Instagram, Facebook, WhatsApp, алаяқтар үшін жақсы-ақ...
Instagram, Facebook, WhatsApp, алаяқтар үшін жақсы-ақ...
156
оқылды

Түрлі айламен кісінің ақшасын «қағып» кету сәнге айналды. Кейде өз қолымызбен алаяққа тірнектеп жинаған қаражатымызды бере саламыз. Артынан өкініп отырамыз. Жақында Қарағанды қаласында Beauty KRG  сұлулық салонына клиент болған жүздеген әйел қарызға батты. Бұл кеншілер шаһарындағы тұрғындарды тонаған бірінші оқиға емес.

Несиеге сұлу болғысы келгендер сан соғып қалды

Beauty KRG эстетикалық медицина орталығының қызметкерлері «Бетіңізді тегін әрлетіңіз» деп Instagram-да жарнама береді. «Тегін» деген соң әйелдер үймелей кетеді. Балға үймелеген арадай. «Әдемі қыламыз» деп сендірген салондағылар болашақ сұлуларға несие рәсімдеуді ұсынады.  Бір қызығы, банк өкілдері салонның ішінде отырады. Олар да кредитті қолма-қол рәсімдеп береді. Алды 300, соңы 500 мың теңгеге дейінгі сомада несие алып тастайды. Клиенттер бұл ақшаға жыл бойы салонның қызметін алуға келіседі. Кейін өздерінің алданғанын білген әйелдер «Келісімшартқа қалай қол қой­ғанымызды түсінбей қалдық» деп сақшы­ларға хабарласады. Осылайша, қаншама адамға несие алғызған салонның есігі кілттеулі. Теле­фонын көтермейді, қайда көшіп кеткені белгісіз. Қақпанға түскен Қарағанды қаласының тұрғыны Екатерина Тугайбей: – Мұның алаяқтық әрекет екені айт­паса да түсінікті. Соңында сұлулық са­лонының орнын сипап қалдық. Не алған қызмет жоқ, не ақшамыз жоқ, – десе, «Мен біраз ақша салдым. Косметикалық қызмет үшін алдын ала төлем жасадым. Әлі құйған ақшамның жартысын да пайда­ланған жоқпын. Енді қалған соманы қай­таруды талап етемін. Бұл аталған ғимарат төңі­регіндегі алғашқы дау емес. Бұған дейін де мұнда сұлулық салоны жұмыс істеп тұрған. Онда да алаяқтар біраз адамды сан соқ­тырған болатын» деп шырыл­дайды сенімге кіргеннен сезіктен­беген Сәбина Махму­това. Бұл шу тәртіп сақшыларының да құла­ғына жетті. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақыт­жан Құдияров: – Аталған мекеменің алаяқтық ісі бо­йынша полицияға жәбірленушілерден 162 арыз-шағым түсті. Оларға келтірілген шығын көлемі шамамен 25 миллион теңгені құраған. Бүгінде тергеу бөлімі аталған мекеменің екі қызметкеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қоз­ғады, – дейді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе кемінде 250 миллион теңге айыппұл төлейді.

 Хабарлама беріп, «жемтік» іздеген...

Ақшаны оңай жолмен табуға әккі­ленгендер түрлі қитұрқылыққа барады. Былтыр маусымда Қарағанды полицейлері 35 адамды алдаған алаяқ әйелді ұстады. Бұл азамат та әлеуметтік желіні пайдаланған. Маусым айында Қарағанды қаласының тұрғыны пәтер жалдау жөніндегі хабарлама бойынша белгісіз әйелмен телефон арқы­лы келіскен. Ол алдын ала 20 мың теңге аударған, бірақ жалға беруші ақшаны алы­сы­мен байланысты үзген. Осыған ұқсас арыздармен қала полициясына бірнеше адам жүгінген. Пәтерді жалға беру немесе жиһаз сату бойынша өзінің абоненттік нөмірлерін көрсетіп, интернетке хабар­лама­лар берген, алайда кепілақыны алы­сы­мен арызданушыларды алдаған 27 жас­тағы Қарағанды облысының тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. – Тергеу барысында белгілі болғандай, әйелдің алаяқтық қақпанына 35 адам түскен. Олардың ішінде біздің қаламыздың ғана емес, Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары да бар. Жәбірленушілерге келтірілген зиянның жалпы сомасы 1,5 млн. теңгені құрады. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді Қарағанды қаласы ПБ бастығы Думан Қожахметов.

Мешіт те кедергі болмады...

Қарағанды қаласына қарасты Қазыбек би аудандық сотында 7 алаяқтық дерегі бойынша айып тағылған 32 жастағы қарағандылыққа қатысты қылмыстық іс қаралды. Шығынның жалпы сомасы 104 миллион теңгеден асқан. Бір қызығы, бұл жігіт өз «жұмысын» мешітте жасаған. Ол жәбірленушілерден бизнеске ақша саламын деп қомақты ақша алған. Күдікті ақшаны жоғары пайызбен қайтаруға уәде берген. Көл-көсір пайдаға кенелтетінін айт­қан. Алайда кейін ол міндетін орындамай, ақшаны қайтарудан жалтар­ған. Кейін сотқа жәбірленуші ретінде 7 адам қатысты. Алтауы сотталушыға 5-23 миллион теңгеге дейін ақша бергенін айтты. Жетінші жәбірленуші қымбат көлікті жалға берген. Олардың бірін күдікті заңсыз түрде үшінші тұлғаға беріп, көліктің иесіне 35 миллион теңге шығын келтірген. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Ол сотта жәбірленушілерді алдағысы келмегенін, Қытайдан арнайы техниканы жеткізу үшін бизнеске ақша салғанын айтқан. «Мен бизнестегі серігіме алданып қалдым, соның салдарынан адамдарға ақшаны уақытында қайтара алмай қалдым» деген күдіктіге сот сенген жоқ. Судья оны аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыптап, 6,6 жылға бас бостандығынан айырды.

12 онлайн несие рәсімдеген

Интернет-алаяқтар Қарағанды тұрғыны Антонина Надежкинаның атына бір жылға жуық уақыт ішінде 12 онлайн несие рәсімдеген. Қарыздың жалпы сомасы 740 мың теңге, жылдық пайызын есептегенде миллионнан асады. Тұзаққа түскен Антонина Надежкинаның өзі қара тізімге қалай кіріп кеткенін білмей қалды. Ол осы уақытқа дейін берешек уақытын кешіктірмей төлеп келген. Бірақ былтыр оған алғаш рет микрокредиттік ұйымнан хабарласып, несие мерзімін кешіктіргенін айтып хабарласқан. Осыдан кейін қо­ңырау­лар жиі келетін болған, қазір тіпті коллекторлар хабарласады екен. Қазір әйелдің атында 12 онлайн кредит бар. «Бұл сұмдық қой. Денсаулығым да керемет емес, дәрілер сатып алу керек. Ал енді мына мәселені шешу үшін менің қанша ақша жұмсап жатқанымды білсеңіздер ғой. Мұндай жағдайға тап болған мен ғана ма, олай болуы мүмкін емес. Теледидардан, басқа жерден көретін едім, адамдар шынымен қақпанға түсіп, пәтерлерінен айырылып, қаңғыбас болып кететінін» деп зар жылады Антонина Надежкина. Әйелдің айтуынша, оның өмірі сотқа арыз жазумен өтіп жатыр. Антонина несиелердің ЖСН нөмірі бойынша берілгенін анықтады. Ол полицияға шағымданды, қылмыстық іс қозғалды. «Бәрін анықтау керек, қайда, кімнен, қанша алынды. Аталған келісімшарттың дұрыс емес екені туралы азаматтық тәртіп бойынша сотқа жүгіну керек», – дейді адвокат  Илья Махлов.

Түйін:

Әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, артынан сергелдеңге түскендер саны артып келеді. Мамандар да соңғы жылдары алаяқ­тардың құрбаны болғандар  күрт өсті дейді. Алданған азаматтардың көбі құжаттарын жоғалтқан немесе белгісіз сілтемеге өтіп, жеке мәліметтерін бергендер болып шыққан. «Уақтылы шара қолдану үшін кредиттік тарихыңызды үнемі бақылап отыруды, кредиттік бюроға жүгінуді ұсынамыз», –  дейді Қарағанды қаласындағы Қаржылық реттеу агенттігі Өңірлік өкілдер басқар­масының бастығы Анна Ридель.

Абай болайық. Арбалып қалмау – сақ­тықта! Instagram, Facebook, WhatsApp-ты байқап қолданайық, әйтпесе алаяққа ұры­нып, «қақсап» қалуымыз бек мүмкін.

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы