факторларға байланысты, тоннасы 60 доллардан төмен түсті. Біріншіден, еуропалық қоймаларда үлкен қор жиналып, көмірдің артық мөлшері пайда болды. Екіншіден, көгілдір отынның бағасы әлдеқайда арзандады. Бұл өз кезегінде газ өндірісін дамытуға ынталандырды. Нәтижесінде, Испания, Германия, Франция және Ұлыбританияда көмір жағу көрсеткіші жыл басынан бастап төмендей бастады», – дейді ол. [caption id="attachment_137103" align="alignnone" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Содан болса керек, қазір көмірдің тоннасы өз ішімізде 17 мың теңгеге дейін көтеріліп кетті. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлі газ құбыры тартылмаған жер үй тұрғындарына биыл 7 миллион тоннадан астам көмір қажет болатынын болжаған. Оның бағасы әр өңірде әртүрлі. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында – 7 500-11 000 теңге, Өскеменде – 11 000 теңге, Павлодарда – 12 500 теңге, Нұр-Сұлтанда – 12 800 теңге, Ақтөбеде – 13 000 теңге, Көкшетауда – 13 400 теңге, Қостанайда – 15 000 теңге. Ең қымбаты – Петропавлда, тоннасы 17 500 теңгеге бағаланған.Газ құнына жұрт наразы
Елордада тұратын көпшілік қаланың қақ ортасында көмірдің көк түтініне тұншығып отырғаннан гөрі көгілдір отынды қолданғанды құп көреді. Дегенмен Энергетика министрлігі Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаев мұнда газ қосылғанның өзінде көмір жағуға заң бойынша шектеу қойылмайтынын жеткізді. «Көмір жаға ма, газ қоса ма, оны әр адам өзі шешеді. Бірақ үйге келіп тұрған газды пайдаланбау дұрыс емес», – дейді ол. Ал қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл газдың қаншалықты пайдалы екенін тәптіштеп көрді. Оның айтуынша, тұрғын үйлерге газ қойса, келіп батырмасын басып, керек температураны анықтайсыз. Біріншіден, ыстық су, жылу болады. Мысалы, көмірмен тек үйді жылытасыз да, ал ваннаға ыстық су қолдану үшін бойлер қосасыз. Ол үшін қосымша тоқ кетеді. «Меніңше газ қымбатқа шықпайды. Оның бәрін жеке санап шығу керек. Газ қолдану үшін артық әрекет керек емес, оның бәрі автоматты түрде болады. Көмірмен олай істей алмайсыз. Сондықтан өз тарапымыздан газдың артықшылығы көп деп есептейміз», – дейді Ернат Бәзіл. Сондай-ақ ол Жылу электр орталықтарынан көмірдің көк түтінімен бірге улы қалдықтар да қалаға төніп, айналаға тарап жатқанын ескертті. Өйткені газ бен көмір қалдықтарының 10 есе айырмашылығы бар. Сондықтан елорда шенеуніктері 2021 жылдың аяғы мен 2022 жылдың басында түтін мәселесін толығымен жоюға ниетті. Енді ол жағын уақытында көрерміз. Сонымен қазір Нұр-Сұлтандағы Железнодорожный елді мекенінде газбен жабдықтаудың 80 пайыздан астам тарату желілері салынып бітті. Қалған жұмыстар Көктал-1, Көктал-2, Промышленный және Агрогородок, Юго-Восток шағынаудандарында жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асырудың соңғы мерзімі – 2023 жыл. Ал қазір бас қалада газды үйге дейін кіргізіп беру қызметімен айналысатын мекемелердің саны 50-ден асқан. Осылайша, газ өткізу қаладағы зиянды қалдықтардың 6 есеге, қатты заттардың 40 мың тоннаға дейін азаюына мүмкіндік береді екен. Енді құрылысына 2 мыңнан астам адам жұмылған «Сарыарқа» магистралды газ құбырына тоқталсақ, ол Қазақстанның астанасы мен орталық және солтүстік аймақтарын газбен қамтуға арналған. Сондай-ақ Алматы облысында 741 елді мекеннің 473-не табиғи газ тартуға болады екен. Ал жарты миллионға жуық адам тұратын шалғайдағы ауылдарда ондай мүмкіндік жоқ. Олар газ құбырын тартуға тиімсіз көрінеді. Енді ондағы газ берудің құнына келетін болсақ, Талдықорғанда бағасы аса қымбат емес. Газбен жабдықтаудың қолданыстағы жүйесі арқылы берілсе, 30 мың теңгеге жуық болады, ал газбен жабдықтаудың қолданыстағы жүйесі болмаған жағдайда 70 мың теңгеге дейін төлейді. Ал ауылдарда дәл осындай көрсетілген қызметке төленетін қаржы 350 мыңнан 700 мың теңгеге дейін ауытқиды. Себебі әкімшілік орталығындағы газбен жабдықтаудың ішкі қалалық жүйесі бюджет есебінен салынған. Ал аудандарда газ жүргізуді жекеменшік инвесторлар жүзеге асырады. Қызылорда облысының Тереңөзек кентіндегі жағдай одан да сорақы. Мысалы, онда газ тартылса да тұрғындар әлі көмір жағып отыр. Аймақ басшысының қатысуымен ауылға газ беру рәсімі салтанатты түрде өткен болатын. Бірақ 2 мыңнан астам үйдің 10-ға жетер-жетпесі ғана көгілдір отынға қосылған. Елді мекендегі 2 мыңнан астам үйдің жартысынан көбі қондырғысын сайлап, газды күтіп отыр. Үйлерге газ құбырларын өткізетін жеке кәсіпкерлер де бағаны көтеріп жіберген. Монтаждау жұмысы алдыңғы жылдары 300 мыңға бағаланса, қазір газды үйге кіргізу үшін 400 мың теңге төлеу керек. Одан бөлек, жылу жағынан үнемі көштің соңында жүретін Арқалық қаласындағы мазут отынын маздатып отырған ЖЭО көмірдің өзіне биыл бір-ақ ауысатын болды. Сол үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға республикалық бюджеттен 3 714,5 миллион теңге бөлінген. Жаңартылған ЖЭО-ны пайдалану алдағы 2021-2022 жылғы жылу беру маусымына жоспарланғандықтан, облыстық бюджеттен 48 мың тоннадан астам көмір сатып алуға 500 миллион теңге аударылып отыр.Еркеғали БЕЙСЕН