21 жастағы қазақстандық жас ана сәбиін 300 мыңға сатпақ болды
21 жастағы қазақстандық жас ана сәбиін 300 мыңға сатпақ болды
299
оқылды

Елімізде бауыр еті баласын ақшаға сататындар мен бөтен біреуге бере салатындар көбейді. Тіпті, кейбіреуі әлі дүниеге келмеген сәбиді саудалап, әлеуметтік желіні шулатып жүр. Сондай-ақ жетімдер үйінен асырап алған баласын кері қайтаратындар да жиі кездеседі, деп хабарлайды "Астана" арнасы. 

Қазір сәбиін саудалайтындар көп. Ғаламторға «бала асырап аламын» деп жазсаң болды, өздері-ақ хабарласады. Мысалы, ішіндегі баласын 300 мың теңгеге беремін деген келіншектің жасы небәрі 21-де. Айтуынша, ресми некеде болып, кейін ажырасып кеткен. Дәм-тұзы жараспаған жұптың бір қызы бар. Дімкәс. Оны емдету үшін құрсағындағы сәбиін сатпақшы болыпты. Бұл бір ғана мысал, ал қоғамда мұндай жағдай жиі кездеседі. Шақалақ жарық дүние есігін ашпай жатып, тағдырдың тәлкегіне түссе, жетімдер үйіндегілердің де жағдайы мәз емес. Асырап алынған балалардың да қараусыз қалып, мемлекетке кері қайтарылғандары бар.
"Бүгінгі таңдағысы — 4 254 бала. Бірақ, жыл сайын бұл жетімдер үйіне балалар жан-жақтан келіп жатады. Отбасылық тәрбиеге беріліп жатады. Түсіндіңіз бе?! Осындай жылына 1 000 шақты бала. Бір жылы 974 болады, бір жылы 1 100 болады. Яғни, орташалап алғанда — 1000 шақты бала", — дейді ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Маманның айтуынша, ата-ананың баладан бас тартуына бірнеше себеп бар. Бастысы — қаражаттың жетіспеуі, ал кейде — екі тараптың тіл табыспауы да түрткі болады, дейді.
"Басты себеп — бірегейі деп айтуға болады: ата-ана мен баланың өзара тіл табыспауы. Неге? Себебі, болашақ ата-аналар балалы болудан бұрын алдын ала психологиялық тұрғыда дайындықтан өтпеудің себебі", — дейді ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Мәселені шешудің бір жолы ретінде былтыр Алматыда бейби бокс ашылды. Бұл көкек аналардың баланы көшеге, қоқыс жәшігіне тастамауы үшін, сәбилердің қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылған еді. Бірақ, арнайы орынға осы уақытқа дейін ешкім бала қалдырмаған. Керісінше, безбүйрек ананың жауыздығынан даладағы ит-құсқа жем болғандар көп.