Семей қаласындағы зиратта белгілі қоғам қайраткері, Қазақ КСР гимнінің авторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «алашордалықтардың» соңғы тұяғы, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың құлпытасын белгісіз біреулер қиратып кеткен. Олар құлпытастың бетіндегі марқұмның суреті салынған, туған-қайтыс болған жылдары көрсетіліп, бір шумақ өлең жазылған габбро тақтатасты қақ ортасынан ауыр затпен ұрып, сындырып тастаған. Мрамор құлпытастың өзі құлап қалмаған болса да, қирап тұр. Ғалымның ұл-қыздарының айтуынша, бұл затпен алғашқы жағдай емес. Әкелерінің ескерткіштеріне қатысты төртінші рет болып отырған оқиға.
Аруақты мазалап жүрген кім?
Қайым Мұхамедхановтың зираты осыдан 10 жыл бұрын да талқандалған екен. Ол жолы құлпытастың бетіндегі марқұмның суреті бар габбро тақташаны сындырмай шешіп алып, құлпытасқа сүйеп кеткен де, мықты темірден жасалған тор шарбақтарын кесіп алып, сол жерге лақтырып тастаған. Вандалдар басқа молаларға тиіспеген көрінеді. Сол кезде де осындай қоғамдық резонанс туып, бірақ оны жасағандар ақыры табылмаған-ды. Бір қызығы, оқиға сол 2011 жылдың 31 мамыры, тура Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болыпты. Әрі сол жыл Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы еді. Айтпақшы, осының алдында белгісіз біреулер ғалым тұрған үйдің сыртына ілінген мемориалдық тақтаға бояу шашып кеткен болатын. Ол қоғам назарынан елеусіз қалса да, маңызы зор жайт еді. Екінші оқиға 2017 жылы болған. Семей қаласының қақ ортасындағы Абай көшесінің бойындағы алаңда орналасқан Қайым Мұхамедхановтың ескерткіш стелласындағы ғалымның фамилиясындағы қола темірден құйылған ірі-ірі әріптердің үшеуін белгісіз біреулер шешіп алып кеткен. Алаңның тура жанында қалалық әкімдік пен Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты орналасқан. Оның үстіне, әрбір әріп бұрандалармен мықтап бекітілген. Сонда оны шаһар басшылығының тұмсығының астынан кім алып кетуі мүмкін? Жұмбақ күйі қалды. Ал ең қызығы, бұл жыл Алаштың 100 жылдығы болатын. Үшінші оқиға да күні кеше, қасиетті Рамазан айында, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында, биылғы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай болып отыр. Қалай болғанда да, мұнда бір байланыс барын жоққа шығаруға болмайды.Екінші оқиға 2017 жылы болған. Семей қаласының қақ ортасындағы Абай көшесінің бойындағы алаңда орналасқан Қайым Мұхамедхановтың ескерткіш стелласындағы ғалымның фамилиясындағы қола темірден құйылған ірі-ірі әріптердің үшеуін белгісіз біреулер шешіп алып кеткен.
«Биыл әкеміздің 105 жылдығында да бұл қиянат қайталанып отыр. Күні кеше туған-туыстармен бірге зиярат жасау үшін әкеміздің басына барған едік. Бұзылып, тоз-тозы шығып жатқан құлпытасты көргенде жағамызды ұстадық. Бұл деген масқара ғой! Елі үшін еңбек еткен, өле-өлгенше халқының қамын жеген әкеміздің аруағын қорлау кімге керек?! Тірі кезінде де әкемізден қорқып, оның шындықты айтатынына тісін қайраушылар көп еді, енді өлгенде де қорқатындар азаймаған ба? Вандалдардың әрекетін осылай бейжай қалдыруға болмайды. Бұл мәселені Семей қаласының әкімдігі бірден назарға алғанына рақмет. Шаһар әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев бізбен бірге бейіт басына барып, бұзылған жерлерді қарап, мамандарға тексертіп, алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбаса екен дейміз», – дейді Қанағат Қайымұлы. Аталған факт бойынша Семей қалалық ПБ Затон полиция бөлімінде ҚР ҚК 258-бабына сәйкес (Вандализм) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қазір аталған қылмысты ашу үшін жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. ШҚО Полиция департаменті мен Семей қаласы Полиция басқармасы басшылығы бұл оқиғаның тергелу барысын өздерінің қатаң бақылауына алып отыр.Нұрлан ҚОСАЙ